№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ – БАЛАБАҚША

ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ – БАЛАБАҚША


Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Жас ұрпаққа тәрбие беруде бүгінгі бөбекжайлардың маңызы зор. Осы орайда, ауданда бірнеше жеке балабақшаның жұмыс жасайтыны әмбеге аян. Осындай бөбекжайдың бірінің өмірімен таныспақ ниетпен «Мейірхан» бөбекжай жеке балабақшасына бас сұқтық.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің заманға сай жабдықталуы бізді қатты қуантты. 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан балабақшада қазіргі уақытта 35 бала тәрбиеленуде. Мекемеде 22 қызметкер жұмыс жасап, балалардың дұрыс білім алу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Балабақшаның мұнтаздай таза бөлмелерінен олардың тазалықты алдыңғы орынға қоятынын аңғардық. Бастысы – балғындардың тәлімді тәрбие алып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалыпты. Біз барған уақытымызда тәрбиеші Салтанат Садықова «Еркетай» тобына «Көңілді жаз» тақырыбында сабақ өткізіп жатыр екен. Тәрбиешінің көрнекілік құралдарды көп пайдаланып, түрлі ертегі кейіпкерлерінің макеті арқылы баланы жалықтырмай сабақ үйретіп, оларға үш тілді меңгеруге атсалысуы балабақшаның сапалы білім беретінінің айғағы болды.
– «Еркетай» екінші кіші тобында 15 бүлдіршін бар. Топ балалары кіші болғандықтан оларға әр сабақты ойын түрінде түсіндіремін. Жалпы, осы жастағы балалар үйреткен сабақты тез меңгереді. Балалардың көңілі көтеріліп, сергісін деген мақсатта жиі ән айтқызып, би билетемін, – дейді Салтанат Әбдірашитқызы.
Иә, мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің атқарар ісі ұшан-теңіз екені рас. Қоғамның кішкентай мүшелерінің ертеңгі күні елдің нағыз отансүйгіш, елжанды азаматы болып қалыптасуына алдымен ата-ана жауапты десек, сол тәрбиені ары қарай ұштап, бала санасына сіңіруде балабақша тәрбиешісінің де төгер тері аз еместігі белгілі.
– Біздің балабақшада ережеге сай екі топ жұмыс жасайды. Балабақша 50 орындық. Қазір 35 бала тәрбиеленуде. Тәрбиешілердің барлығы білікті мамандар. Ата-аналармен жақсы қарым-қатынастамыз. Әр ата-ананың бізге артқан сенімін ақтап, балаларына сапалы білім беріп, олардың нағыз азамат болып қалыптасуында бүкіл ұжым болып атсалысып келеміз. Балалардың үш тілді үйретіп, 1-сыныпқа дайын етіп жібереміз. Әр жыл сайын топқа бүлдіршіндер толығымен келеді. Бұл – ата-аналардың біздің еңбегімізді бағалап, бізге деген сенімдерінің арқасы деп білеміз, – дейді Гүлжазира Тұрғанбаева.

Р.S.: Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген нақыл қалған. Демек, өркениетті елдердің қатарынан қалыс қалмай, озық отыздыққа енуіміз үшін балалардың жағдайын жасау бірінші кезектегі шаруа. Ал, мектепке дейінгі мекемелердің заманға сай болуы – тәрбие мен білімнің бастауы. Осы тұста, жеке бөбекжайлардың стандартқа сай жұмыс жасауы көңіл қуантарлық жағдай.

Айсұлу АЖАНХАНҚЫЗЫ.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 748 0