Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Денсаулық - зор байлық

Денсаулық - зор байлық

Ғасырдан астам тарихы бар, жапан далада жатса да жанға дауа сыйлаған жабайы кен-Теріскен көлінің тұзды суы мен қара батпағы уақыт өте келе жаңарған емдік-сауықтыру орнына айналып, бүгінде атақ-даңқы әлемнің жеті қиырына танымал. Уақытпен бірге ұрпақ та жаңарады. Жаңақорған кентімен жапсарлас қонған Әлімкөл халқының дені - ата-әже, әке-шешесінен бері қарай бүтін династия күнкөріс кәсібін осы маңдайларына біткен тұзды батпағы мен суының өзі ем болған киелі мекеннен ажыратып, айлық-жалақысын алып, тіпті келешегін де осы кен орнынан кері елестете алмайтын тәрізді. Өйткені қасиеті баяғыда мойындалған кеннің көзі кеңеймейді де, тарылмайды да, қанағат етіп, қадіріне жеткенді қанатына теңеп, қамқорына бөлеп, ырыснесібесіне бөлеуден жаңылмай келеді.


Жаңақорғанның атын шығарған қара балшығының дертке дауа екендігі өткен ғасырдың басында белгілі болған, соғыс уағында жараланғандарды емдейтін №30/80 госпиталь ретінде қаншама майданнан жеткізілетін жауынгерлер осында жөнелтілген. Сонда осы аймақтың тылда қалған жас балалары мен кемпіршалы эшелон толы ыңырсыған мүгедектерді түсіріп алып, госпитальға жеткізумен жауырыны жара болған. Ол аздай қара батпақты шелектеп тасып, жараға жағып емдейтін де сол балашағаның балапан алақандары еді. Сосын қайтіп бұл жердің халқы ол батпақты ата-бабадан келе жатқан көз жасындай қадірлемесін, мекіренген мінезінен танбаған мейірлі мекенді қасиет тұтып, тамыры суалмасы үшін табаннан тік тұрып қызмет қылмасын?

Кеңес кезінен бастап есептегенде ел тәуелсіздігін алған жылдарға дейін санаторияда он үш басшы ауысыпты. Әрбірінің өзіндік қолтаңбасы, үлгісі қалды. Санаторияны механизациялау түпкілікті қолға алынып, батпақты қолмен таситын енапат бейнеттен құтылу үшін құбыр жүргізіліп, сол арқылы тасымалдау технологиясы көп жұмысты жеңілдетті. Тоқсаныншы жылдардағы нарықтық саясаттың қиындығы емдеу орнын тығырыққа тіреді. Кеңес заманындағы одақтас республикалардан кәсіподақ арқылы жолдамамен ағылған еңбек адамдарының легі сап тиылған, жеке азаматтардың денсаулыққа бұрылар мұршасы жоқ, қай салада тапшылық қысып тұрған кез. Лаж жоқ, Казсоветкурорт басшылығына кен орнын шетелдік болсын инвесторға сатып сақтап қалудан басқа амал қалмаған. Міне, сол кезде кен орнының байырғы жұмысшылары болып акцияларын жергілікті басшылық сенім білдірген өкіл, бұған дейін талай шаруашылықты басқарып келген, кейін жеке ірі қожалықтың төрағасы болған ел ағасы Амангелді Абдуллаевтың қолына біріктіріп, тәуекелмен екі шылбыр, бір тізгінді ұсынды. Соны жүрексінбей қабыл алып, миллиондаған теңге қарызға батқан мекемені басқаруды мойынға ілген азаматтың алдында асқар тау міндет тұрды. Үш жылдап еңбекақысын алмаған адамдарға ол алғашында жеке иелігіндегі малын сатып болсын азықтүлік, ұн таратуға мәжбүр болды. Санаторияға демалушылар мен емделушілер тартуға қызметкерлерді ел-елге командировкаға жіберіп, жұмысты аяққа нық қоюға тырысты. Қиындыққа дес бермей ұйымшылдықпен атқарған іс нәтижесін береді екен. Бастысы, жанға шипа, емге дәру қара батпақтың киелі қойнының сүйекбуыны сыздап келген талайдың жанына батқан сырқатын сылып алып, қабағын жадыратқан жаз пейілінен бір танбауы оның жолына садақа еткен сансыз шығынның орнын ерекше күш-жігермен еселеп, сынақта сынбаған қайратты ердің бейнетін берекеге қауыштырар үкілі үмітінен жаңылдырмады. Және нақ солай болды да.

