Әділхан атаның бауы
Әдетте ауылды көгалдандыруда, ағаш егіп, жасыл желек жайқалтуға арнайы маман қарастырып, мүмкіндік болса техникамен де толығатын еді. Бірақ, Жаңарықтағы Әділхан ақсақал туған өлкені жасылдандыруға өз күш-жігерін жұмсап, ауылдың ажарын кіргізуге тырысып келеді. 70 жастан асып, сексенге қадам басқан ауыл қариясының бұл бейнеті жастарға деген қамқорлық, ауылға деген шынайы махаббаттың нәтижесі деп қарағанымыз жөн. Мемлекеттен қаржы сұрамай, өзі күтіп-баптап, шамасы келгенше жұртқа жәрдемші болып жүрген ел ағасын арнайы іздеп бардық.
Ауылдан шығып, Өзгентке бет алсаңыз, жолдың сол жақ бетінде бау жайқалып тұр. Аумағы 3 гектар болады. Еңбек адамын шаңырағынан емес, сол ағаштарының саясынан жолықтырдық.
– Ассалаумағалейкум, амансыз ба?
– Аманмын, қарақтарым, келіңдер, бақсам газеттен келдіңау деймін.
– Дұрыс айтасыз, елден еңбегіңізді естіп, жасап жатқан жақсылығыңызды көруге келдік.
– Рақмет, айналайын. Міне, менің соңғы екі-үш жылдан бергі ермегім, әрі еңбегім осы. Бұл бір гектар аумақ осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдік тарапынан салынған. Бірақ, қараусыз қалып, ағаштары мал азығына айналып кеткен еді. Ауылға Ақжан балам әкім болып келген соң, өтініш айтып көрдім. Әкім бірден демеп, әкімдік жігіттері, ауылдағы ағайын қолдап аманат етіп тапсырды. Аманатқа қиянат жасамай, күн-түн демей ағаштарымды балаша күтіп-баптаудамын.
Еңбек ардагерінің бағында «қызылағаш» өсіп, биіктігі 6 метрге жетіп тұр. 2 жылдың ішінде осынша әуелеген ағаштың қандай қасиеті барын білдік. Бұл ағаш бәрінен бұрын бесік жасауға таптырмас құрал. Одан бөлек, айыр, кетпен, күрек саптауға да өте құнды дүние. Қарияның сөзінше түзу бұтақтарын қажетіне жарататын тұрғындар алып кетеді екен.
– Бұл ағашты мал, әсіресе, сиыр малы қоймайды. Сондықтан, қоршалап, күніне екі-үш мезгіл көріп кетемін. Бұл бір қоршаудағы тіршілік, келесі қоршауға қызылағаштан бөлек жеміс көшеттерін отырғыза бастадым. Бұл ісім өз перзенттеріме емес, ауылдағы өскелең ұрпаққа мирас болып қалсын деген ой менікі. Өйткені, шариғатта ағаш егудің де сауабы өте мол, – деді Әділхан атамыз.
Иә, Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (ғ.а.с.) «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген хадис қалыпты. Пайғамбарымыздың (ғ.а.с.) ағаш отырғызу ісіне ерекше маңыз бергенінің мәні бар. Себебі, ағаш адамзатқа теңдесіз, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты. Бұл дәстүр бізге бабадан келе жатқан аманат деуге болады. Алла елшісінің тағы бір хадисінде: «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» (Бұхари) деген ұлағаты еске түседі.
Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Тіпті, Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар. Бізде тек Наурызда, ерте көктемде қолға аламыз. Ал, кейіпкеріміз болса ауыл ішіне де ағаш отырғызуға ынталы.
– Бұйырса келер жылы тағы да ауыл қақпасына дейінгі аумақта, бірнеше гектар жерді қоршалап беруге құжатын дайындап жатырмыз. Ағамыз тек қызылағаш қана емес, жеміс ағаштарының барлық түрін егуді жоспарлап отыр. Биыл алма мен шиені ғана орналастыра алды. Бұл кісінің тракторы бар, өзі шөпшалаңды шауып, тазартып отырады. Жазда саялап, күзде жемісін жеуге, осында ауыл адамдары жиі атбасын шалады. Сондықтан, ауыл халқы алғыстан басқа айтары жоқ, – деді бас маман Серікбай Құлатаев.
Кезінде қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарған қария 70-тен асқан шағында осылай елге қызмет етуде. Өнеге боларлық іс. Қарты бар елдің қазынасы мол деген осыау шамасы.
Сөз соңында тағы бір мысал болсын. Ертеде бір қарақшы тәубе еткісі келіп, Шайқы Бұрқы әулиеге жолығады.
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды.
Шайқы Бұрқы:
– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.
Көп ұзамай жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, бір бақшаға кезігеді.
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.
Шайқы:
– Ей, Алла, бұл не хикмет? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды.
– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ақыретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Түйін: Тал ету тек зейнеткерлердің ғана ермегі емес, бұл әрбір жан үшін сауапты іс...