№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бір өзі - бір мұрағат

Бір өзі - бір мұрағат

Ауданның рухани үнжариясын оқып қана қоймай, газеттің әр санын тиянақты тігіп отыратын жандар санаулы. Соның бірі – Тұрсынай Мырзатаева апамыз. Саналы ғұмырында кітапхана ісіне араласып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Тұрсынай апамен әңгіме барысында газеттің тігіндісін жинаудың сырын сұрадық.
Әрбір басылымның шығу жолында ізденіс, еңбек сінеді. Осындай еңбектен туған құнды дүниені біреу елеп-ескереді. Енді бірі мүлде басқа мақсатта пайдаланып жүреді. Әрине әркімнің санасы мен мәдениетіне байланысты ғой! Ал ауданның төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетінің әр нөмірін тігіп, көзінің қарашығындай сақтап жүрген апамыз бұл іс – өмірінің мәні екенін айтты.
– Жас кезімнен кітапқа құмартып өстім. Кітаппен сырлас, дос болдым. Осы кітапқа деген сүйіспеншілігім жетелеп Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына түсіп, кітапханашы мамандығын алдым. Еңбек жолымды Есік қаласында бастадым. Туған жерге деген сағыныш бойымды кернеп, елге оралып, №3 мектеп-интернатына тәрбиеші-кітапханашы болып орналастым. Одан кейін аудандық орталық кітапхананың балалар бөлімін басқардым. Зейнетке дейін 40 жылға жуық кітапханашы болып қызмет етіппін. Одан жаман болған жоқпын. Ол уақыттарда ғаламтор, телефон деген жоқ. Іздеген адам бар құндылықты кітапханадан табатын. Газет тігіндісін тігу сол кездерден қалыптасып, өмірлік маңызды ісіме айналды, – деп күрсініп сөзін жалғады.
Аздап ойланып, газет нөмірін тігудің мәніне тоқталды:
– Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы газеттің халықтың көзіне, құлағы, тіліне теңеген жоқ па?! Бүгінгі газетке шыққан мақала ертеңгі тарихқа айналады. Ауданның шежірелі тарихын хаттап жатқандай сезінемін. Бұл бір жағы әдет, бір жағы газетке деген құрметім, – деді.
Соңғы 4-5 жылда «Жаңақорған тынысы» газеті тігінділерін жинақтауды қолға алдым. Көне тігінділерді жинақтамағаныма өкінішім бар. Қызмет барысында рухани ортада жүргенде сезілмеген бұл сағыныш, зейнетке шығып жұмыстан қол үзгенде жаныма батады.
Расында бүгінде жас түгілі қарттардың өзі гаджеттерге телміріп, ғаламтор ақтарып отыратыны жасырын емес. Әрине көпке топырақ шашуға болмас. Көнекөз қариялардың осындай құнды қасиеттерін жалғайтын жастар тым аз. Алайда заман ағымы солай деп рухани құлдырауға болмас. Кейбір жерде кездескен келеңсіздіктерге көз жұма қарасақ та, бүгінгі жастар кітап, газеттен алшақтап бара жатқаны ащы шындық. Оның себебін ұстаз Тұрсынай Мырзатаева былай жеткізді: «Бұған жастарды кінәлауға болмас. Алдымен өзімізді, сөзімізді түзесек қана кейінгі ұрпаққа үлгі бола аламыз. Менің байқағаным, соңғы жылдары газет тігіндісін жинақтағалы немерелерім газеттің қал-қадірін түсініп, басылымдар оқи бастады. Осы өнегемен жеткіншектерге үлгі көрсеткеніме қуанамын. Мұны көріп өскен ұрпақ газет оқу мәдениеті қалыптасады. Газеттің тігіндісін жинаудың мәнісі де осы».
Түйіндей айтқанда, өмірі өнегеге толы мұрағатымен танысып, құнды әңгімесін тыңдап ақылы дария, берері мол қарияның бір өзі – бір мұрағат екенін ойға түйдік.

Майра ҒАНИЕВА
27 наурыз 2020 ж. 683 0