Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлы Отан соғысы кезінде 500-ге жуық жауынгер шипажайдан айығып кеткен

Ұлы Отан соғысы кезінде 500-ге жуық жауынгер шипажайдан айығып кеткен


Жаңақорған аудандық шаруашылық есептегі архиві ең алғашқы құжатты Жаңақорған Санаториясы, бүгінгі «Жаңақорған» шипажайынан қабылдаған еді.Бүгінгі таңда архив қорында 1942-2012 жылдар аралығындағы 521 құжаты тұрақты сақтауда тұр. Сол құжаттар негізінде 100 жылдық тарихы бар шипажайдың тыныс-тіршілігі жайлы тың деректерге көз салайық.


«Жаңақорған Санаториясы «Теріс­кен» балшықты көлінің жағасына, темір жол бойына орналасқан. Бұл көлдің балшығының емдік қасиетіне Орта Азия темір жолының құрылысын жоспарлау барысында Одақ кезіндегі жұмысшы экспедициясы назар аударған.
1916-1917 жылдары бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласының темір жол ауруханасынан фельдшерлер Наумов, Готлиб, Костенколар келіп, өзен суының емдік қасиетін зерттеу үшін Ташкент қаласына апарған. Сөйтіп өзен бойында ауруларды емдеп, балшықпен емдеу курортының негізі қаланған. Ең бірінші шпалдан соғылған күрке секілді үйлер Түркістан каласының темір жол ауруханасының дәрігері Ф.С.Мартюковтың ұсынысымен 1918 жылы соғылған екен. Кешен балшық курорты болып тұрақты жұмыс жасауға кірісіп, 1918-1941жж. («Грязевой курорт Министерство путей сообщения СССР») КСРО-ның хабарлама желісінің Министрлігіне, 1941-1945жж. (№3980 «Эвокогоспиталь для войнов») соғыс жаралыларын емдейтін арнайы госпиталь-емхана, 1945-1960жж («Специальная санатория для инвалидов Великой Отечественной войны») Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған арнайы санатория, 1961жылдан (Казахский Респу­бликанский Совет по управлению курортами профсоюзов санатории «Яныкурган») «Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының курорттық басқару кеңесінің «Жаңақорған» санаторийі деп аталып, соғыс мүгедектерін, содан соң гинекологиялық аурулар мен полиартрит ауруларын емдеген.
Сонымен қатар, санаторийді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қосалқы шаруашылығы жұмыс жасаған. Тыл­да жергілікті халық тынбай еңбек етіп, жылына кем дегенде 18 тонна орамжапырақ (капуста), 24 тонна жүгері, 64 тонна қызылша, 23 тонна күріш, 14 тонна картошка, 32 тонна тары-ауылшаруашылық дақылдарын жинағандығы жайлы архив деректері негіздейді.
Санатория жұмысшылары мен тұр­ғындары мал шаруашылығын да қоса алып, сүт өнімдерін жасайтын фермалар ұйымдастырып өздерін толықтай азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған.
1942-1943 жылдар санаторий үшін өте ауыр болған екен. Шиелі ауданына қарасты ХХХ жылдық Қазақстан атындағы колхоздан Байгеқұм станциясы арқылы вагондап азық тасып, тұрғындардан бидай мен ас қатық алып жаралы жауын­герлерді сауықтырып, қайта аттандырып отырған. 1943жылдың құжатында жазылғандай 406 жауынгер денсаулығын нақтылау мақсатында еңбек фронтына жіберілсе, 54 жауынгер таза айығып кетіп, 17 жауынгердің мүгедектік құжаттарын дайындауға жіберген екен. Бұл бір жылдық жұмыс нәтижесі.
Шипажайдағы қайнаған тыл еңбегінде 1943 жылдың статистикасына жүгінсек, 234 азамат жұмыс істеген. Оның ішінде 12 жоғарғы дәрежелі дәрігерлер, 38 санитар, 99 түрлі мамандар мен 85 қосалқы шаруашылық жұмысшылары.
Ғалымдар мен дәрігерлер 80-жыл­дардан бастап Теріскен көлінің табиғи батпағы мен тұзды суының емдік қасиетін қайтадан нақтылап зерттеуге ден қой­ды. Барлық жүйелер жаңартылып, меха­низацияланды.
Осындай қызу еңбекті ұйымдастыру мен басқаруда аянбай еңбек еткен азаматтардың нақты аты жөндерін, архив құжаттарына сүйене отырып атап өтейін. Жаңақорған шипажайын Ф.Мартюков (1920-1940), С.Тарасов (1940-1942), К.В.Богословский (1942-1944), И.А.Тарасов (1944-1946), О.Пичугина (1948-1949), В.Желваков (1950-1954), С.Арджеванишвили (1955-1957), А.Жакенов (1957-1958), Өмірбек Жұмағұлов (1958-1964), Кәріпжан Омаров (1964-1970), Асан Нәбиев (1970-1979), Құлтас Әшірбеков (1979-1985), Егенберді Әмитов (1985-1997), Сәкен Үсейінов (1997), Аманкелді Абдуллаев (1997-2009) басқарған.
