№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкімдер сайланды: олар не істеуде?

Әкімдер сайланды: олар не істеуде?


Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені бойынша ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп, халық өз таңдауын жасады. Жаңақорған ауданында 13 ауылдық округтің әкімі сайланды. Енді сайланған әкімдер ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолында салық базасын ұлғайту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздар санын азайтуға тиісті. Халық өзі таңдаған басшыдан осыны күтеді. Осы бағытта ілгері қадам, ілкімді іс бар ма?


Сайлауға түскен үміткерлер сай­лауалды бағдарламасын түзіп, қабілет-қарымы жететін бастамаларды атқа­ратынын мәлімдеді. Сайлауалды бағдарламаларды бағамдап, көз сал­ғанда «аспандағы айды алып беремін» дегендей бос уәде бермей, яғни облыстық, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерге иек артпапты. Бірақ іс істеймін, нәтиже көрсетемін деген әкім төрт жылды күтпей, Президенттің бастамаларын ауылдық деңгейде сапалы орындауға мән беріп, жұмыстың сапасын арттыруы тиіс-ақ.
Біз ауылдық округ әкімдерімен хабарласып, мән-жайды білдік. Манап ауылдық округінің әкімі Нұрбек Бексұлтанов:
– Ең әуелі ауылды көгалдандыруға мән беріп, санитарлық тазалықты үнемі бақылауда ұстап, сын сағатта індеттің құрығына байланбай, көпшіліктің қауіпсіздігіне назар аудару міндет. Өздеріңіз білесіздер, бізде аудандық маңызы бар Талап бекетінің айналма жолын жөндеп, тас жол төсеуді аудан басшыларының назарына салудамын. Агроаймақ құрып, жайылымдық жер­ді нақтылап жатырмыз. Күні кеше Прези­денттің халыққа Жолдауында жайылымдық жерге қатысты нақты заң қарастыруды тапсырды. Манап ауылындағы негізгі мәселенің бірі жайылымдық жер болатын. Қазір төрт түлік су ішетін тоған маңында құрылыс жүргізуді шектеп, жайылымдық жерді кеңейтуге мән берудеміз, – деді.
Қожакент ауылдық округінің әкі­мі Елеусіз Жиенхожаев: «Елмен ете­не араласып жүргендіктен де ауыл тұрғындарының күн сайынғы қиындықтарын бір кісідей білемін. Жолдардың нашарлығы, жарықтың дүркін-дүркін өшуі, ауыз су мәселесі бәрімізді де толғандырады. Мен осы мәселелерді шешудің тетіктерін, ауыл өмірін қалайша жақсартуға болатынын білемін» деген еді сайлауалды бағ­дарламасында.
Ол уәдесін қаншалықты орындауда.
– Қожакент ауылында ауыз су, аяқ су мәселесі өз шешімін тапқан. Біздегі үлкен мәселе – мектептің сыйымдылығына байланысты қосалқы құрылыс жүргізу немесе жаңадан салу. 160 оқушыға лайықтап салынған мектепте 600 оқушы білім алуда. Президент Жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Осының аясында шешіліп қалар.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы үлкен міндет жүктеп отыр. Ауылды көркейтіп, абаттандырып, жасыл-желекке айнал­дырып, «Үлгілі ауыл» ретінде қалып­тастыруды тапсырды. Осы бағытта көшет отырғызу, демалыс орындарын салу, жарықтандыру сынды жобаларды қарастырып, жұмыс жасаудамыз, – дейді.
Уақыт не деген жүйрік десеңші! Кеше ғана сайлаудан өту үшін науқанға түскен үміткерлер, бүгін бір-бір ауылдың әкімі. Ауыл әкіміне жүктелер міндет аз емес. Ал, Кейден ауылының әкімі Сырлыбек Жоламанұлы бұл міндетті сезіне алды ма? Оны өзінен сұрадық.
– Кейден ауылындағы ең негізгі мәселе – ауыз су. Халық құдықтан су ішіп отыр. Аққұм елді мекеніне 12 шақырым жерге асьфалт төселу керек, – дейді ол.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан әкімі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде ауыл әкімдерінің кәсіп­керлік субъектілерін түгендеу жұмы­сын жүргізбеудің салдарынан мүлік, көлік салығын жинауда сапалы орын­далмайтынын және протоколдық тапсырмаларды орындаудағы кемші­ліктерді айтып, жұмысты жүйелеуге шақырып жүр.
