ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Нұржан Ахатов пен жауапты сала басшылары құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын бақылауды «Достық үйінің» жаңа ғимаратында жалғастырды. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі. Бейбарыс сұлтан көшесіндегі сәулетті ғимараттар қатарын толықтырған нысанның сырты күннен қорғайтын сәндік панельдермен қапталған. Екінші және үшінші қабаттарда кеңселер, сондай-ақ холл, фойе, ресепшн, гардероб, 200 орындық үлкен зал, 60 орындық кофейня орналасады. Конференц-зал заманауи техникалармен жабдықталады.
Цокольді қабатта би студиясы, музыка және вокал кабинеттері, клуб, қоймалар, архив және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Бүгінде ішкі әрлеу және дизайнерлік безендіру, сондай-ақ сыртқы абаттандыру жүргізілуде. Жұмыстың 95%-ы біткен. Құрылыс алаңында 7 техника және 135 жұмысшы еңбек етуде.
Ал Президент саябағында бас мердігер «Bi Global» ЖШС ауқымды абаттандыру жобасын жүзеге асыруда. Саябаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар салуды жоспарлаған. Мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бас мердігер Alem Qurylys AQ ЖШС жобаға сәйкес спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



