Ведомствоаралық мәжіліс: Құқық қорғау қызметінің бағдары мен бағыты қандай?
Былтыр карантин кезінде мал ұрлығы мен интернет алаяқтар көбейді, әсіресе, жұмыссыз жүрген жандарға оңай олжа табуды ұсынып, талайды тақырға отырғызғандар аз болмады. Биыл да алаяқтардың дәурені жүріп тұр, тек интернет арқылы ғана емес, қарапайым өмірде “қызметке орналастырамын, басқа да мәселелерді шешемін” дегендерге алданып, сан соғып қалған қаншама жаңақорғандық бар. Одан бөлек, жол ережесін жиі бұзу, алимент төлеуден жалтару, жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсету дерегі де көбейді. Осы қылмыстық әрекеттердің алдын алу, болдырмау бойынша қандай шаралар жүргізілуде, жауапты мамандар не дейді? Бұл сауалдарға аудан әкімдігінде өткізілген ведомствоаралық жедел мәжілісте жауап іздеп көрдік.
Аудан прокуроры Дарын Әбіштің қатысуымен өткен қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы және өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңдарға түсіндірме жүргізу бағытындағы ведомствоаралық мәжілісте аудан басшысы Руслан Рүстемов жиынның маңызын түсіндіріп, тиісті сала мамандарына жұмысты жандандыру керектігін тапсырды.
Бірінші кезекте, аудан прокурорының орынбасары Абай Саркөбеннің баяндамасы тыңдалды.
– Осыған дейін қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы бірнеше рет талданып, прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылғанымен, жұмыс жүйелі болмаудың салдарынан қылмыспен күрес сын көтермей келеді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жекелеген қылмыстар ерекше өсім алды. Мәселен, Шиелі ауданында қылмыс 169-дан 139-ға, Қазалыда – 188-ден 103-ке, Қармақшыда – 114-тен 90-ға, Сырдарияда 112-ден 81-ге төмендеген. Ал, біздің ауданда керісінше 117-ден 121-ге өсті. Оның ішінде, алаяқтық пен кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы аса ауыр қылмыс 100 пайыз, ұрлық, масаң күйде жасалған қылмыс, жол-көлік оқиғасы жиіледі. Ал, топ болып жасалған қылмыс 172 пайызға өсті. 24 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 10 жолаушы қайтыс болды. 345, 346 бап бойынша тіркелген қылмыстар тым көп, полиция қызметкерлері жұмыс атқарып жатқанымен, тұрғындардың масаң күйде көлік басқаруы азаяр емес, – дейді прокурордың орынбасары.
Абай Саркөбеннің баяндамасынан алаяқтыққа байланысты бірнеше мысалды түртіп қойдық, мәселен, Әбдіғаппар ауылының тұрғыны «Bugubaeva_fortuna» деген инстаграм парақшасына кіріп, 20 мың теңге салсаң 90 минут ішінде 345 мың теңге аласың деген сөзге алданып қалған. Бұл ең төменгі зардап шегушіліктің мысалы, қаншама тұрғын млн-дап қаржысынан қағылуда. «Олх», «Колеса», «Маркет» жарнама сайттарында алаяқтар толып жүр. Құзырлы орган балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа, арына қол сұғушылық бойынша тоқтала кетті. Расында өте жиіркенішті, әрі қорқынышты жайттар. Белі бесіктен шықпай, оң солын енді танып келе жатқан өрімдей балалардың болашағына балта шабатын азғындық әрекеттер бар. Мектеп бағдарламасына балаларға жол ережесін түсіндіретін сабақ енгізуді ұсынды. Баяндама соңында нақты ұсыныстарды тыңдадық.
Біріншіден, дәл қазір маңызды болған бейнекамералардың жыры айтылды. Бұл жөнінде Дарын Елтайұлы мәжіліс барысында кеңінен тоқталды.