Әрине, жауапкершілік жүгін әр әкім өзінің қабілет-қарымы, парасат-пайымына қарай көтереді, әрі халықшыл міндеттерді орындайды.
Мәдениет саласынан мемлекеттік қызмет саласына барған Әлімхан Сағынбайұлы Қосүйеңкі ауылдық окру­гінің тізгінін ұстады.
– Қосүйеңкі ауылдық клубының іргетасы 1960 жылы қаланған. Алдағы уақытта осы клуб үйі мен ауыл кітапханасын жаңадан салуды, көшелерді жарықтандыру және асфальтауды жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен шешуді көздеп отырмыз. Ауылдың бас жағынан су тоспасын салу қажеттілігі де бар. Қазір вирусты құрықтауда вакциналауға мән беру маңызды. Қосүйеңкіліктердің73 пайызы вакцина қабылдады. Осыны 100 пайызға жеткізуде үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырамыз, – дейді Қосүйеңкінің әкімі.
Әкім мен халық бірігіп, істің ебін тапса, шешілмейтін мәселе болмайды. Бәрі жергілікті әкімнің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне келіп тіреледі. Қожамберді ауылының әкімі Нұрқасым Сейітқасымов жас болса да, бас болып, әсіресе, вакциналауда жұмысты өз деңгейінде көрсетті.
– Жұмысымды сайлауалды бағдар­ламама сәйкес бастап кеттім. Елді мекеннің көше тазалығы мен істен шыққан шамдарды ауыстырылды. Аяқ сумен қамтамасыз ету үшін М-2 каналының У-1 тармағына тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, ұзындығы 8,5 шақырым канал тазаланып, суды реттейтін тоспалар жөнделді. Соңғы жылдары ауылда мал басы көбейді. Қазір жайылымдық жердің жетіспеушілігі сезілуде. Осыған байланысты қауымдастық мүшелерімен кеңесіп, аудандық жер қатынастар бөліміне жайылымдық жерлерді реттеу жұмысы бойынша ұсыныс берілді. Ауыл жастарын жұмыспен қамту және елді мекендегі кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Қожам­берді ауылының өсіп-өркендеуіне үлесімді қосып, жұмыссыздық деңгейін азайту бойынша жұмыс жасаймын, – деп ауыз толтырар жаңалықтарын жария етті жас әкім.
Ал Қыраш ауылдық округінің әкімі Бақытжан Әжібековтің «Мен тұрғындардың әл-ауқатын және ауылдың әлеуметтік жағайын жақсартуға барлық тәжірибемді және білімімді қосамын» деген сөзі ел есінде. Медицина сала­сынан мемлекеттік қызметке барған әкімнің не айтары бар?
– Біздің ауылдағы негізгі мәселе аяқ су. Әсіресе, төрт түлік ішетін судан қиналып отырмыз. Осыны шешуде «Аққолтық» деген жерден артезиан қазуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта төрт түлік Қайнарбұлақтан су ішеді. Кезінде «Таза су» бағдарламасы бойынша Қайнар­бұлаққа су жүйесі тартылған. 6,5 шақырымнан су шығады, оның қазір 2,5 шақырымы қайта жөндеуді талап етіп отыр. Бұл мәселеден аудан әкімі хабардар. Басшымыз жоба сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды. Қандай іс болмасын, әуелі тазалықтан басталады ғой. Ауыл іргесіндегі поли­гонға қоқысты төгіп-төгіп, өте қатты ластанып кетті. Ең бірінші, соны тазалап, көгалдандыруға мән беріп жатырмын. Осы тұрғыда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесімен бірлесіп көгалдандыру жұмысына мән береміз, – дейді.

P.S. Халық өзі сайлаған әкімге сенетіні, үлкен үміт артатыны хақ. Кез келген әкім мемлекетшіл болуға міндетті. Екіншіден, ауыл басшысы халықпен емін-еркін диалогқа барып, мәселені жергілікті деңгейде шешуге қабілетті болуы тиіс. Ең бастысы, халықтың қамын ойлап, адалдықтың ақ жібінен аттамағаны ләзім.

Әсел РЗАЕВА


08 қыркүйек 2021 ж. 557 0