1989 жылдан бастап жаңа заман талабына сай бой көтерген ғимарат­тармен толықтырылып, «Жаңақорған» Санаториясы болып Қазақстанның ірі табиғи емдеу орындарының біріне айнала бастады. 1991 жылдан бастап асқа­зан, ішек, бауыр, өт жолдары, зат алмасу процесін оңалту, қант, бүйрек ауруларына шипа болатын су көзі табылды.
Су құрамына Алматы «Экогид­роана­литик» ЛҚО экологиялық, гидрохимиялық және инженерлік-геологиялық зерттеу­лердің лабороториялық камсыз­дандыру орталығы емдік минералды судың химиялық құрамы туралы қорытынды-анықтама жасалынып, дәлелденді.
Одақ тарап, тірлігі тұралаған кеңестік жүйе санаторияның тыныс-тіршілігіне де тұсау салды. Жылына 6000-ға дейін емделушілер қабылдау орнына 879 адам қабылданып, қызметкерлер мен жұмысшылар жалақысын мерзімінде ала алмай, жабылудың аз-ақ алдында тұрды.
Сонымен, Қазақстан Республикасы Кәсіподақ Федерациясының 1995жылғы 10 наурыздағы қаулысына сәйкес «Жаңақорған Санаториясы» акционерлік қоғамы болып қайта құрылып,1999жылдан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүлік пен активтер басқармасы ашық акционерлік қоғам «Жаңақорған» Санаториясы болып атауы өзгертіліп, бас дәрігер қызметін атқарып келген Аманкелді Абдуллаев қоғам президенті болып сайланды. Жаңа дәуір басталып, қайта тынысы ашылғандай болды-деген естеліктер бар. Жарнамалау жолға қойылып, демалушылар легі жолға қойылды.
Жаңа құрылыс нысандары – 300 орындық асхана,сауда ғимараты, қазақи киіз үй үлгісіндегі шайхана, жазғы ойын сауық алаңы, жабық бастырмалы авто­тұрақ пайдалануға берілді. Шипажай аумағының ішкі жолдарын және емдеу корпустарын жалғастыратын жылы коридор-галерея соғылды. Ауыз су, су жолдары құбырлары ауыстырылды. Соны­мен қатар, көгалдандыру мен абаттандыру жұмысы жүргізіліп, шипажай маңы көз алатын гүлзарларға айналды. Ал, шипажай қызметкерлерінің жылдық штаттық бірлігі 2008 жылы – 202-ге жетіп, олардың ішінде – 13 аппарат қызметкер, 8 – жоғарғы білімді дәрігер, 77 - орташа және кіші медқызметкер, 61 – асхана мен от жағу қазандығы жұмысшылары, 57-шаруашылық қызметкері болған.
2009 жылдың 28 қазанындағы акцио­нерлердің кезектен тыс жиналысында, 100 пайыз дауыспен Бақытжан Аманкелдіұлы Абдуллаев сайланып, басшылыққа әке жолын ары қарай абыроймен, атқарып келеді. 2012 жылғы архивте сақтаудағы соңғы деректе, мықты мамандармен жасақталған штаттық бірлік саны 216-ға жетіп, емделушілерге керекті соңғы үлгідегі, заманауи құрал саймандармен толық жабдықталғандығы айқын көрінеді.
Бүгінгі «Жаңақорған» шипажайы қасиетті қара балшық пен тұзды судың арқасында сүйек-буын ауруларын (полиартрит, артрит, артрозартрит, остеохондроз, ревматроидты және бруцеллезді полиартрит), перифериалық нерв жүйелері ауруларын (неврит, полиневрит, радикулит, омыртқа-жұлын жарақаттарының зардаптары, Шморль жарығы), гинекологиялық ауруларды (созылмалы андексит, 1-ші және 2-ші деңгейдегі бедеулік), урологиялық ауруларды (созылмалы простатит, ерлер ұрықсыздығы мен белсіздігі) емдесе, асқазан, бауыр, ішек және өт жолдарының ауруларын қасиетті минералды сумен емдейді. Сондай-ақ, түрлі физиотерапиялық емдеу-сауықтыру шаралары мен стоматологиялық сыр­қат­тар емі де жүргізіледі. Осындай жайлы жағдай жасалуына байланысты шипажайға келушілер саны 1 айда 600-800 дейін өсіп, қызметкерлер мен жұмысшылар жағдайы артқандығы жайлы құжаттар мәлімдейді.
Бүгінде аты республикаға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал болған «Жаңақорған» шипажайының архивтегі құжаттары негізінде алынған бұл айтылғандар ұрпақ алдында мақтануға тұрарлық тың деректерінің бірі ғана. Тұзды суы мен қара балшығы қасиетті, ішер суы жанға- дауа, дертке- шипа болып отырған кенішпен мақтанайық және қадір-қасиетін бағалайық.

Зағипа Абжалелова,
аудандық архивтің басшысы
05 желтоқсан 2019 ж. 725 0