№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сол жылдары "ләңгі" теппеген бала болмаған шығар!

Сол жылдары "ләңгі" теппеген бала болмаған шығар!

Байырғыда көше бойында тұратын бала біткеннің бәрі жиналып, ләңгі мен асық ойнап, доп теуіп, асыр салатынбыз. Бүгінде қарасаң, бесіктегі баладан бастап жасы үлкен қарияларға дейін түрлі қалтафондар мен смартфондардың құрығына іліккен. ХХІ ғасырда, технологиялық өрлеу дәуірінде өмір сүріп жатқан бала біткенге «ләңгі» тас дәуіріндегі жабайылардың ойыны болып көрінуі әбден мүмкін.
Қазіргі балалар «ләңгі» деп аталатын ойын бар екенін біле ме екен? Балалық шақтары өткен ғасырдың 70–80-ші жылдарында өткен аға буын өкілдерінен бұл ойын жайында сұрай қалсаң, аузының суы құрып айтып беруге дайын. Бертін, 90-шы жылдардың аяғына дейін ауылдық жерлерде ойналып, кейін халық қалаға қарай үдере көш-кенде ләңгі ойынының да дәурені тарқай бастапты. Себебі, ләңгі ойыны асфальтта емес, топырақта өскен ойын баласына арналған болатын. Қазір ләңгі ойнамақ түгілі, шыбықты ат қылып мінбейтін қала баласын тек «counter strike» қызықтырады.
Қазақ жерінде көктем туғанда ләңгі ойынының асқынып кететіні сондай, тіпті ол балалардың оқу үлгеріміне әсер етіпті кезінде. Совет үкіметінің білім жүйесі мұны жылдам байқап, мұғалімдерге ләңгіден шап жарығының (грыжа) пайда болатыны туралы қауесетті сіңіруге тырысқан. Бірақ оны тың-дайтын ойын баласы ма? Күн жылынып, жер кебе салысымен ләңгі науқаны қызу күшіне енген. Ол кезде ұлдарды қойып қыздардың өзі білек сыбана кірісіп кетеді екен бұл ойынға. – Көшеден ескі аккумуляторлар тауып әкеліп, оның ішіндегі қорғасынды ерітіп, ләңгінің түр-тү-рін жасайтынбыз, мұғалім күніне не-ше ләңгіні тартып алса, қалтамызда сонша ләңгі жүретін, – дейді ағалар.
Енді «Ләңгі қайдан шықты?» деген сұраққа келейік. Білгіш Уйкипедиа ләңгінің Орта Азия елдері балаларының арасында кеңінен таралған ойын екенін айтады және ойынның Қазақстандағы ойналу тәртібі, ережелері жайында жазады. Ғаламтор кеңістігін шарлағанымызда ләңгі ойыны туралы аздаған деректерге жолықтық. Бұл ойын ежелгі Орта Азия жеріндегі көшпенді тайпалар арасында пайда болыпты. Ат құлағында ойнаған дала баһадүрлері үшін аяқ пен қолдан асқан қару жоқ. Тақым мен тізе мықтылығын шынықтыруға арналған арнайы жаттығу ретінде пайда болған ләңгі кейін балалар ойынына айналған.
Ләңгінің қысқаша тарихы осындай. Ол қалай болғанда да, қазаққа етене жақын ежелгі ойын. Көкпар, асық сынды ұлттық ойындарымыздың қатарында. Ләңгіні де сол қатарға алып, қазақ баласына қайта ұсынсақ, ұлттық мәдениетіміз байи түспесе, кедейленіп қалмас. Онсыз да қымызыңа неміс, айтысыңа армян жиендік етіп жатқан уақытта өз ұлттық құндылықтарымызға аса сақ және құрметпен қарағанымыз дұрыс.

Дайындаған Ерлан Райымбек.
26 қыркүйек 2019 ж. 1 431 0