Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Баласы жақсы адамдар қартаймайды

Баласы жақсы адамдар қартаймайды


«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, көп өскен, көп өзгерген туған мекеніміздегі барша игіліктердің барлығында алдыңғы аға буынның сол кезгі қиындық кедергі атауылымен бетпе-бет келсе де бейнетінен жаңылмай, уақытпен санаспай адал төккен маңдай терінің ізі жатыр.
Көнекөз қарияларымыздың өз өмірінен суарылған, тәжірибесінен түйген ақыл-кеңесін айтып арамызда аман жүргені біз үшін үлкен тағылым мектебі.
Міне, осындай аяулы ағалар қатарында жаңақорғандық, еңбек ардагері Наятулла қарияның да өзіндік өмір жолы, артқыға қалдырар ақыл-кеңесі айрықша.

Ол 1940 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келді. Әкесі Әбибулла елге белгілі етікші болған. Осы ісмерлігімен атағы алысқа тарап, тіпті Мәскеуде өткен халық шаруашылығы көрмесіне де арнайы барып қатысып қайтқан екен. Аудандағы өндірістік комбинатында еңбек етіпті. Кез келген өнердің өз киесі болады. Етікшілік кәсібінің арқасында кешегі қанды қасап майданнан броньмен босатылып, елде қалған ісмер жан осы айналадағы қаншама халықтың қажетін өтеуде күн-түн демей аянбай еңбек еткен екен.
Ол өз ұлы Наятулланы әке жолына баулып, қасынан шығармаған көрінеді. Бірақ жас өреннің есіл-дерті техникаға ауыпты. Онжылдықты бітіріп, арнайы курстан өткен Наятулла еңбек жолын аудан орталығындағы автобаза мекемесінде бастады. Бір жылдан соң аудандық тұтынушылар қоғамы мекемесіне жұмысқа келіп, алғашында экспедитор, одан соң осындағы 24 автокөліктің механигі болып, мекеме жұмысының үйлесімді жүруіне бар ынтамен еңбек етеді. Қағылез, жұмысына тиянақты жас көп жылдар осы мекеме басшысы Махметжан Сапарбаевпен қызметтес болып, үлгі-өнегесін алғанын мақтанышпен айтады.
Наятулла Әбибуллаев 1980 жылдан бастап Жаңақорғандағы ОРС, яғни жұмысшыларды жабдықтау мекемесіне механик болып ауысады. «Бұл жерде мекеме директоры Зайнидин Абусейтовтың «оң қолы» болдым» деуінде де үлкен мән бар. Кез келген басшы қарамағындағы ең жауапты, тындырымды, тиянақты тұлғаны өзіне дос, сенімді серік, тіпті туыстай жақын тұтып кетуі заңды. Осындай елгезек қасиетімен не қиындықты қасқайып қарсы алып, тығырықтан шығуда табандылығынан танбайтын тәуекелімен қоса жайдары мінез, жаздың күніндей ашық-жарқын пейілімен жүрген жерінде жақсылық дәнін себуге құштар жанға қай жерде де бір кісілік орын бар. Ол осы мекемеде еңбек етіп жүргенінде «Сала үздігі» төсбелгісімен марапатталыпты. 55 жасында зейнетке шыққан еңбек ардагері қол қусырып қарап жатпай есік алдындағы шаруашылығын өркендетіп ұл-қыздарының түгелдей жетіліп кетуіне тағы біраз жыл бейнеттенуіне тура келіпті. Өзі бұл жөнінде былай дейді:
– Әкенің үмітін ақтап, кәсібін жалғай алмадым. Әкем ұста, ал өзімнің темірге жақын болып, жамандық көрген жерім жоқ. Түйгенім, әркім өз ісін шынайы сүйе білуі керек. Техника тілін терең білуімнің арқасында сол кездегі көліктің кез-келгенінің бөлшегін жатқа біліп, қызмет бабында бір адамды, бірде-бір жүкті жолда қалдырған кезім болған жоқ, – дейді ол ағынан жарыла.
Жары Шолпан апа екеуі бақытты ғұмыр сүріп 10 ұл-қызды өмірге әкеліп, бірге өсіріп, тәрбиелейді. Өкініштісі асыл жары елуден енді асқан шағында сырқаттан көз жұмды.
Осы кезге дейін берген тәлім-тәрбиесінің жемісін жеп жүрген перзенттері болса халық қызметінің сан саласында абыройлы еңбек етуде.
Атасына ең бір жақыны және қадір-қасиет жағынан ұқсайтыны немересі – Әлібек. Ол газетіміздің тұрақты тілшісі. Өзінің өлең жазатына да бар. Сөйтсек, ақындық атасы Наятулладан ауысқан екен. Жүрген ортасында асабалық етіп, бір-екі ауыз өлеңмен көздегенін мүлт жібермей, өлеңге айналдырып, жұртты ду күлкіге кенелтер әзілкештік те осы кісінің бойынан табылады.
Ал өзі қашанда турасын айтпаса тұра алмайтын, әділдік аяққа тапталған жерде әлсізге болысып, ақиқат жағында жүретін ақпейіл ағаны көпшілік те осы қадір-қасиеті үшін құрметтейді. «Өзіміздің Наяш көке» деп еркелетеді.
– «Анасы бар адамдар қартаймайды» деген ақын сөзіне менің қарсылығым бар. Өйтіп мәңгі бала болып, ата-анаға жүк артып жүре беруге болмайды. Есейіп, ержеттің бе, енді ата-ананы аяла, күт, мәпеле. Ұл-қызы жақсы болса ата-ана соның қуанышымен көңілі шат. Соның сәулесіне жылынады, қуаты кеміп қартаймайды, – дейді ол. Иә, қарияның осы сөзі өз өмір жолының жауабы іспеттес.

Баян ҮСЕЙІНОВА


29 қаңтар 2020 ж. 1 534 0