Көзін білген көш бастар
Титтейінен темірдің тілін түсініп, техникаға жақын өскен мақсаткер тұлға сол жолдан жаңылмай, кәсіпке адалдығын танытып келіпті. Бала күнгі арманын ақтап, тыңғылықты мамандық алғандығының арқасында жарты ғасырға жуық халыққа қызмет қылып, абыроймен зейнетке шыққан ол бүгінде қартайдым, енді болдым, ешнәрсеге араласпаймын, демалайын десе де елге қажеттігін сезінгенде кәдімгідей көңілі сергіп, көтеріліп қалады. Бұл кісіні, яғни, Ағманұлы Таңат қарияны көпке танымал еткен өзі негізін қалап, аяғынан тік тұрғызған «Сарман-Тастақ Жаңақорған» тас майдалау зауыты. Тастақ – жердің ежелгі атауы, ал Сарман деген бұл кісінің бабасының аты. Ата есімін жаңғыртуда әр перзент осылай еңбектенсе ерлегені-ау. Ағамен емен-жарқын сұхбаттың үстінде біз әуелі осыны мойындадық.
Бір салада қырық төрт жыл табан аудармай қызмет етіп, бейнетінің зейнетін көруге толық қақысы бар кісіге кімнің міндеті бар, сондай тоқмейіл қалыппен бір күні орталық саябақтың ішімен жайбарақат келе жатқан оны сол кездегі аудан әкімі орынбасары Алмас Нәлібаевтың көріп қап, шаужайдан алып, шынымен қиналғанның жоралғысы, шаруа жайын арта айтқан базынасы иығына таудай салмақ арқалатып жіберді. Сондағысы, ауданның өз күшімен кент орталығындағы көлдің бетіне өткел салу керек, соған материал іздеп шыққан беті, істің көзін табатын өзіндей кісіні көріп тұрып, өлсін бе, көнеден келе жатқан көреген көңіл қолқасын жықпай, көмек қолын созарына да үмітті. Осылайша, қарап жүріп қарақан басына міндет арқалаған ақжүрек аға отбасына кеп, қиылғандай боп бала-шағасымен ойын бөлісті.
«Мына ескі СМУ-дың орнынан жалға жер алып, бетон құятын кәсіп ашайық» деді. Екімыңыншы жылдардың кезі. Мекемелердің бәрі жаппай қысқарып, жекешелену саясаты жүріп жатқанымен жеке-дара бел шешіп, кәсіп ашып, жұмысы жүріп кеткен ешкім жоқ, бірлі-жарым кредит алып ашқандары әшейін көз алдау, ақырында банкрот боп әлі тірліктің бұрауы келіспей тұрған кез. Тәкең екі жүз елу мың теңгеге ескі болса да бетон құятын құралын тауып кеп, балашағасымен жұмылып, бетон құбыр құюға кірісіп кетті. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жамур Мүсілімовтың «живой» жұмыс істеп жатқан бұлардың жұмысын жалаулатып, жоғарыдан келген өкілдерді осы жерге әкеліп көрсетіп жүргені сол кез. Ашық алаңда емес, арнайы орында жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу үшін енді бұларға бастырма тұрғызып алу қажет. Ол келгендер төмен пайызда 9 миллион теңге кредит алуға көмектесетін болды. Алғашқы кезде ірі тәуекелдерге психологиялық дайындықтың кемдігі ме, жүрексініп, ірі көлемнен бас тартып, 3 миллион теңге алып, қажетті жұмысын бітіріп алды.
Бетон құю үшін не керек? Тас керек, цемент керек, құм керек, онда да сапасы мықты жуылған құмды алу тәсілін білетін маманның бірі өзі. Бұл кісі еңбек жолын тұтас осы салаға арнап, бір орында -аудандағы шевзаводта еңбек етіп, зейнетке шыққан кісі ғой. Жаңа кәсіпке тыңнан түрен салып, жолбасшы болып отырғанының мәнісі де сол.
