№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Той тойлайтын емес, ой ойлайтын уақыт

Той тойлайтын емес, ой ойлайтын уақыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тағылымды сұхбаты жарияланды. Шекараға қарамай, елді таңдап-талғамайтын коронавирустың залалы мен зардабы жайлы сөз етіп, мемлекеттік тіл мәселесіне кеңінен тоқталған келелі әңгіме ұлттық мүддеге ұласып, бүгінгі бағыт-бағдарымыз бен кемелді келешек үшін атқаруы тиіс істерді саралайды. Сонымен Президенттің сұхбатынан не түйдік? Нені бағамдадық?


Елдегі негізгі мәселенің бірі – даңғаза бәсекелестік, ысырапшылдық. Бұған шектеу қою жөнінде бірнеше жылдан бері көтеріп, «Жаңақорған тынысы» газетінде көтерілді. Ел ағалары Серік Мұсабайдың «Тойған ел тойшыл келеді», Мұзарап Махмұтұлының «Той – қуаныш, той – бірлік...», Дәрібай Айдарбековтың «Қазақтың тойы: талғам мен тағылым таразысы» мақаласында бүгінгі той-томалақтың барыс-келісі туралы жан-жақты талдады. Қоғамдық пікірге ұласып, ел ағалары өз ойларын білдірген-ді.
Шындығында «Көрпеңе қарай көсіл» ұлағатының мән-мағынасын терең түсінуден қалдық. Ескіден қалған есті сөздің мәнісінен әліңе, шама-шарқыңа қарай қарекет қыл, қолда барды сарқа жұмсамай, келешегінді ойла дегенді ұғуға болады. Бірақ біз көрпемізді бойымызға шақтап жамылып жүрміз бе? Міне, мәселенің бір ұшы осы жерден қылтияды.
Расында «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннің кейпін кейіп жүрміз. Бірақ оны мойындағымыз келмейді...
Бұрындары қалай еді?!
Елдің бай-бағландары қызықшылығына алыс-жақындағы құда-жекжат, ағайын-туысты шақырып, қазан көтеріп, ат шаптырып, бәйге үлестіріп, балуан белдестіріп, ас беріп, жиын-той жасайтын. Сосын ауыл-аймақтағы кедей-кепшікке «бір тойып же!» деген ниетте дастархан жайған-ды. Яғни «той» кедей-кепшіктің шамадан тыс ішіп-жеу мағынасында қолданды. Бұйрық райымен айтылған «тойындар!» сөзінің түпкі мән-мағынасы осында.
Сондықтан болар, тарихтан «пәленше деген кедей ұлан-асыр той жасады» деген сөзді кезіктіре алмайсыз (Көрші-қолаң, ағайынды шақырып, кішігірім ас беріп, үлкендердің батасын алғанға ұқсайды. автор). Есесіне, «отыз күн ойын, қырық күн той» жасаған байлар көптеп кезігеді. Ондағысы барын шашып-төгу емес, байлығының бір бөлшегін кедей-кепшікке садақа ретінде таратып, Алланың разылығын алу жатқаны анық.
Қазір қалай? Дәл қазір әлеуметтік тепе-теңдікке селкеу түсті, шама-шарқымызға қарауды қойдық. Осындайда журналист Нұрбек Бекбаудың: «Қоғамда адамдардың әлеуметтік деңгейі әркелкі. Бірі – орта тап. Бірі – бай-манап. Бірақ әлеуметтік статусы әр түрлі бола тұра деңгейі бірдей той жасауға ұмтылады. Осыдан барып той бәсекесіне жол ашылады. Байлар барын шашса жарасады. Ал бір қойға екінші қойдың басын қосуға қиналып жүргендерге кредит алып, қымбат кортеж жалдап, эстрада жұлдыздарын шақырып, шашылудың қажеті қанша?» дегені еске түседі.
Міне, дәл осы жерде ысырапшылдыққа, бәсекелестікке жол ашылатындай. Енді не істемек керек? Той мәдениетін қалай қалып­тастырамыз? Қазақтың дәстүрлі тойын қалай жаңғыртамыз? Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек», – деп жауап берді. Әрі елдік мұрат, мемлекеттік мүдде жолында қызмет етуде «Халықтың қазынасы той емес», тынымсыз тірлік, үздіксіз еңбек, сол арқылы елдің өркендеуі, халықтың көркеюі екендігін аңғартты.
Міне, біз осыны ұстануымыз керек. Қазір той тойлап, бар жиған-тергенін босқа шашатын уақыт емес. Артық қаржыны жастардың терең білім алуына, ғылымды игеруіне, шет тілдерін үйретуге жұмсау керек.
Қазір Абайдың:
– Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой, – дегенін басшылыққа алатын кез келді.
Коронавирус әлем елдеріне тарап, каран­тиндік режим жарияланып, эконо­микалық тұрғыда тұралап қалдық. Жаһан жұрты жаңа жол, тың бетбұрысты іздестіруде. Бізге де той-томалақтың деңгейінен бөлек, өркениет жолынан қалмауды ойлауымыз керек. Мұнын жолын да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып берді.
Бұл дегеніміз, «...біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болу керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ. Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады».
Олай болса, ойланайық, ой тоқтатайық, әлемге, әлемдік үрдістерге ойлы көзбен қарап, нәтиже шығара білейік, ағайын! Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын уақыт...

Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ,
аудандық ішкі саясат
бөлімінің басшысы
27 маусым 2020 ж. 535 0