№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Таза өлке – саулық негізі

Таза өлке – саулық негізі

«Тазалық-саулық негізі, саулық-байлық негізі» деп бекер айтылмаса керек-ті. Әсіресе қазіргі пандемия кезеңі тазалық сақтауды талап етіп отыр. Тазалық болған жерде адамның денсаулығы да нығая түсетіні сөзсіз. Әсіресе, дүниежүзіне төнген үлкен нәубетке қарсы күресте бұл маңызды. Онсызда біздің аймақтың өзге өңірлерге қарағанда экологиялық ахуалы мәз емес. Жылдың қай мезгілі болмасын жел тұрып, топырағы құм суырып, шаңы аспанға көтеріледі де жатады. Осындай жағдайда аудан басшылығының ел-жер тазалығына жете мән беруі нәтижесінде қолға алынған шаралар аз емес. Бар жұмысты тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ғана ысырып тастау қисынға келмейді. Әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытқаны жөн.

Шындығын айта кету керек, аудан, ауыл жұртшылығын тазалыққа үйрету оңай болмай отыр. Ащы да болса шындық, кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастап кетуден ешбіріміз арланар емеспіз. Кент әкімшілігі көше комитеттерінің басын қосып, осы тақырыпта жиналыс өткізді.
Онда сөз алған кент әкімінің орынбасары Серік Сейдуалиев:
– Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды бір кісідей тазалықты сақтауға шақыру керек. Осындай нақты іске көшетін болсақ, ауданымыз көркейе береді. Ол үшін мекеме мамандары мен көше комитеттері бірлесе жұмыс жасаса деген тілегіміз бар. Өздеріңіз де білесіздер, кент келбеті көркейіп, көшелер жаңартылып, дамудың даңғыл жолында келе жатырмыз – деді.
Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті. Солай бола тұра сауда нүктелері қаз-қатар орналасқан базар аумағы неше жылдан бері қоқыс қалдығынан көз ашпай келеді. Осы маңда тау болып үйіліп жатқан қоқыстар қадам сайын кезігеді.
– Мұндағы кәсіпкерлік нысандардың көбі тазалық мекемелерімен келісім-шартқа отырмай, тазалық жұмысын өз мойындарына алған, бірақ ол атқарылмайды. Ал, жекелеген тұрғындармен ортақ келісімшартқа отырып, ай сайын 500 теңге ақысын белгілеп отырмыз. Енді, тұрғындар ортақ келісімге келсе, біз тыңғылықты жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді «Нұр-Шах» ЖШС-нің төрағасы Нұрлан Сәдуақасов.
«Тазалық – денсаулық кепілі». Осы сөзге мән бере бермейтініміз рас. Бірақ бүгінде көптеген аурулардың көбеюіне ауаның ластануы себеп болуда. Бұл жөнінде аудан тұрғындарының арасында сауал жүргізіп, халықтың пікірін де білген едік.
Жанғабылова Мария: Бізде бұрынғыға қарағанда, әжептәуір тазалық жақсарған. Әйтсе де, қай көшеге барсаң да үйіліп жатқан бөтелке, баклашка қалдықтары мен ақтарылып жатқан бала жөргектерін көремін. Жел тұрса ұшып, есігіміздің алдына келеді. Кейде таңертең аулаға шығуға ұяламын, үйдің ер азаматтары шықпай тұрғандай, жинап тастауға тырысамын. Қарапайым халыққа айтар едім, жауапты мекемелерден бөлек, әрбір үй тұрғыны өздерінің ауласын таза ұстаса, айналасын жиып-теріп отырса, мұндай олқылықтар болмас еді. Мысалы, өзім үйімнің айналасын күнде жинап отырамын. Есігімнің алды тап-таза болып тұрса, маған да жақсы ғой.
Сағынтаев Берік: Ауданымыздың тазалығы қаланың тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп келе жатыр. Таң атысымен көшемізде көліктер қоқыстарды жинап, үйіміздің алдынан алып кетіп жатыр. Бұрын қоқыстан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Тіпті, өлген ит, мысықтардың иісінен аузы-мұрнымызды жауып әрең өтетінбіз. Қазір олай емес. Орталық көшелерге қарасам көңілім жайланып, кәдімгідей қуанып қаламын. Айнала
мұнтаздай тап-таза, жарықтар жарқырап, әдемі ғимараттар көбейіп келе жатыр. Осы қарқынмен шағын қаланың қатарына кіретін шығармыз деген ойым бар.
Күмісбек Ақмырза: Бізде сыйлы адамдар келетін кезде ғана көшелер тазаланып, су себіліп жатады ғой. Басқа кезде қай көше болмасын қоқыстан көз ашпайды. Жол бойындағы арықтардың ішіне қарасаң небір сұмдыққа көз түседі. Адамнан ұят кеткен заман болды. Тапа- тал түсте қолындағы қоқысын лақтырып, көшені ластап кете баратындар көп. Айналасынан ұялмайды. Бәлкім көшелерге қоқыс тастайтын жәшіктерді көбірек орнатса, қарапайым жұртшылық соған үйренетін шығар. Тиісті орындарға құлаққағыс болсын дегім келеді.
Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, пластик өнімдер мен ағаш, темір заттары болып жік-жікке бөлінеді. Керек десеңіз, тамақ қалдықтарының өзінен биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, Францияда қоқысты өртейтін кешенді зауыттар: қоқысты қайта өңдеу арқылы 30% аллюминий, 50% әйнек, 50% газет қағазын өндіреді екен. Ал, көршілес Қытай елінде бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Сондай-ақ әлемнің көп елдерінде қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынған. Өйткені, тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. «Таза табиғат-халық байлығы» деп жатады. Олай болса, қолда бар байлығымызды бағалап, әр адам өз ауласынан бастап, жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
22 маусым 2021 ж. 991 0