Бала жасынан таңдаған мамандығы бойынша алдымен Қызылорда гидромелиоративті техникумда оқыпты, одан соң Ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы Торғайда бастапты. 1967 жылдан бастап Жаңақорғанға шевзаводқа келіп, механик, бір жылдан соң аға механик, одан соң тау-кен учаскесінің бастығы, техника қауіпсіздігінің инженері, кейін аудандағы автоколоннаның бастығы, ол тарқағаннан кейін шевзаводқа қайта оралыпты. Бұл кезде едәуір мәнісі кеткен мекемені қайта жарақтап, аяққа тұрғызып, жаңа «КазПром - Қызылорда» атауымен аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосқан кезеңдер де болды. Сол жылдары жол құрылысына келген қытай компаниясының карьер басшылығымен келісімге келіп, техникасын әкеліп, бірге жұмыс жасау нәтижесінде табыс та артты. Жұмысшылардың айлық жалақысы көтерілді. Кейін істің көзін білетін байырғы мамандардың орнын жаңадан келген жастар жалғағаны жақсы-ау, бірақ жұмыстың жүйесін білмеді ме, мекеме тірлігі кері қарай кетіп, ақыры банкрот болып тынды.
Мақаламыздың басында айтылғандай, бұл кісіні көргенде өндіріске жауапты мамандардың жата жабысқан жағдайының сыры енді түсінікті болған шығар? «Шешінген судан тайынбас» дегендей, біздің кейіпкеріміз 2002 жылы өзі ашқан бетон құятын шағын кәсіпкерлігін аяққа тұрғызып, жұмысын бір жолға түсірген соң енді онымен тоқтап қалмай, екінші бір өндіріс көзі – құм жуатын зауыт ашуға бел буып кірісті. Ауданда түрлі құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Сапалы құмға сұраныс зор. Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша оған рұқсат беретін СПК-ны Асқар Мырзахметов басқаратын. Шымкентке құжаттарын алып барып, сол кісінің алдында жобасын қорғап шығуы керек.
Жер қойнауын ашып, грабийді алу, одан қиыршық тасты шығару мен жуылған құмды өндірудің тәсілін дәлелдеп, үш бөлімнің алдынан өтті.
Бұдан бұрын облыстық экономика бөлімінен алған Балжан Шәменованың рұхсаты бар, талабы сәтімен оңғарылып, қарияның өз айтуы бойынша сол жолы «ТОО Сарман-Тасты» ашатұғын боп ауылға қуанышпен қайтыпты. Енді жер таңдау керек. Тау жақтан құм алып, облыстық сараптамаға жіберіп көрді. Ақыры, «Божбан-Атаның» маңы таңдалып, геологтарды шақырып, өз қаржысына барлау жасатуға тиіс болды. Олар сызып берген жер 337 га аумаққа жерге орналастыруға 810 мың теңгеге құжат жасатты.
Зерттеу нәтижесінде 90, 3 га жер жарамды боп шықты. Бұл жайылымдық жер, енді оны өндіріске айналдыру үшін әр гектарына 24 мыңнан, 6,5 миллион ақша төлеуі керек екен. Оны да төледі. Қалған жарамсыз аумағын өкімет кері қайтарып алатын шығар деп еді, заңға қайшы екен, әу баста кәсіпкердің меншігіне беруге қаулы шыққан, сондықтан ол көлемге де 5 млн 661 мың теңге қосымша ақысын төлеуі керек. Кеңес Одағы кезінде экспедиция жүргізген жұмыстың шығыны 1,840 мың доллар, оны да жылдарға бөліп өтеп біту керек екен. Сонымен 2035 жылға дейін осы аумақ меншігіне берілді, жер өзінікі, не істеймін десе де қолынан ешкім қақпайды. Белді бекем буып, жұмыс жасауыңа болады. Бірақ инфрақұрылымға қыруар қаржыны кім береді? Шағын электр станциясымен жұмыстың өнетін түрі жоқ.
