№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАҚ ӨСІРГЕННІҢ БАҒЫ ЖАНАДЫ

БАҚ ӨСІРГЕННІҢ БАҒЫ ЖАНАДЫ

  «Егер бір адам бір ағаш отырғызса, амал дәптеріне отырғызылған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген хадисте. Сондықтан, қазақ халқы «атадан мал қалғанша тал қалсын» деген даналықтың парқын ұрпағының бойына сіңірткен. Баба аманатына адалдық танытып, сауапты әрекет жасап жүргендер баршылық. Біздің бүгінгі кейіпкер сексенге аяқ басқан шағында туған өлкеге бау тұрғызып, бағбандық өнерді дамытып келеді. Иә, біз сөз еткелі отырған кісі Бесарық ауылдық округіндегі «Пәзілбек қажы бауына» қажырлы еңбек сіңірген екен.

  Еңбекқор қарияның бағын көрмекке Бесарықты бағытқа алдық. Ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев күтіп алып, Бесарық су қоймасына қарай жол бастады.
– Ауылда бауы бар тұрғындар көп. Себебі, ауа-райы ағаш өсіруге өте қолайлы. Қазіргі кезде Пәзілбек қажының бауы ең үлкен, әрі өнім беру жағынан да алдыңғы қатарда, – деді әкім.
Расында, алыстан қарағанда баудың сұлулығы көз тартады екен. Жеміс ағаштары гүлдей бастапты. Ал, бау іргесінде орналасқан шырша ағаштары жасыл желекке бөлеп тұр. Бізді қарсы алған қажының немересі Айжан Матханова:
– Қазір бақта 2500-ден аса жеміс ағашы бар. Көбісі алма ағашы. Өрік, қараөрік пен жүзім де аз емес. Жалпы, ағаш көшеттерін 5 жыл бұрын отырғызғанбыз. 2017 жылы алғашқы жемісін берді. Былтыр да жақсы өнім берді. Күтімі жақсы болғандықтан биыл да мол өнім береді деген ойдамыз, – деді.
Күтімі демекші, бұл ағаштарға Алматыдан арнайы мамандар келіп күту-баптау жұмыстарын жүргізіпті. Өйткені, алма ағаштары өте нәзік келеді екен. Біз бұл туралы толық мән-жайды қажының ұлы Ғалымжан Орынбасаровтан білдік.
– Жалпы ағаш көшеттерін отырғызбастан бұрын бір жыл зерттедім. Сарыағаш ауданындағы Қапланбек елді-мекенінде Танабай Шынтасов деген академик болған. Зерттей келе сол кісінің 99 гектар жеміс ағашының ғылыми зерттеуден өтіп, таза өнім беретінін естідім. Содан 2014 жылы көшет алып, отырғыздым. Бір қуантарлығы жыл сайын Алматы қаласындағы институт ғалымдары ағаштарды арнайы тексеріп тұрады, – деді ол.
Иә, әке жолын жалғаған үйдің кенжесі 6 гектар жердің 1 гектарын жүзім, қалған 5 гектарын жеміс ағашына арнаған. Бізді қызықтырғаны осыншама ағаштың жемісі қайда кететіні.
– Негізі әкеміз бұл жеміс ағаштарын кәсіпкерлік бағытта емес, әдемілік үшін, ұрпаққа аманат есебінде қалдырды. Яғни, өзінің сүйікті ісі ретінде айналысады. Былтыр өнімді ауылдағы ағайын-туыс пен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратып бердік. Биыл да сол үрдісті жалғастыратын боламыз, – деді Ғалымжан Пәзілбекұлы.
Иә, ауыл басшысы да бұл сөзді қолдады. Себебі, ауыл ақсақалы ретінде қажы ата үнемі ауылдағы қайырымдылық шараларына мүмкіндігінше қатысып, қолынан келген көмегін аямайды екен. Айта кететіні, ата ұлдары алдағы уақытта мал шаруашылығына да дем беріп, төрт-түліктің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Орайы келгенде, ауыл азаматтарынан жеміс ағашының құнарлылығын сұрағанымызда:
– «Пазылбек қажы бауы» алмаларының дәмі ерекше. Оны жеген адам ғана түсінеді. Өйткені, әрбір ағашқа ерекше күтім жасалып, ыстық ықылас сіңіріледі, – деді Нұрсұлтан есімді ауыл тұрғыны.

  ТҮЙІН. Қырық жыл темір жол саласында еңбек етіп, болат жолдың бағбаны атанған Пазылбек қажы Орынбасарұлының ғұмырнамалық жолынан бақ өсірген бағбан, көпшіліктің тілеуін алып, қос дүниенің бақытын сезініп, бағы жанатынын пайымдап қайттық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
24 наурыз 2019 ж. 2 080 0