Қазірде санатория келбеті адам танымастай өзгерген.

Аптаның аяғында біз осынау кен орнының жұмысымен кеңірек танысуды мақсат етіп, бүгінде Бақытжан Абдуллаев басқарып отырған «Жаңақорған шипажайына» бет түзедік. Шипажай ауласынан енгеннен көп нәрсе ойға оралады. Бұл кен орнынан өзге осы өңірдің өзінен кенттің екі шетінде санатория ашылып, ешкімнен кем емес халыққа қызмет көрсетуде. Мына қараорынның біз үшін жүрек толқытарлықтай бір ерекшелігі, үкіметтің жұмысынан бір қол үзбейтін, оның қабатында он бала тапқан әке-шешеміздің әркез бой жазып, батпағына түсіп, балдай тәтті суын ішіп, бір қабатты болғанымен жап-жасыл баққа көмкеріліп тұратын саялы мекенжайда қабақтары жадырап, бой-бойы шығып терлеп отыратын кейпі көңілімізде тұр. Ұзыннанұзақ соғылған бұл бір қабатты корпуста қазір санатория әкімшілігі орналасыпты. Санатория директоры Бақытжан Амангелдіұлымен еменжарқын сұхбаттаса отырып, көптеген сауалдарға жауап таптық. Соның бірі, ел арасында айтылып жүрген «Бұл емдеу орнының жасы жетті, емі ескірді, енді оның әсерлілігі аз» немесе «бір жаққан батпақты екінші адамға пайдалана береді» деген сынды сыңаржақ пікірлердің бар екенін де бүгіп қалмадық, есесіне дәлелсіз дақпыртқа нақты дәйек, жел сөзге орнықты жауап алып, көңілімізді жайладық.

Теріскен көлінің құрамында қара батпақты жеп, қайта қалпына келтіретін артемия деген бактериялар бар, олар өзінен биологиялық белсенді заттар-фоленді бөледі екен. Әсіресе, шілде-сүмбіле айларында қара лайда жыбырлаған құрттар көзге де көрінеді, емдік қасиет тап соның өзінде. Анау көз алдымызда жатқан Теріскен көлінің өзіміз көріп келе жатқаннан бері өзгермей келе жатқан көлемінің сыры, оған тұс-тұстан скважинадан құйылып тұрған су бар, табиғаттың бұл тартуы да тұздылығы жағынан кенде емес екен, оның үстіне қар-жаңбыр суы да көлге қосылады.

Көлді үш бөлікке бөлген, пайдаланылған батпақ қайта құйылған бөлігі бір жылға дейін қозғаусыз жатады, онда ыстық пен суық алмасқан ауа температурасында батпақ регенерациядан өтеді, табиғи айналыммен бастапқы қалпына келеді, жоғарыдағы микроорганизмдер өзара әрекеттесіп, тап-таза емдік балшықты қайта әзірлеп береді екен. Міне, табиғаттың шеберлігі дегеніміз осы. Ал адамдар тарапынан керегі тек адал әрекет, таза бейнет, арасалмақты тепе-теңдікті сақтап отыру қажет. Әр тоқсан сайын Алматы қаласындағы Казгидрогеологиялық лабораториясына және Сызғанов атындағы институттың кардиология бөлімінде курортология зерттеу орталығына тексертіп, жылына екі рет балшықтың емдік сараптамалық қорытындысы әзірленіп отыратынын білдік. Қай бір жылдары батпақты сырттан саудалап алып кетушілер де болған екен. Осы жердің ақсақалдарының бұған қарсы болып, «кеннің киесі көшіп кетеді» деген кеңесімен 1987 жылы Казсоветкурорт басшылығы бөтен жерге тасымалдауға рұқсат етлмейтін жарғы шығарып, жолсыздық тоқтатылыпты.

Бақытжан Амангелдіұлы 2009 жылдың қараша айынан бастап директор болып тағайындалыпты. «Әсіресе әке орнына келіп аманатын жалғаудың жауапкершілігі өте жоғары болады екен. Осы мекемені аяққа тұрғызуда табанды еңбек еткен әкемнің жүрген жолын, істәжірибесін бағдар етіп, жұмысымызды жаңаша мазмұнда өрістетуге бар күшімді салып келемін» дейді ол бізбен сұхбатында.

