№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПЕЙШЕМБІЛІК: ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – ИСЛАМҒА ЖАТ

ПЕЙШЕМБІЛІК: ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – ИСЛАМҒА ЖАТ


Қазақ даласына ислам өркениетінің түп қазығы Жаңақорған топырағында қағылды. Содан Жаңақорған даласынан ишандар мен мағзумдардың тамыр алып, Ұлы Дала Елінің түкпір-түкпіріне сапарлап, ислам құндылығын насихаттады. Сондықтан, жаңақорғандықтар дін мен дәстүр сабақтастығы жөнінен өзгелерге үлгі болуы тиіс-ақ. Бірақ, нарықтың қазанында бәсекеге түсіп, шариғатқа жат рәсім-дағдылар дендеп енді. Қазір той мен астың дастарханын ажырату мүмкін емес. Расында, астың мәзірінен сусын мен тәттінің түр-түрін және сандаған салаттар самсап тұрады. Қонақасы да қаралы үйге салмақ салуда. Осындай мәселелердің ара-жігін ажыратып, шариғатқа сай баба дәстүрін жаңғыртып, пәтуаласуды жөн санаған аудан әкімдігі мен аудандық мешіт елге сыйлы азаматтар мен имамдардың басын қосты.
«Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты семинар кеңесте алғы сөз алған ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров діни жоралғыларды орындауда бәсеке бәсіне түсіп, ысырапшылдыққа, астамшылдыққа барып жатқанымызды айтты.
– Жерлеу рәсімдері мен құдайы ас беруде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы даярлаған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын басшылыққа алуымыз тиіс. Онда Қазақстанда діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа жол бермеу, шариғатқа қайшы әдеттерге тосқауыл қою жайы қамтылған. Сондай-ақ, республика бойынша ас беру кезіндегі ортақ дастархан мәзірі де бекітілген. Мұндай сауапты бастаманы Ақтөбе, Өскемен, Павлодар облысының тұрғындары қолдап, Құдайы астың ортақ мәзірі бекітілді. Енді қазақылықтың қаймағы саналатын Сыр жұрты бір пәтуаға келуі тиіс. Бірақ, біз пейшембілік бермеуге үндеп отырған жоқпыз, тек ысырапшылдыққа бармауды ұсынып отырмыз, – деді бас имам Сайдулла Сүнетуллаұлы.
Имамның салмақты сөздері көпшіліктің ойын дөп басты ма, жан-жақтан жарыс сөзге шығушылар көбейді. Ертеректе той қырық күн тойланса, қазір қаралы үйде қырық күн тойымшылық. Бұл – қайғыдан қара жамылып отырған отбасыға салмақ болатыны түсінікті-ақ. Тіпті, қырық күнге созылатын тойымшылықты ұйымдастыру үшін несие алатындар бар. Мұндай қаржыға берілген Құдайы астың сауабы бар ма? Әрине...
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағамбетов тұрғындарды пәтуаға тұруға шақырып: – Шариғатта да балаңа насихатты сүйеп айт, тапсырманы сүйеп бер, өйткені, тыңдамаса, орындамаса екеуіңізге де ауыр болады, дейтін әкеміз. Сол айтпақшы, біздің имамдар осы уақытқа дейін қатты айтпай, шариғат жолымен сыпайылап қана айтты. Енді нақты талап қоятын уақыт келді. Таңқалдыратыны, Алладан қорыққанымен, Жаратушының айтқанын істемейтіндер көбейді. Мұның бәрі бәсекенің пәлесі, – деп ысырапшылдықтың негізгі себебіне тоқталды.
Ал, аққорғандық қария Жармұхамбет Төреқожаев: – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен пәтуамен түгіскендіктер жолға қоя бастады. Алғашында халықтың арасында наразылықтар болды. Имамдар келіспеушіліктер туындаған кезде, онда жаназасын өдеріңіз шығарыңыздар дегенге дейін барды. Қазір аста-төкке жол бермеуді басшылыққа алдық. Енді шапан беруді, мата жыртуды, қатардағы адам санын азайтуды ұсынамыз. Себебі, шапан қолданыстан қалғаны қашан? Тек айналымда жүр. Ал, жыртыстың қаншалықты қажеттілігі бар? – деп ой тастады.
Белгілі кәсіпкер Пақридин Тұрғанбаев, сунақаталық Тұрдыбек Балғабаев және ел ағалары жаңарықтық Ибрагим Хусейнов, жаңақорғандық Әбіл Сейденов, өзгенттік Анарбек Дүйсенов бір ымыраға келуді қолдап, ысырапшылдықты тию қежеттілігін ортаға салды.
Алқаға модераторлық еткен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов рухани кемелденудің кілті – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада екенін атады.
– Мемлекет басшысының мақаласында ХХІ ғасырдың сын-талаптарына сай бейімделудің және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жолы көрсетіп: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», деді. Ендеше, бақуатты елге айналғымыз келсе, орынсыз аста-төкке жол бермеуіміз тиіс, – деді бөлім басшысы.
Соңыра бас имам бір пәтуаға келуді шақырып, діни басқарманың талап-міндеттерін ортаға салды.
Біріншіден, қазалы үйде 3 күнге дейін қазан көтермеу;
Екіншіден, қазалы дастархан мен тойдың дастарханын ажырата білу;
Үшіншіден, жаназа кезіндегі шариғат талап етпеген «жыртыс», «телімдер» таратуды тоқтату;
Төртіншіден, ата-баба ұстанып келе жатқан пейшембілік дастарханын орнату. Яғни, пейшембіліктерде ысырапшылдыққа жол бермеу;
Бесіншіден, «Жетісі», «Қырық күндік», «Жылдық асы» секілді маңызды рәсімдермен шектелу. Ал, «52 күндік», «100 күндік» рәсімдерін қазалы үйге міндеттемеу;
Алтыншыдан, Құдайы астардың мәзірін бекіту. Ас мәзірінде: ет немесе күріш, нан, бауырсақ, шелпек, тоқаш, қант, құрма, шәй, ірімшік сынды дүниелермен ғана Құдайы астарды атқару.

ТҮЙІН. Алланың берген несібе-ризығын сауапты істерге жұмсап, астамшылыққа ұрынбау маңызды міндет. Жаратушының несібесін аста-төкке жұмсалса, тоқшылықтан кейін таршылықтың келетіні ақиқат. Осыны түсінген зерде-зейіні ояу азаматтар ауданның бас имамының пәтуасын ұстануға уағдаласты. Енді уәделерінде тұрып, Құдай ас жарасын тоқтатса игі. Өйткені, ысырапшылдық – исламға жат нәрсе...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
27 ақпан 2018 ж. 2 576 0