№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 4-ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ: ауылдық округтердің қарекеті қалай?

4-ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ: ауылдық округтердің қарекеті қалай?

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам халқы бар ауылдық округтер өз еншісін алды. Яғни бюджеттік қаржыны өздері жинап, өздері жұмсауға көшті. 2020 жылы барлық ауылдар дербес бюджетке ие болды. Енді жергілікті жердегі әкімдер қазынасын салық түсімдерімен толтырып, өз мәселесін өзі шешуі тиіс. Мұның жауапкершілігін біздің әкімдер толық түсініп жүр ме?

Аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге елді мекендерді аралаған кезде жергілікті деңгейде шешілетін қажеттіліктерді мәселе етіп көтергенін көрдік. Демек 4-деңгейлі бюджеттің қалыптасуы жүйеленді дей алмаймыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару механизімінің тиімділігін арттыруды, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалауды тапсырды. Онда: «аудандық, қалалық, ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс» деп нақты бағдар көрсетті. Яғни қауымдастықпен бірлесіп жергілікті бюджетті жоспарлау және қажеттілікке қарай жұмсауға құқылы.
Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мәліметіне тоқталсақ, бюджеттің 91,3 процентін жоғары тұрған бюджеттерден бөлінетін трансферттер құрайды. Бұл дегеніңіз, Жаңақорған субвенциялы аудан деген сөз.
Сыр өңірінің өзге аудандармен салыстырмалы талдайтын болсақ, облыс бойынша 4-деңгейге жататын кент және ауылдық округтердің кірісінде жоғары тұрған бюджеттен бөлінген субвенциялар көлемі бойынша Жаңақорған кентінде – 97,5 процентті құрайды. Ал Қазалыда – 96,8, Шиеліде – 56,5 процент.
– 2020 жылы Жаңақорған кенті жеке тұлғаларының мүлік салығына 1657,0 мың теңге жоспарласа, халық саны шамалас Шиелі кенті 4050,0 мың теңге, Әйтеке би кент 1835,0 мың теңге жоспарлады. Жер салығы бойынша жағдай осыған ұқсас. Жаңақорған кентінің тұрғын үй саны артқанымен, салық түрлерінің көлемі өскен жоқ. Бұл жердегі негізгі мәселе – салықтық әкімшілендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей отыр, – деді бөлім басшысы Ахметқали Қасқабаев.
Салық кодексіне сәйкес жеке тұлғалардың жер және мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазан болып белгіленген. Қазіргі жағдай бойынша бірнеше кент және ауылдық округ әкімдері салық жинауды өз деңгейінде жүргізбегені белгілі болды.
Алдымен мүлік салығына келсек, Жаңақорған кенті жоспарланған меженің 63,2 процентін ғана орындаса, Төменарық – 64,3, Аққорған –71,8, Қаратөбе – 72,4 процентін жинады. Сондай-ақ, Қандөз, Қожакент, Қыркеңсе, Қожамберді, Ақүйік, Көктөбе, Өзгент, Талап ауылдық округі де жоспардан шыға алмады. Бұл – бөлімнің ұсынған мәліметі.
– Жер салығы бойынша талдасақ, Қыраш пен Кейден жылдық жоспарды толық орындаса, Жаңақорған кентінің көрсеткіші – 25,6, Байкенже ауылдық округі – 32,8 процентін орындады. Бұл жылдағы жағдай десек те болады. Сондықтан кент, ауылдық округ әкімдерінің бюджеттің кірістер болжамын орындау, жаңа көзін іздеу бағытында істі жүйелеу қажет, – деді бөлім басшысы.
Мұның барлығын неге зерделеп отырмыз, себебі 4-деңгейлі бюджеттің негізін салық түсімдері құрайды. Бұл қаржыға елді мекендегі көше жарығын, әлеуметтік билборд, көгалдандыру-көркейту жұмыстарын жүргізуге болады. Аяқ су мәселесін де оңтайлы шешуге мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, салық – халықтың қажеттілігіне жаратылады.
2021 жылғы кент және ауылдық округ бюджеттерінің кірісінің түсімін ұлғайту мақсатында тиісті жұмыс жүргізіп, былайша айтқанда, аудандық бюджетке масыл болмай, «өз қотырын өзі қасу керек».
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ауылдарды аралағанда осы мәселеге мән берді.
Осы орайда, еншісін алғанына екі жылдан асқан тіректі ауылдардың хал-ахуалына тоқталып өтейік.
Ақүйік ауылдық округінің не­гізгі кіріс көзі – мал және егін шаруашылығы. Онда 8 кәсіпкер егін шаруашылығына дем беріп, 30-ға тарта адам жұмыспен қамтылды. Маусымдық жұмыстан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт кешені бой көтерді.
Сыр беткейдегі Қожакенттің қауқары, Түгіскеннің түтіні, Жаңа­рықтың жағдайы қалыпты. Егіннен несібесін ажыратып отырған ауыл­дардың әлеуметтік деңгейі артып келеді. Дегенмен онда жайылымдық жерлердің жайы көпті алаңдатады.
Аяқ суы толық шешілмеген Көктөбе, Қандөз, Талап, Манап, Төменарық, Сүттіқұдық секілді елді мекендердің тыныс-тіршілігін инвестиция тартып, шағын және орта бизнесті дамыту арқалы түрлендіруге болады. Аудан әкімі бұл бағытта жергілікті басшыларға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша істі жандандыруды тап­сырды.
Мұны іске асыру ауыл әкімдерінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет-қарымына байланысты. Біздің түсінгеніміз, атқарылып жатқан істер жоқ емес, бірақ тұтас ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырып жіберуге қауқарсыз жобалар. Ол үшін ауылдық округтің әлеуметтік бейіміне қарай кластерлік тәсілде дамыту орынды секілді. Ең бастысы, дайын өнім өндіруге басымдық бермей ауылдың жағдайы көтерілмейді, ортақ қазына да ортая береді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 қазан 2020 ж. 914 0