№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕРДІ АЯЛАҒАННЫҢ НӘСІБІ АРТЫҚ

ЖЕРДІ АЯЛАҒАННЫҢ НӘСІБІ АРТЫҚ

Күн арқан бойы көтерілген сәтте, бақша басынан кетпенін арқалап келе жатқан сексенді алқымдаған ақсақал Бегайдар Нұрсұлтанов көзіме оттай басылды. Әкесі екінші жаһандық соғысқа аттанып, жетімдіктің зардабын әбден көрген Бекеңді жоқшылықтан да, аштықтан да, барша қиындықтан да құтқарған кетпеншілік кәсібі екендігін білетінбіз. Шындықты бетке айтатын Бекеңнің бау-бақшадан бусанып келе жатқан сәтін тиімді пайдаланып, таңғы шықтай таза сырын білуге асықтық.

  – Мен Жаңарықта сол кездегі Поли­тотделде жетінші сыныпты бітір­ген соң кетпеншілікті бастадым. Колхозға кіріп, жүгері егудің маманы болдым. Ауылға су жіберемін. Бау-бақша өсірумен айналыстым. Мына кетпенімді Политотделдегі Сәрсембай деген ұста, бидай оратын комбайнның дискісінен жасап берген болатын. Жарты ғасыр рахатын көріп келе жатырмын. Өзім секілді тозыңқырап қалды. 1959 жылы Бәйгеқұмда 187-ші училище ашылды. Сонда трактор, ауыл шаруашылығы машинасын меңгердім. Соның арқасында Политотделдегі 30 гектар жерді трактормен жыртып, жүгері егіп, қара күзге дейін оны комбайнмен сүйреп орып алып, сүрлем бастыруға дейінгі жұмыстарды техникамен атқардым. Дариядан сорғымен су шығарып суғарамын. Бес жыл осы жұмысты атқардым. Содан кейін Бірлік ауылына көшіп келдім. Сосын Қазалыдағы бухгалтерлік есеп техникумын бітіріп, сауда саласына біржола шықтым. Бірақ ешқашан кетпенімді арқамнан тастаған емеспін. Мен кетпеннің арқасында жоқшылықтан, аштықтан аман қалдым. Ағаш егуге кішкентайымнан құмармын. Қыркеңседе бақша ектім», – деп әңгімені әріден бастады.
– Осы өзіңіз тұрып жатқан Қаратау беткейіне қандай дақылдарды өсірген қолайлы деп ойлайсыз? – деп сауал тастадық кәнігі диқанға.
– Бірлік ауылының ұлтанында картоп, сәбіз секілді жер астында түйнейтін дақылдар дұрыс жетілмейді. Бұл жерге қауын, қарбыз, жүгері талдың, жеміс ағаштарының барлық түрін ексе – жылдам жетіледі. Жері кебір емес. Мен осы көктемде бір өзім өзеннің сәмбі талының 120 түбін отырғыздым. Қазір жарты метрден биік. Көгеріп, жапырағы жалбырап өсіп келеді. Келешекте баламның бақшасының сыртына қараталдың көшетін еселеп ексем деген арманым бар. Өйткені, ол өте тез өседі. Отынға да, құрылысқа да пайдалануға қолайлы. Бақшаның ішіне жеміс ағаштарының түр-түрін егуді жоспарлап жүрмін. Бұрындары осы маңда «Пәзілбектің бауы», «Бегеннің бауы» деген алма, жүзім, өрігі мол бау-бақшалар болған еді. Сол қарттарымыздың ескі сүрлеуін жаңғыртсам деген ойым бар.
– Ұлғайған шағыңызда шамаға артық жүк арту ауырлық етпей ме?
– Керісінше, жеңілдеп қалам.Ондай пікірлер сыртымнан айтылып қалады. Мен кетпен шапсам, жүдә терлеп, денем балбырап, буыным бекіп, бір рахаттанамын. Қазір ойлап жүрмін. Бұрын совхоз бар кезде бес гектар жүзім алқабы болатын. Оны Пернебай деген ақсақал Ташкеннен тұқымын әкеліп өсірді. Соны дұрыс пайдалана алмадық. Жүзімді он гектарға дейін өсіріп, оны сататын кез қазір туып отыр. Су да жеткілікті. Техника да бар. Өзімнің үйімнің маңында 100 түпке жуық жүзімім бар. Енді болашақта жаңа бақшаға 200 түп жүзім отырғызбақпын. Өйткені, бір шоғырының өзі екі-үш килоға дейін баратын сұрыптары бар. Көрдім. Шамам келмесе жігіттерді жинап асар әдісімен екпекпін. Оның қиындығы қысқа шыдамайды. Қыста жұқалап көмсе, түк те қылмайды.
– Істі дамытуда неге сүйнесіз?
– Қарыз атаулыны ешқашан алған емеспін. Құдай, қуат берсін! Жарты ғасыр серік болған мына кетпенімнің жүзі мұқалмасын деп тілеймін. Үкіметке алақан жаюды ойлап тұрған жоқпын. Расын айтқанда, жасым сексенге келгенде келеңсіздікке киліккім келмейді. Оның сыртында кепілдікке қоятын да мүлкім жоқ. Осы екі гектар жерге жүзім ексем, ауылдың ойын-тойына түгел жетеді. Ауылдықтардың әрбірінің қарасында алма, өрік, жүзім, қияр, қызанақ, асқабақ деген шіріп жатады. Соны көріп ішім қан жылайды. Шіркін-ай, қалалықтар алақандай жерінен өнім алу үшін саяжайда жаз бойы еңбектенеді. Біз жердің берген ризығын рәсуа етеміз. Осы әкімдік жастарға сеніп тапсырып, технологиясын тауып, бақшалық өнімдердің бәрін өңдеп, ұқсатып шырын, тосап жасап сатуға шығарса мол қаржы түсіруге әбден болады. Қолына бір ақша тисе келін-кепшіктер де өздері ұмтылады. Жерге еңкейгісі келмейтін кесірліктің аяғы жұтатып бітеді. Жерді аяласаң, ол да өнімін аямайды!
Иса БЕРКІМБАЙ.
08 маусым 2019 ж. 743 0