– Шыны керек, біздің ауданға құны қымбаттау болса да, заманауи бейнебақылаулар керек. Тәртіп бұзатындардың дені көлікті масаң күйде басқаратындар. Биылдың өзінде екі мемлекеттік қызметкер осындай дерекпен ұсталып, тиісті жазасын алды. Бұл өзімізге сын, сондықтан биыл болмаса да, келер жылдың бюжетінен осы мәселеге көңіл бөлуді сұраймын. Сондай-ақ, біздің ауданда неке бұзу да жиіледі. Осыған орай алимент төлеуден жалтаратын безбүйрек әкелер көбейді. Бауыр еті баласының бүгіні мен болашағына алаңдамайтын жастардың қатары тым көбейіп келеді. Бұл да қоғамдағы ең өзекті мәселе, осы жағдайлардың алдын алу, отбасы құндылығын түсіндіру мақсатында шаралар мен қоса тақтайшалар, билбордтар көбейтуіміз керек, – деді аудан прокуроры.
Жөн, Жаңақорғанда әсіресе жастар арасында ажырасу жиіледі. Жұмыссыз жүрген жас аналар шиттей бала-шағаны асырап-бағуға шамалары келе бермейді. Әрине, кінә бір жақтан болмайды, дегенмен әкенің міндеті баланы өзгеге жәутеңдетіп қоймау емес пе? Екіншіден, алаяқтық қылмысқа қатысты, жалпы профилактикалық бағыттағы жұмыстарды кеңінен ақпараттандыру маңызды. Өйткені, интернет арқылы несие рәсімдеу, пирамида ойыны және онлайн сауда құрбаны жиіледі. Бұл жөнінде «Жаңақорған тынысы» газетінде аудандық полиция мен сот тарапынан мақалалар жарық көруде.
Үшіншіден, жазалаумен қатар, марапаттау, яғни көтермелеу, стимулдау шараларын қолға алған жөн. Әсіресе, әкімдік тарапынан еңбегіне қарай қызметкерлерді немесе қылмыстың алдын алған қарапайым тұрғындарды ынталандыру үшін сыйақы беріп, марапаттау артықтық етпейді. Осындай ұсыныстарды тыңдадық. Келесі кезекте аудандық прокуратураның аға прокуроры Мұхтар Ендіберген ҚР заңдарына енген өзгертулер мен толықтыруларға кеңінен тоқталып, баяндамасын қатысушылар назарына слайд арқылы ұсына отырып визуалды түрде жеткізді.
Нақтыласақ, прокуратура органдарымен тексеру жүргізудің және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктеріне сенімсіздік вотумын білдірудің жаңа ерекшеліктері мен талаптарына тоқталып өтті. Өзгерістер мен толықтырудан тұрғындардың, оның ішінде шағын кәсіп иелерінің ығына орай, егер мемлекеттік органнан тексеру, мазалау орын алған жағдайда прокуратураның араласуына негіз бар. Сондай-ақ, толықтыруда сайлауға қатысты өзгерістер бар, ол да мәжіліс барысында талқыланды. Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев те аудандағы ахуалға қысқаша тоқталды.
– Былтыр карантинде ел тыстағы төрт түлігін түгендеуге шамасы келмей, мал ұрлығы көбейді. Жұмыссыз қалғандар нәпақа табудың жолында интернет алаяқтарға алданып қалды, ұрлық та жиіледі. Ал, биыл да алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды, шыны керек, біздің ауданда интернет ресурстарын мықты білетін маман жоқтың қасы. Алаяқтардың ізін қазбалаймын дегенше олар басқа әлеуметтік желінің игілігін игеріп кетеді. Осының салдарынан тұрғындар зардап шегеді. Екіншіден, алкоголь өнімін тұтынатындар да көбейді, соңында жол апатына әкеліп соқтырады, – деді Ғани Асанұлы.
Мәжілісті қорытқан Дарын Әбіш баяндамасында өңірдегі қоғамдық саяси ахуал тұрақтылығын қамтамасыз ету, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамту, азаматтарды әлеуметтік қорғау және білім беру салалары бойынша жергілікті атқару және құқық қорғау органдарында орын алған кемшіліктерге тоқталып, нақты ұсыныстарын білдірді.
Баяндамаларда көрсетілген ұсыныс-пікірлер ескеріліп, хаттамалық шешіммен рәсімделді. Өткізілген мәжіліс бойынша аудан әкімі Руслан Рүстемов алдағы кезеңде «Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеу» қағидасын ұстанып, өзінің заң бұзушылықтарды алдағы кезеңдерде болдырмауға оңды үлесін қосатындығын білдіріп, тиісті орынбасарлары мен бөлім басшыларына нақты талаптар қойды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