Аумаққа электр желілерін тарту жөнінде ізденіп, аудан, облыс басшылығы есіктерін жағалап, сүргінге түскен сегіз жылдың бедерінде өз өңірімізді былай қойғанда,ауданға келген Парламент депутаттарынан өтініш айтпаған адамы қалмады. Уәде беріледі. Нәтиже жоқ. Облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ысқақов өзі сынды кәсіпер азамат екен, осы мәселені жоғары орынға табанды қоя отырып, 37 миллион теңгені бөлдіріп, өндіріс аумағы электр энергисымен қамтылған соң зауыт жұмысы толық деңгейінде қарқын алыпты. Сол жылдары Алтынбек Шоманов өзінің жүргізіп жатқан жол құрылысы жұмысына жуылған құмға нақты тапсырыс беріп, тұрақты тұтынып келсе, Қыраш ауылында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысы қожайындары да қатар құда түсіпті. Барлығына жеткізуге, барлығына үлгіруге тырысқан карьердің жұмысы қызып, күн-түн қайнап жататын еңбек алаңына айналған. Осы қарқын соңғы төот-бес жылдың көлемінде тұрақтанып, нешеме жылғы ізденіс, төккен тер, еткен еңбектің ақталған түрі бар екен. Бірақ жүрекке түскен салмақ ізсіз қалмайтыны жаман. Денсаулығы сыр беріп, дәрігерлерден үйден көп ұзамауға нұсқаулық алған іс адамының жіпсіз байланып отырған жайы болмаса көкірегі шежіре, көзін білетін жұмысқа әлі де бас-көз болып отырған жайы бар.
Етектен шалған түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылып, тынысы кеңіп, жұмыс жүйелі жүре бастағаны жай көзге де жарқырап көрініп тұр. Өз басым, осыдан төрт жыл бұрын ғана еңбек адамының кәсіп жағдайымен таныспаққа шаңырағына соғып, сұхбаттасқанмын. Сол кездері жоғарыдағы кедергілердің шалғайдан алып тұрған кезі, кәсіпкер иығына түскен салық салмағы, қаншама төленіп жатқан өтемақылардың көлемі екі есе ауырлық әкелсе де соның бәріне төтеп беріп, өкіметтен қарыз алып болсын өз ісін аяққа тұрғыза алған қажырлылығына қайран қап қайтқам. Кеңес кезінен қалған ескі үйінде жеке бас мүддесін жиып қойып, жадау тірлік кешсе де өз есебі өзінде соншама тәуекелдікке тас түйін бекінген еңбек адамының ерік-жігеріне таң қалмасқа да болмайтын еді. Ал бүгін ... Сол ен далаға төгіп жатқан енапат инвестицияның бір бөлігін де өзінің жан рахатына жұмсап немесе жаңа үй салып алайын демей, қайткенде ойға алған асыл мұратыма жетем деп жылдар бойы жанын жалдап еткен еңбегінің игілігі енді ес жиғызып, көңіл демдегенін, көрікті әулі жайдың қақпасынан енгеннен аңдап, қаранар талаптың қалтқысыз қайырына еріксіз бас идік.
Сәулетті етіп соғылған зәулім құтханасының төрінде отырған ел ағасымен сәлемдесіп, кәсіби хал-ахуалы жайында қойған сауалымызға жасырыпжаппай ақтарған жүрек сырынан адалдық деп аталар асыл қасиет тек осындай жандардың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқанына шынайы көз жеткізгендейміз.
