№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сайлау – азаматтық қоғамды дамытады

Сайлау – азаматтық қоғамды дамытады


Ел тарихында алғаш рет ауылдық округ әкімдерін халық сайлайды. Жауапты науқан жақындап, кандидаттар сайлауалды бағдарламасын насихаттауға кірісті. Үміттілер межесі мен міндетін, мақсаты мен мұратын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы жариялауда. Алайда олар халықтың талап-тілегін, ұсыныс-өтінішін ақтай ала ма? Мәселе осында. Себебі, халық өзі сайлаған әкімінен нақты шешім күтетіні анық.


Тәжірибе көрсеткендей, 2013 және 2017 жылы әкімдер 4 жылға сайланған-ды. Бірақ әкімдерді тұрғындар емес, мәслихат депутаттары таңдады. Алайда сайлаудың бұл түріне «демократияның декорациясы» деп баға беріп, сенімсіздік танытқандар көп болды. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайланады деп шешті. Сонымен, шілде айының соңғы онкүндігінде аудандағы 17 сайлау учаскесінде 13 ауылдық округтің әкіміне дауыс беріледі.
Сайлау жақындаған сайын қарапайым халық арасында әртүрлі сауал да көбеюде. Алдағы үш жылда жалпы әкімдер корпусының 91 пайызы сайланатынын ескерсек, онда бұл елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға айналатын болады. Мұндағы мақсат – халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді.
Ел бойынша 700-ден аса ауылдық округ әкімі, ал, Сыр өңірінде 40 ауылдық округ басшысы «халық сайлаған әкім» ретінде тарихқа енбек. Әкім креслосынан 131 кандидат ниетті. Дегенмен әкім болу бір басқа, халыққа жақын болу тағы бар. Сайланғаннан соң, халықтың үмітін ақтап, елге қызмет етудің салмағы ауыр болмақ.
Қоғамдық саяси зерттеу институтының жүргізген сауалдамасына қатысқан 2936 адамның 60 пайызы сайлауға баратынын айтса, 23 пайызы нақты шешім қабылдамағанын алға тартыпты. Біз де Жаңақорған кентінде сауалнама жүргізіп, тұрғындардың сайлауға қатысты пікірін білдік.
– Халық сайлаған әкімдерге артылар жауапкершілік жеңіл болмайды. Әкімдер – Президенттің жергілікті жердегі өкілі. Мемлекеттік бағдармаларды сәтті жүзеге асырып, әлеуметтің әлеуетін арттыруы тиіс. Мұндай саяси науқанға әрбір жаңақорғандық белсенді қатысуы тиіс, – деді Анарбек Абдрахманов ақсақал.
Ауылдық округтер бойынша талдайтын болсақ, Байкенже, Қосүйеңкі, Қыраш, Қожакент, Манап, Жаманбай батыр, Келінтөбе, Екпінді, Кейден, Өзгент, Қожамберді, Талап, Көктөбеге әкім болуға 46 кандидат тіркеліп, олар үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.
Ауылдық округтердің мәселесі ортақ. Олар: электр жүйесін жаңарту, интернет жылдамдығын арттыру, ауыз су мен аяқ суды шешу, ауылішілік жолдарды асфальттау және т.б. Әрине, мұның бәрі қыруар қаржыны қажет етеді. Облыстық, республикалық деңгейде шешілетін мәселелердің түйінін тарқатуда аудан әкімі аянып қалмасы анық. Ал, ауыл әкімдері не істеуі тиіс? Жұмыс істеймін деген ауыл әкіміне жұмыс шаш-етектен. Аудан әкімі Руслан Рүстемов мамыр, маусым айында өткізген аппараттың кеңейтілген отырысында түйдек-түйдек мәселелердің бетін ашып берді. Салық базасын кеңейтуде елді мекендегі кәсіпкерлік субъектілерін түгелдеу, кәсіпкерлікті дамытуда қолдау шараларын ұтымды ұйымдастыру міндеттелді. Қазір әрбір үйде бір-екі көліктен бар. Бірақ, ауылдық округ әкімдерінде мұның нақты есебі жоқ. Кәсіпкерлер арасында табысын жасырып, салықты нөлдік есеппен тапсыратындар көп. Міне, осы міндетті сайланатын әкім көтере ала ма? Дауыс беретін халық әкімді таңдағанда осы тұрғыда таразылау маңызды. Ж-о, ж-о-қ, қазір кейбір ауылдық округтерде ата-атаға бөлініп, рушылдық пиғылдан аса алмай жүргенін естіп жүрміз. Егер сайлауға мемлекеттік мұрат тұрғысынан салмақтап, қарамайтын болсақ, дамуға емес, құлдырауға бет аламыз...
Осы сайлау барысында біздің қоғамда демократиялық үрдістер жетілу үстінде ме деген сұраққа жауап алатын боламыз. Енді жаңа форматтағы әкімдер сайлауының негізгі ерекшеліктеріне тоқтала кетсек.
Біріншісі, үміткерді ұсынудың бір жолы – саяси партиялар арқылы жүзеге асады. Демек, әкімдерді сайлау партиялар бәсекесіне айналады деген сөз.
Екіншісі, кандидат өзін-өзі ұсына алады. Бұл – азаматтық қоғамды дамытатын тетіктің бірі.
Бастысы, әкімді сайлау халықтың жалпы сайлау үдерісіне сенімін арттыруы тиіс.
– Қазір бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу. Саяси мәдениеті қалыптасқан. Енді халық өзі сайлаған әкімінен талап ету құқығына ие болады. Мұның бәрі жергілікті жердегі қоғамдық институтты дамытуға негіз болып, ауыл халқының қоғамдық белсенділігін арттыра түсетіні анық, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Сарапшылардың сөзінше, сайлау – жергілікті деңгейде билікке сенімді арттырып, өңірлік саяси элитаны қалыптастырады. Сайлау нәтижесінде әкім болғандар бастамашыл қырларымен танылып, келешекте аудан әкімі сайлауына түзу құқығына ие болатыны анық. Яғни қоғамдық сана мен саяси мәдениетті жаңа сатыға көтеретін жоба. Мұның бәрі халықтың белсенділігіне байланысты жүзеге асады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
17 шілде 2021 ж. 786 0