ТОЙДЫҢ МӘНІСІН ТҮСІНІП АЛАЙЫҚ...
Газеттің №3 (8221) және №4 (8222) нөмірінде қоғам белсенділері той мәдениеті – ұлт мәдениетінің көрсеткіші екенін жазып, тойдағы келеңсіздіктерді саралады. Атап айтқанда, Серік Мұсабайдың «Тойған ел тойшыл келеді», Мұзарап Махмұтұлының «Той – қуаныш, той – бірлік...», Дәрібай Айдарбековтың «Қазақтың тойы: талғам мен тағылым таразысы» мақаласында бүгінгі той-томалақтың кескін-болмысы мен барыс-келісі туралы жан-жақты жазылды.
Тұжырымды ойлардан құрылған мақалаларды оқығаннан кейін көп ойландым...
...Қоғамдағы қатынас тепе-теңдігі тойдағы бақталастықтан, бассыздықтан сызат түскеніне көзім жете түсті.
Неге, қалай дейсіз ғой?!
Біз «Көрпеңе қарай көсіл» нақылының мән-мағынасын түсінуден қалыппыз. Ескіден қалған есті сөздің мәнісінен әліңе, шама-шарқыңа қарай әрекет қыл, қолда барды сарқа жұмсамай, келешегіңді ойла дегенді ұғасыз. Бірақ, біз көрпемізді бойымызға шақтап жамылып жүрміз бе, осы?
Міне, мәселенің мәнісі осында.
Расында, «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннің кейпін кейіп жүргендейміз. Бірақ, оны мойындағымыз келмейді...
Бұрындары қалай еді?
Елдің бай-бағландары қызықшылығына алыс-жақындағы құда-жекжат, ағайын-туысты шақырып, қазан көтеріп, ат шаптырып, бәйге үлестіріп, балуан белдестіріп, ас беріп, жиын-той жасаған. Сосын, ауыл-аймақтағы кедей-кепшікке «бір тойып же!» деген ниетте дастархан жайған. Яғни, «той» кедей-кепшіктің шамадан тыс ішіп-жеу мағынасында қолданған-тұғын. Бұйрық райымен айтылған «тойыңдар!» сөзінің түпкі мән-мағынасы осында.
Сондықтан болар, тарихтан «пәленше деген кедей ұлан-асыр той жасады» деген сөзді кезіктіре алмайсыз (Көрші-қолаң, ағайынды шақырып, кішігірім ас беріп, үлкендердің батасын алғанға ұқсайды).
Есесіне, «отыз күн ойын, қырық күн той» жасаған байлар көптеп кезігеді.
Мәселен, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында:
– Білмеймін кім екенін Сағынайдың,
Кім білсін, қай жыл өтті, өлді қай күн?
Малы мол, малайы көп, қатыны көп,
Әйтеуір болуы анық, бірі байдың, – дейтіні бар...
...Мемлекет басшысының прагматизм қағидасының түпкі мәні шама-шарқына қарай қарекет қыл дегенге саяды...
Осындайда белгілі журналист, блогер Нұрбек Бекбаудың: «Қоғамда адамдардың әлеуметтік деңгейі әркелкі. Бірі – орта тап. Бірі – бай-манап. Бірақ, әлеуметтік статусы әр түрлі бола тұра деңгейі бірдей той жасауға ұмтылады. Осыдан барып той бәсекесіне жол ашылады. Байлар барын шашса жарасады. Ал, бір қойға екінші қойдың басын қосуға қиналып жүргендерге несие алып, қымбат кортеж жалдап, эстрада жұлдыздарын шақырып, шашылудың қажеті қанша?» дегені еске түседі.
Осы жерде ысырапшылдыққа, көзбояушылыққа, қанағатсыздыққа жол ашылатындай. Аяғы басында баспанасы жоқ, несиеге өмірі байланған жастар жараса алмай, ажырасып жатады. Тіпті, үйленгеннің жартысынан көбісінің дәм-тұзы жараспай, ... жесір мен жетім көбейді.
Әрине, бұған әр түрлі әлеуметтік мәселелер себеп болуда. Дегенмен, қарызға, несиеге жасалған тойдың да жанама болсын әсері бар...
Не істемек керек? Той мәдениетін қалай арттырамыз? Қазақы дәстүрлі тойды қалай жаңғыртамыз?
Енді осыған тоқталайық.
Біріншіден, «Көрпеңе қарай көсіл» сөзінің мәнісін түсіндіріп, шама-шарқынша той жасауды санаға сіңіру керек-ақ.
Екіншіден, ауыл тойы (беташар, қыз ұзату және т.б.) мен жастар тойының ара жігін ажыратып алған абзал. Болмаса жасы да, жасымысы да араласқан тойда ерсі қылықтар мен әрекеттерге куә бола беретін боламыз.
Үшіншіден, төл басылымда ел ағалары көтергендей, кент әкімдігі мен ірі-ірі мейрамханалар және жергілікті полиция қызметі тойдың уақытын 24.00-ден кейін шектеу жайында келісім-шартқа отырып, беймезгіл уақытта болмауын қадағалау қажет-ақ.
Төртіншіден, тойдағы батыстан енген қажетті-қажетсіз жөн-жоралғылардан арылтып, отшашу, торт кәдісі және т.б. тоқтатқан абзал.
Бесіншіден, тойлардағы мән-мағынасыз, ерсі ойындарға шектеу қойып, асабалар той-жиынды мәдениетті басқаруын талап ететін кез келді. Өйткені, қазақтың тойы – тәрбиенің құралы, мәдениеттің көрсеткіші. Әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап, өнер жарыстырып, жастардың ұлттық таным-түсінігін кеңейтетін салтанат кеші.
P.S.: «Той десе, қу бас домалайтын» қазекең өзбек, тәжік ағайыннан үлгі-өнеге алса қайтеді? Яғни, ысырапқа жол бермей, одан да жастардың білім алуына, ғылым игеруіне жағдай жасауды ойласа қайтеді? Себебі, білімдінің, біліктінің, қабілеттінің жеңетін уақытта өмір кешудеміз. Олай болса, ойланатын кез келді...