БАҒБАН

Егін шаруасына жаңа техникалар енгізіп, мол өнім алу аграрлы саланың озық үлгілерінің бірі. Әсіресе, лазермен жер тегістеу, дәнді дрондармен дәрілеу мен қоса өнімді шашпай-төкпей жинап алуда тың әдістерді, заманауи технологияларды қолдану үлкен олжа болып тұр. Оның нәтижесін жыл сайын алынған жоғары өнімнен көріп келеміз. Алғаш рет ауданға осы технологияларды алып келген түгіскендік жас кәсіпкер Бағлан Мамыров болатын. Күріштің әр гектарынан 100 центнерге жуық өнім алған ол биылғы жылдың «Үздік күрішшісі» атанды. Сәтін салып, аққорғандық кәсіп иесінің шаруасын көзбен көріп қайттық.
Биыл аққорғандық ағайын үшін табысты жыл болды. Ауыл дала тіршілігінде төбе көрсетіп, аудан бойынша чемпион атанды. Бұл тек басшылық пен кәсіпкерлердің емес, бүтіндей ауылдың ортақ жеңісі. Қазақта «күтімді егін бітімді, бітімді егін түсімді» деген мәтел бар. Рас, жерге тастаған әрбір түйір дәнге баладай күтім жасап, бабын баптап өсіргеннен кейін ол өнімі табысты, түсімді болады. соның нәтижесінде ауыл ажары да, абыройы да артады. Міне, соның куәсі болдық, осы жетістіктің ішінде біздің кейіпкеріміз де өзгеден озық шығып, дараланды. «Диас ЕБ» деп аталатын шаруа қожалықтың төрағасы Бағлан диқан биыл 40 гектарға жуық жерге күріш дәнін тастап, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Іргетасының қаланғанына 7 жылдан асқан шаруа қожалықта маусымдық кезеңде ауыл тұрғындары қолғабыс болады.
Дарын ӨСЕРБАЙ