Бірлескен қимыл қауіпті бөгейді
Биыл қыс маусымының жылы болуына байланысты кенелердің ерте оянып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақтары таралу қаупі жоғарылап отыр. Аудан бойынша 2022 жылға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз 19 елді мекен, атап айтқанда, Жаңақорған кенті, Шалқия, Құттықожа, Бірлік, Қосүйеңкі, Қыраш, Кеңес, Сунақата, Екпінді, Төменарық, Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Өзгент, Машбек, Байкенже, Билібай ауылдары есепке алынды.
Осы жағдайға байланысты аудандық төтенше жағдайға қарсы жұмылдыру қызметімен бірлесіп, тиісті сала өкілдерінен жұмысшы топ құрылды.
Дүйсенбі күні аудан әкімі орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен штаб отырысы өтіп, міндеттер нақтыланды. Кеңесте Жаңақорған аудандық санэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдарованың баяндауынша, аудан бойынша 2022 жылдың наурыз айында 12 елді мекеннің аумағынан энтомолог мамандармен 2300 кене жиналып, олар 234 сынаманы құраған. Оның 7-уінде қауіпті белгі анықталды. Енді сақтану амалына шындап кірісу қажет.
Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы атқарылуы үшін барлық мал тұратын орындарды алдын-ала шөп-шалам, қи-тезектен арылтып, дайындау керек. Тазаланбаған қора-жайларды дәрілеу нәтиже бермей, кененің ұялары сақталып қалатынын ескерткен маман мал иелері білуі тиіс бір мәселе, қолдарындағы малына акарицидтік препараттарды «ивамек» ектірген жағдайда денесіндегі кенелер түсіп қалады, қоңының тез көтерілуіне ықпал ететініне тоқталып өтті. Осы жағдайларға байланысты Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарында атқарылуға тиіс мақсатты профилактикалық шаралардың неғұрлым тиімді болуына тиісті тараптардың ықпал етуін сұрады.
Осы жағдайларға байланысты Дархан Есалыұлы жұмысшы топ құрамын елді мекендерге бөліп, залалсыздандыру жұмыстарының сапасын қадағалауды тапсырды. Біздің өңіріміз бойынша дәрілеу жұмыстарын жеңіп алған кәсіпкерлер өзге облыстың мамандары екен. Мәселе олардың жауаптылыққа алған жұмыстарын қалай атқаратындығында. Малды толық зарарсыздандыруда дәрілеп тоғытудың маңызы зор, бірақ малдың көбі тауға көшті. Ендігі ретте оны тиімді ұйымдастырудың жолы қайсы? Малды жеке-жеке асты-үстін бірдей дәрілемесе еткен еңбек зая кетуі әбден мүмкін. Бұған әрбір мал иесі аса сақ болу керек. Әрі Үкіметтен бөлініп отырған есіл қаражаттың желге ұшпасы үшін мүдде біріктіру, айналып келгенде өз ортамызды қатерлі індеттен аман сақтауға жұмылуымызды қажет етіп отыр.
Жұртшылықтың аурудың қоздырғышы туралы толық түсінігі болуы керек. Жаңақорған аудандық СЭББ-ның бөлім басшысы Жан Шайхысламов бұл туралы төмендегіше түсінік берді.
– Кененің шағуын үнемі байқау мүмкін емес. Өйткені кене өз денесінен арнайы ферменттер бөліп, шаққан орнын көп жағдайда білдірмеуге тырысады. Тұмсығын тері қабатына енгіхзген кене майда қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерден тойған мезетте бірнеше мың жұмыртқаларын тері астына тастап, аурудың жасырын кезеңі 2-7 күнге, кейде 12 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру басталғанда дененің қызуы 39-40 градуске дейін жоғарылап, бас ауру, буындардың , белдің, іштің, балтырдың ауруымен басталады. Науқас әлсіреп, бүкіл ағзасы қақсайды. Жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Ине шаншыған орындарда көгеру пайда болады, денесінде майда бөртпелер пайда болады, мұрнынан, тісінен, қызыл иегінен, ішектен, асқазаннан қан кету басталып, адамды қазаға ұшыратуы мүмкін. Аурудың қауіптілігі сол, дертке ұшыраған сырқат адамның қаны сау адамның денесіне тисе дерттің жұғуына себепші болады. Кененің көбі үй жануарларының қанымен қоректенеді. Сондықтан малға кене жабыспау үшін дәрілеу керек. Кенені көрген жағдайда жалаң қолмен ұстауға болмайды, жіңішке жіпті кененің тұмсығына орап немесе пинцетпен ырғап алу керек. Далалық жерде жұмыс істегенде немесе үй жағдайында мал күтіміне қарағанда жабық киініп, сақтанып жүру керек, – деді.
Мақсатты түрде жүргізілген кенеге қарсы күрес шараларының тыңғылықты болуы адамдар арасында бақытсыз жағдайдың алдын алады. Сондықтан бұған аса сақ болуымыз қажет.
Баян Үсейінова