№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Кеше «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы” тақырыбында ведомствоаралық мәжіліс өтті. Алқалы жиынға ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Кеңейтілген мәжілісте кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.
Алқалы жиынға модераторлық еткен аудан әкімі Ғалым Әміреев басқосудың мән-мазмұнына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
– Қазірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда аудандық ішкі істер бөлімі талапқа сай жұмыс жасауда. Яғни аудандық білім бөлімімен бірлесіп жастар мен жасөспірімдер арасындағы топтасқан құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу жоспары бекітілді, – деді аудан басшысы.
2018 жылдың 12 айында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың саны – 268, оның ішінде, 11-і профилактикалық есепте және 4-і қолайсыз есепте болған. 2017 жылмен салыстырғанда 56,3 процентке төмендеген. 2019 жылдың алғашқы 50 күнінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 4 дерегі, түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүрудің 24 дерегі анықталды. Жастардың беймезгіл уақытта көше жағалап жүруі жақсы әдет емес. Оларды бақылауды күшейту қажет. Жастардың потенциалын, ерік-жігерін бағыттау маңызды. Спорттық үйірмелерге беріп, мықты спортшы болуға, ғылыми ізденісін шыңдауға, көпшілік мәдени шараларға қатысуға мән беру қажеттілігін айтты аудан әкімі.
Мұны аудан прокурорының орынбасары Алмат Абдуллаев та қуаттап, жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықты азайту жолдарын айтты.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі. Жастарды заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке бағыттап, өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, қылмыстылыққа жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Мұндай жауапты жұмысты ата-аналар сезініп, сергек қарағанда ғана нәтиже болады, – деді Алмат Аманкелдіұлы.
Оның сөзінше, 2017 жылы ауданда соққыға жығу салдарынан 3 оқушы қайтыс болып, оның біреуі мектеп ауласында орын алды. 2018 жылы кәмелеттік жасқа толмағандармен 8 қылмыс жасалса, олардың алтауы мектеп оқушыларына қатысты тіркелген.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов мектептердегі тәрбие процесіне тоқталды.
– Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен панасыздықтың алдын алу мақсатында ата-аналар мен ұстаздардың қатысуымен «Жасөспірім», «Жасөспірім – Панасыз балалар», «Жасөспірім – Отбасы», «Байқаңыз, балалар!» және «Қауіпсіз мектеп» ведомствоаралық профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Мұғалімдермен бірлесіп жүргізілген рейд нәтижесінде түнгі уақытта өз беттерінше жүрген 124 мектеп оқушысы анықталып, хаттама толтырылды. 12 жасөспірімге мұғалімдермен, аудандық білім бөлімі қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қайтарылды, – деді ауданның бас ұстазы.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әкімбек Әлібек жастар саясаты аясында өткізілген шараларды саралады. Ал, қоғам белсендісі Изатулла Нәрзілдаев пен Айман Үржігітова тәрбие беру процесіндегі ата-ананың роліне тоқталды.
Жиын соңында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев аграрлы-техникалық колледж студенттері мейрамханаларда қызмет ететінін және үйіне беймезгіл уақытта қайтатынын айтып, оларды бақылауды ескертті.
Алқалы мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі жастардың тәрбиесінде отбасындағы тұрақтылық пен берекенің ерекше екенін айтып «Отан – отбасынан басталатынына» – назар аудартты.
Расында, балаға ата-ананың берген тәрбиесін ешкімде алмастыра алмайды. «Әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды» деген сөз осындайда айтылған болар...

Лаура Бибасарова.

23 ақпан 2019 ж. 1 395 0