Нақ бүгінгі күндері өндіріс орнында 21 адам жұмыс істейтінін білдік. Техника түрінен 3 бес тонналық жүккөтергіш, 1 үш тонналық жүккөтергіш, 4 эксковатор бар екен. Бұл аумақтың құмынан бөлек, топырағы да сапалы болғандықтан көрші аудан 100-150 мың тоннаға дейін тапсырыс беріп отырады екен. Құрамында аллюминий, темір қоспасы бар көрінеді. Бүгінде облыс көлемінде салынып жатқан ғимараттар, тұрғын үйлер құрылысының фундаментіне қажетті тасты, құмды өндіріп беріп, аймақ индустриясының тынысына тіреу болып отырған осынау өндіріс орнының қалыптасуына зор еңбек сіңірген азаматтың есімі елеусіз қалып келе жатқаны қанына сіңген қарапайым мінезінен бе екен, өзіміз іздеп бармасақ өнегелі тірлік иесінің тарихы да тымтырыс қала бермек пе? Ауданның «Құрметті азамат» деген атауына да нағыз осындай ел экономикасында елеулі еңбегі бар асыл жандар лайықты емес пе? деген ой келді ағамен әңгімелесіп отырып. Осы кезге дейінгі еңбектері үшін 2007 жылы «Қазақстан Бейкен өнеркәсәбі Құрметті маманы» төсбелгісін иеленген еңбек адамының мұнан өзге көзге түсер атағы да жоқ екен.
Бәрінен бұрын адамды қажытатын, жөнсізжосықсық жолсыздықтар екеніне сексенге толған осы күндері қатты жаны жүдеп жүр екен қарияның. Жоғарыға жеткен домалақ арыздың иелері әжептеуір жұмыс істеп жатқан өндірістің тірлігін тоқтатып тексертуге пейіл. Сондайлардың арызын негізге алып, ұлттық экспертизаданбыз деп звондаған біреулер: Сіздің жердің химиялық құрамы дұрыс емес екен, сараптамаға материал жібереңіз, тексереміз дейді. Одан қала берді экологиядан, полиция бөлімінен «Табиғатты қорғау инспекторымын» деген бірі «Лицензияя алмаған мекеме екенсіз. Қалай жұмыс жасап жатсыз? деп талап қояды. Әйтеуір жұмыс істеуге кедергі көп. Оған басқа көнсе де алғащқы қазығынан бастап өзі қолмен қадаған, өз саласының білгірі, кәсібінің қыры мен сырын бес саусақтай білетін бұл ақсақалдың көнгісі жоқ. Шып-шылғи өтірік, өресі тар біреулердің жазғандарынан қаншама жан әуреге түсіп, алтын уақыт зая кететіні қандай қиын еді.
Ақсақалдың өмірден бір арттырғаны – өзі таңдаған жолдың тақтайдай соқпаққа түсіп, келешекке де мирас болуына пейіл берген перзенттері деуге болады Жары Пернекүл екеуінен өрген алты ұл, үш қыздан тараған ұрпақ осы күні өзіне қолқанат. Алты ұлының ішінде Асылханы мен Батырханы әкесінің ізін жалғады. Алғашында ашқан кент орталығындағы бетон кольцо құятын шағын зауытына «Дархан-2002» деп немересінің атын берген. Ол да жұмыс жасап, аудан халқының қажетін өтеп тұр.
Енді осынау өздері қолдан құраған екі зауытқа да қажет мамандар мүмкіндігінше өз отбасынан табылса деген ниет басым. Сондықтан өз немерелерінің келешек кәсібін есепке бағыттап отыратын әжелері – Пернекүл апа да тегін емес, кезінде математика пәні мұғалімі болған кісі. Екі немересінің бірін жер кадастры, бірін инженерқұрылысшы мамандығына оқытуда екен.
Қызы Айнагүлден туған жиен ұл маркшейдер мамандығында оқып жатыр. Өйткені өндірісте осы маман қат болып тұр. «Сарман-Тас Жаңақорған» мекемесін немерелері Темірхан Батырханұлы басқарып отыр екен. Мамандығы геофизик, кейін жергілікті басқару факультетін бітірген. Зауытты қолдан құраған кәнігі мамандар ізін басатын жас толқынның еңбеккештік қасиеті басым болса. Еңбек адамы осылай дейді. Өйткені еңбек адамды бақытқа жеткізеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА