№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖӘРМЕҢКЕ: 78 жұмыс орны ұсынылды

ЖӘРМЕҢКЕ: 78 жұмыс орны ұсынылды


Елбасы Үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі кретерийінің бірі болатынын ескерткен еді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктері» атты Жолдауында да жұмыссыздық мәселесіне мән беріп, әкімдердің жұмысын бағалауға ден қойды. Демек, жұмыссыздық деңгейі әкімдер рейтінгіне де әсер етеді. Бұл міндет үлкен жауапкершілікті арттыра түсері сөзсіз.
Бұл ретте жергілікті басқару органдары барынша әділ ұстанымда болуы тиіс. Сондықтан, ауданда бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу талабы жолға қойылды. Аудан басшысы айына бір рет жәрмеңке өткізуді күн тәртібіне ендірді.
Жалпы, жаппай жұмыспен қамту аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ауданда былтыр жүйелі жұмыс жасалды. «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасынан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Еңбек», «Нұрлы жол» жобасы іске асты. Мәселен, былтыр 850 жұмыс орнын ашу көзделсе, жоспар артығымен орындалып, меже 920 адамды қамтыды. Осының арқасында жұмыссыздық көрсеткіші 4,9 пайызды құрап отыр.
– Бүгінгі жәрмеңкеде 28 мамандық бойынша 78 бос орын анықталып отыр. Жалпы, 25 жұмыс беруші қажетті мамандарға жолдама ұсынғалы келді, – деді аудандық «Жұмыспен қамту» орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков. Одан бөлек мекеме басшысы жұмыс берушілермен мемлекет арасындағы келісім арқылы әлеуметтік жұмыс орнын құру жөнінде де айта кетті. Яғни, жұмыс беруші әрбір қабылдаған қызметкеріне мемлекеттен оның жалақысының 35 пайызын ала алады.
– Былтыр осы бағдарлама арқылы «Қызылқұм» ЖШС-не 16 қызметкер тұрақты жұмысқа тартылған еді. Жалпы, былтыр осы бағдарлама арқылы қаржы толық игерілді. Биылғы жоспар 75 тұрғынды әр түрлі сала бойынша жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз, – деді жауапты сала басшысы.
Айтпақшы, жәрмеңкеге келген тұрғындардың басым көбі жастар. Бірі орта біліммен, енді бірі арнайы жоғары оқуды тәмамдаған дипломымен келіпті.
– 2015 жылы ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітіріп, бүгінгі күнге дейін қалаған мамандық иесі бола алмай жүргенім рас. Әрине, дипломсыз болса да қызметте жүрмін, дегенмен қалаған мамандыққа жұмыс болмай тұрғаны қынжылтады. Менің мамандығым базалық жүйелерде, яғни компьютерлік қызмет көрсету, – деді Әйгерім Ерімше.
Информатика мамандығы бойынша жұмыс іздеген жас маман Айсана Тұрсынбаева да кәсіби салада жұмыс істегісі келеді. Алайда, әзірге жұмыс табу қиын болып тұр. Кейде жұмыс берушілер де мамандардың жетіспеуін алға тартады. Сондықтан, олардың арасында көп қызмет түрін ұсынған мекемелер де жоқ емес. «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС, «Сарман-Тастақ» сынды мекемелер әр түрлі сала бойынша жұмысшылар іздейді.
– Қазір бізге бір электросварщик, екі тракторшы мен тоғыз жұмысшы қажет. Айлығы уақытылы, жұмыс тұрақты, тек ниет болса болғаны, – деп түсіндірді «Сарман-Тастақ» ЖШС басшысы Таңат Ағманұлы. Сондай-ақ, «Жұмабай» жиһаз орталығынан келген Салтанат Жұмабаева ағаш ұстасы мен дизайнер керек екенін тілге тиек етіп, сұранысқа сай мамандар жоқтығын растады.
Айта кететіні, мекеменің мәліметі бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 1162 бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ, Қостанайда – 642, Павлодарда – 628. Егер барушылар болса, онда тұрғын үй мен бір реттік қаржылай қолдауға ие болады. Сондықтан, өзге өңірді жатсынбай жұмыс жасауға ниетті жандарға мүмкіншілік мол. Сонымен, бүгінгі жәрмеңке қорытындысына келсек. Іздеген мамандық бойынша жұмыс тапқандар да жоқ емес. 16 жұмыссыз тиісті саласы бойынша мекемелерге жолдама алыпты. Соның бірі «Альбина» балабақшасына жолдама алған Әйгерім Байтілеева.
– Әрине, жәрмеңке арқылы жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Мамандық бойынша балабақшаға тәрбиеші көмекшісі қызметіне орналасуға дайынмын. Алайда, денсаулығыма байланысты аздап кідіріс болайын деп тұр, – деді кент тұрғыны.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
27 ақпан 2018 ж. 1 068 0