№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Прагматизм парқы

Прагматизм парқы

«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді». Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осыны өнеге етеді.
Қысқасы, «Көрпеңе қарай көсіл» ұлағатын түсінуге шақырады. Осы нақылдың мән-мағынасын түсіне ал­май жүрміз-ау. Ескіден қалған есті сөздің мәнісінен әліңе, шама-шарқыңа қарай қарекет қыл, қолда барды сарқа жұмсамай, келешегіңді ойла дегенді ұғасыз. Біз көрпемізді бойымызға шақтап жамылып жүрміз бе, осы?
Міне, мәселенің мәнісі осында. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннің кейпін кейіп жүрміз, бірақ оны мойындағымыз келмейді.
Бұрындары қалай еді? Елдің бай-бағландары қызықшылығына алыс-жақындағы құда-жекжат, ағайын-туысты шақырып, қазан көтеріп, ат шаптырып, бәйге үлестіріп, балуан белдестіріп, ас беріп, жиын-той жасаған. Сосын ауыл-аймақтағы кедей-кепшікке «бір тойып же!» деген ниетте дастархан жайған. Демек «той» кедей-кепшіктің шамадан тыс ішіп-жеу мағынасында қолданған-тұғын. Бұйрық райымен айтылған «тойыңдар!» сөзінің түпкі мән-мағынасы осында.
Сондықтан болар тарихтан «пәленше деген кедей ұлан-асыр той жасады» деген сөзді кезіктіре алмайсыз (көрші-қолаң, ағайынды шақырып, кішігірім ас беріп, үлкендердің батасын алғанға ұқсайды). Есесіне, «отыз күн ойын, қырық күн той» жасаған байлар көптеп кезігеді.
Көршім бар. 1985 жылғы. Ол әкесінен ерте айырылып, жастайынан қиындықты көрді. Алланың бұйрығымен 7 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Жұрттан қалыса ма, той жасады. Әкесінен қайбір мұра қалды дейсіз, банктен қарыз алды.
Ағайын-туыс, дос-жаран қызық­шылыққа жиналып, тілектерін ақтарды. Ішті. Жеді. Биледі. Ойнады. Көңіл көтерді. Екі сағаттан кейін үй-үйіне тарқады.
Тойға біреу сыңай барады, біреу барын қалтасына сала барады. Не керек, жоспарлағандай ақша жиналмады. Со­дан бері банкке үстемақысымен бірге қарызын қайтарып келеді. Бала-шаға­сының аузынан жырып береді. Шықпа жаным, шықпа деп әрең жүр...
Өткенде ауыр жұмыс пен уайымнан әбден қажыған көршімнің жүзіне күл­кі ұялағанын көрдім. Әңгімеге тар­тып, қуанышын да білдім. Екі айдан кейін банкпен арасын үзбекші. Яғни қарызынан құтылады екен.
Көршім жастайынан қиындықты көп көріп, ерік-жігерін шыңдап өскендіктен қиындыққа қарсы тұра білді. Әні-міне дегенде банктегі қарызынан да құтылады. Алайда кредитке құрылған қаншама шаңырақтың берекесі қашып, көп ұзамай ортаға түсіп жатыр. Оны көріп, біліп, естіп жүрміз.
Ойлану керек. Ой түйю керек.
Жақында прагматизмнің парқын түсінетін ағайынның қызықшылығына ортақтастым. Түркістан облысынан қарындасқа құда түсіп келепті.
Екі жақтың үлкендері: «Той жаса­май-ақ, жастарды үйлі етейік», деп уағдаласты. Алматыда жоғары мектепте оқитын қыз бен сонда жұмыс жасайтын күйеу балаға жер алып, шағын үй салып бермекші. Ол үшін қыздың жасауына қажетті қаржыны ортаға салады. Жігіт жақтыкі тойға кететін шығынды үйге жұмсайды...
Жастар үлкендердің сөзіне тоқтап, бақытын тойдан іздемей, екі жақтың сыйластығына арқа сүйегеніне дән риза болдым.
Түсіністікпен басталған шаңырақтың бақыты да баянды болатынына сенемін. Жастарға тек бақыт тілеймін!
P.S.: Айтқым келгені, ысырап­шыл­дыққа бас ұрмай, бәсекелестіктің құрбаны болмай, жастардың бақытты болатын жолын іздегені қандай жақсы? Өйткені қазір тоймен бәсекелесетін уақыт емес, одан да жастардың білім алуына, ғылым игеруіне жағдай жасауды ойлану керек. Себебі білімдінің, біліктінің, қабілеттінің жеңетін уақытта өмір кешудеміз...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 қазан 2021 ж. 384 0