Бүгінде санаторияның жалпы сый­ымдылығы 480 адамға жеткен. Жылы­на 10-12 мың адам демалады. Емделушілерге медициналық қана емес, жоғары деңгейлі сервистік қызмет көңілдегідей екеніне демалушылар ілтипаты көзімізді жеткізді. Біз осы аралықта шипажай директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғабит Үйсінбаевты да әңгімеге тарттық. Ол бізге осындағы негізгі ем – балшық пен рапаның құрамы жөнінен түсінік берді. «Былайша келгенде, балшық пен рапаның екеуін де бір жерден аламыз, құрамы бір, тек тұзды су жеңілдеу болғандықтан батпақтың бетінде тұрады. Бір литр суда 60-70 милиграмм тұз бар, екеуінің де емдік көрсеткіші бір, екеуін де жылытып пайдаланамыз. Балшықтың сүйек, буын ауруларына, полиартрит, артрит, остеохондроз, бруцеллезді полиартрит, перифериялық нерв жүйелерінің ауруы, неврит, радикулит, омыртқажұлын жарақаттарының зардаптары, гинекологиялық аурулар, бірінші, екінші деңгейдегі бедеулік, урологиялық аурулар – созылмалы простатит, ерлер ұрықсыздығы, және белсіздікті емдеуге пайдасы зор. Ал рапа псориаз, экзема сынды тері ауруларына, күйіктен кейінгі жағдайға ем, содан соң кейбір грязды қабылдай алмайтын әлжуаз жандарға батпақ орнына тағайындалады, – дейді ол.

Бүгінде санаторияда 210 қызметкер жұмыс жасайды екен. Таяу арада спорт алаңы соғылып, пайдалануға беріліпті. Емдік орнының жаңа медициналық аппараттармен толыққанын білдік.

Санаторияда көп балалы жұмысшықызметкерлеріне жылда бір айлық көлемінде қосымша қаржылай көмек беріледі, босанған аналарға да осындай қамқорлық жасалады екен.

Мәдени кештер ұйымдастыруда санатория жастарынан құрылған көркемөнерпаздар концертін тамашалауға мүмкіндік бар. Сондаяқ демалушылар жексенбі сайын Арыстанбап, Қожахмет Яссауи кесенесі сынды тарихи орындарға саяхаттауына жағдай жасалған. Жаңадан спорт алаңқайы салыныпты, теннис, шахмат столы бар. Бәрінен бұрын емделушілерге таза ауада атпен сейілдеуде тұлпар баптап, саумал дайындау жолға қойылыпты.

Емдеу орнын заманауи талапқа сай емдік құрал-жабдықпен жабдықтау жолға қойылған. Фитобочка, емдік шахтасы бар. Бұғының мүйізінен жасалған дәрілерді тапсырыспен алдыруда Алтай өлкесімен келісімге отырыпты. Санаторияда массаждың барлық түрі – нүктелі және классикалық массаж түрлерімен таныстық. Инемен емдеу, гальвоногряз жүйелі жұмыс жасап тұр. Емдеу-сауықтыру орны уролог, гинеколог, узист, терапевт, кардиолог, эпидемиолог мамандармен қамтылыпты.

Жаңақорған шипажайының тағы бір артықшылығы, мұнда 91-жылдары артезиандық скважина қазылып оның суы ғылыми зерттеуден өтіп, асқазан, ішек-бауыр, несеп жолдары, тағы басқа ауруларға пайдаланылуда.

Оның созылмалы гастриттің барлық түріне, колит, зат алмасу, қант, бүйрек, қан аздығына аса әсерлілігі дәлелденген. Асханада емделушілердің жеке менюі бойынша ас әзірлеп беру ережесі жолға қойылыпты. Ас-ауқатқа қосымша шұбат пен қымыз күнделікті рационнан түспей келеді екен.

Шипажай айналасы қалың ағаш, тіпті шырша тектес өсімдіктерді жерсіндіру нәтижесінде өзгеше көркемдікпен көмкерілген бау-бақша көрінісі көз жауын алып, демалушылардың көңілкүйі көтеріңкі болуына жан-жақты әсер сыйлап тұрғаны аңғарылды.

Шипажай басшысының алға қойған мақсаты бұдан да үлкен. Оған төл табиғатымыздың әлеуеті де, сән-сәулеті де сай екеніне біз де қуанып оралдық.

Баян Үсейінова

24 маусым 2023 ж. 972 0