№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сын күшейсе – сапа артады

Сын күшейсе – сапа артады

   Дені сау, танымы терең, талғамы биік, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – кез-келген мемлекеттің басты бағыты. Демек, ұлттың бүгіні де, болашағы да саналы һәм сапалы ұрпақтың қалыптасуына байланысты. Осы ретте, мектепке дейінгі мекемелердің ұрпақ тәрбиесінде ерекше рөл атқаратыны белгілі. Дегенмен, «балабақшалар талапқа сай жұмыс жасап жатыр ма?» деген сауал жиі қойылады. Сондықтан, облыс бойынша осы және өзге де мәселелер жөнінде жұмыс тобы құрылып, аймақтағы барлық балабақшаларға тексеру жүргізген. Нәтижесінде, Жаңақорған ауданындағы бөбекжайлар жайы Жайылмадағы №195 мектеп-гимназиясында жан-жақты талқыланды.

    Жиынға аудандық білім бөлімінің мек­тепке дейінгі білім беру ісі бойынша әдіс­керлері мен аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы мамандары және балабақша меңгерушілері, жеке балабақша құрылтайшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілісте алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков:
   – Ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың шын мәнісіндегі тұлға болып қалыптасуы қыруар уақыт пен зор жауапкершілікті қажет ететін, ауқымы кең жұмыс. Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердің саны көп екені барлығымызға белгілі. Бірақ олардың сапасының қаншалықты екенін білу өте маңызды. Осы мақсатта облыстық жұмыс тобы құрылып, олар балабақшалармен жаппай танысты. Бүгінгі жиын сол жұмыстың қортындысы болмақ, – деді.
Одан кейін Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
   – Халықаралық эксперттердің талдау­ларына сүйенсек, балаға инвестиция неғұрлым ерте салынса, оның келешегі соғұрлым жақсы болады. Яғни, ол келешекте жақсы жұмыс жасайды, өмірде табысты болады, салықты басқаларға қарағанда 7 пайыз көп төлейді. Мұндай тұлғаға мемлекет тарапынан қосымша әлеуметтік шығындар болмайды. Соның нәтижесінде мектепке дейінгі білімге салынған қаржы, экономикаға келешекте 8 есе көп табыс алып келеді екен. Демек, біз бүгінгі бар күш-жігерімізді баланың дамуына аянбай жұмсауымыз керек. Сонда болашағыз сөзсіз жарқын болады, – деді Майра Тұрғанбайқызы.
    Оның айтуынша, облыс бойынша мек­тепке дейінгі ұйымдар желісі құрылған. Жалпы, Қызылорда облысында 662 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде 102 балабақша Жаңақорғанда орналасқан. Осы балабақшалардың 26-сы мемлекеттік, 76-сы жекеменшік. Оның 42-не бейнебақылау камерасы орнатылған. Аталмыш мектепке дейінгі мекемелерде 5114 бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда аудан бойынша осы мекемелерде 844 педагог қызмет атқаруда. Оның 633-і жоғары білімді болса, 13-і жоғары санатты, 91-і І-санатты ұстаздар. Демек, саннан сапаға көшіп, тәрбиешілердің біліктілігіне мән беретін уақыт жетті. Мектепке дейінгі ұйым ұстаздары да уақытпен санаспай біліктілігін арттырып отыруы керек. Өйткені, бүгінгі талап осы. Балабақша баланы мектепке дайындап жіберуі тиіс. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала ой-өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, өзінің білім алуға келгенін түсінуі керек.
Сондай-ақ, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Мырзағалиева мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін заңнама тұрғысынан реттеу тетіктері жайлы сөз қозғаса, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің балалар және білім беру нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Алма Шуақбаева «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы жайында» тоқталды. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева «Мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру» жайлы айтты.
   Сонымен қоса, Астана қаласынан арнайы келген «Интеллектум» қосымша білім беру орталығының тренер-психологы Мақпал Үсенова баланың ой-өрісін дамытатын жаңа әлемдік деңгейдегі ойын түрлері жайында айтып, ол ойындарды бала қалай ойнайтынын арнайы құрылғылары арқылы көрсетті.
   – Біз әлем балаларының тұтынатын ойын түрлерін әкеліп отырмыз. Әлем балалары ойнап жатқан бұл ойыншықтарды неге біздің балалар ойнамасқа. Бұл – ұстаз үшін де таптырайтын дидактикалық құрал болып табылады. Ойын түрлерінің бағасы әр түрлі. 350 мыңнан басталып одан әрі жоғарылай береді. Егер белгілі бір балабақша ұжымы осы ойын түріне қызығып, сатып алатын болса, ол балабақшаға біздің маман арнайы келіп, педагогтарға тренинг жүргізеді, – дейді Мақпал Мәдениетқызы.
Жиын барысында байқағанымыз, алдағы уақытта барлық мектепке дейінгі мекемелер мемлекеттік стандартқа сай жұмыс жасауға міндеттеледі. Балабақшалардың бала тәрбиесі жөніндегі сабақ жоспарынан бастап, олардың күнделікті күтімі, тұтынатын тағамы, қолданатын ойыншықтарына дейін қатаң бақылаудан өтетін болады. Енді “электронды балабақша” автоматтандырылған жүйесінің дейінгі ұйымдар желісінің бір баланы бірнеше балабақшаға тіркеу тоқтайды. Яғни, балабақшада шын мәнінде қанша бала тәрбиеленіп жатқаны айқын көрінетін болады. Сондай-ақ, барлық балабақша бейнебақылау камерасын орнатуға міндеттеледі.
11 желтоқсан 2018 ж. 763 0