Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шипасы мол шипажай

Шипасы мол шипажай

Ертеректе бір аңшы таудың тасасынан киікті көздейді. Нысанасын қалт жібермейтін мергеннің жебесі текеге тигенімен ол қырдың басына қарғып шығып, одан ары Сырға қарай жөңкиді. Мерген текенің ізін кеседі. Дегенмен, кеш түсіп, аттың басын кері бұрады. Таң атысымен аңның ізіне қайта түсіп, көлге келеді.
   

   Көлдің сортаң тұсындағы батпақта жатқан текеге көзі түседі. Садағын қам­дап, нысанасын көздей бергенде киік көз ілеспес жылдамдықпен қашып кетеді. Аңшы зерделеп қараса көлге кірер бағытта қан болғанымен, шыққанында жоқ. Етігін шешіп, аяғын батпаққа салғанында бойындағы жел-құзына шипа тапқандай болады. Содан науқастанған анасын көлге алып келіп, батпаққа салып, емдейді. Құдайдың құдіретін-ай, бірнеше күнде қарт анасына ем дарыпты. Осыдан кейін ел арасында Теріскен көлінің қасиеті жайлы сөз тарап, адамдар көптеп келе бастайды.
Жалпы, бұл көлдің қасиеті жайлы ел арасында осыған ұқсас аңыз-әпсаналар көп.
ХХ ғасырдың басында Сырдария өзенін жағалай Орынбор-Ташкент теміржолы түсе­ді. Теміржол құрылысындағылар шіліңгір шілдеде адамдардың көлдің батпағына оранып, емделіп жатқанын көреді. Осы әңгіме жер-жерге тарай бастайды. Әңгіменің бір ұшы Ақмешіт қаласындағы теміржол ауруханасының дәрігерлеріне де жетеді. Не керек, 1918 жылы аталған аурухананың фельдшері Ф.Мартюков көлдің батпағын емдік бағытта пайдалану үшін екі бөлмелі үй салып, ем-домды бастайды. Міне, содан бері «Жаңақорған» шипажайының дәурені басталады...

   Алғашқы кездері КСРО-ның Жол қа­тынастары министрлігіне, кейін денсаулық сақтау жүйесіне, одан кейін Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы құзырына қарайды. 1941-45-жылдары соғыста жара­ланған жауынгерлерді емдейтін әскери госпиталь ретінде де пайдаланды.
Бүгінде Теріскен көлінде бір рет ем алған адам «бәрібір Жаңақорған бал­шығына жетпейді» деген таңданысын өмір бойы айтып жүретіні ақиқат. Тіпті, Жаңақорған ауданының брендіне айналды. Бірақ, шипажай бірден қалыптаса қойған жоқ. Сан соқпақты жолдардан өтті.
Шипажайдың қалыптасуында Ф.Мар­тюков, С.Тарасов, О.Пичугина, В.Желбаков, С.Арджеванишивили, А.Жакенов сынды дәрігерлердің еңбегі елеулі. Бұл жолды Өмірбек Жұмағұлов, Кәріпжан Омаров, Асан Нәбиев, Құлтас Әшірбеков, Егенберді Әмитов, Сәкен Үсейінов лайықты жал­ғастырып, елімізден және алыс-жақын шет елдерден келген емделушілерге сапалы қызмет көрсетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау шипажайды да айналып өтпеді. Дегенмен, қиындықтарды еңсеруде Аман­келді Абдуллаевтың іскерлік, ұйым­дастырушылық қабілет-қарымы себеп бол­ды.
   – Мен басшылыққа келген алғашқы жыл­дары елде тоқырау орын алып, көп мекемелер жалақы бере алмай қыз­мет­керлері жұмысын тастап кетіп жатты. Тура осы жағдай шипажай басынан да өтіп жатқан еді. Бастапқыда бұл мекемені басқаруға қарсы болдым. Өйткені, шаруа­шылық саласында жүрген адам үшін сауықтыру орнын басқару мүлдем бөлек дүние екені белгілі. Дегенмен, сол кездегі аудан әкімі Салхаддин Мырзабеков менің басшы болып келуімді құптап, «қазіргі нарық заманының қатаң талабына байланысты бірінші басшының ең әуелі санаторийдің тізгінін мықтап қолға алып, шаруашылық ісін, экономикасын ілгері жүргізе білуі керек» деп, мені басшы етіп тағайындады. Содан бері осы саланың қамын ойлап, қайтсем жұмысын жандандырамын деген ниетпен жұмыс жасадым, – дейді Аманкелді Мүбаракұлы.

Оның айтуынша, қиын қыстау заманда зәулім ғимараты бар шипажайдың сұқ көздерге ілініп, оның қиын жағдайын алға тартып, жекешелендіріп алғысы келгендер де болыпты. Бірақ, іскер басшы Республика Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевқа ұжымдық хат жазып, шипажайдың жұмыс жасауына тағы да екі жыл уақыт беруін, осы аралықта шипажайдың жұмысын жүргізе алмаса, сатылымға шығаруға қарсы еместігін жеткізеді. Осы мерзімде «Жаңақорған» шипажайының қызметкерлері күн-түнмен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, әр меке­менің есігін қағып, ем алуға адам шақырып жүріп жұмысын жолға қояды.
Одан кейін Бақытжан Абдуллаев тіз­гінді алып, бүгінгі деңгейіне жеткізеді. Әсіресе, жазғы мезгілде шипажайдан орын таппай жүрген адамдар аз болмайды. Яғни, алғашында 15 адам ем алуға келсе қуанатын шипажай қызметкерлері бүгінде жылыны 15 мыңға жуық адамға сапалы қызмет көрсетеді. Қазір елден ғана емес, алыс-жақын шет елдерден келушілер саны артып келеді.
– Биыл шипажайға үшінші рет келуім. Өткен жылы ем алып, бұл жердің қызметіне тәнті болып кеткенмін. Жаңақорғанның шипалы батпағы, минералды суы, заманауи медициналық құрылғылары кез-келген емделушінің көңілінен шығары анық Әсіресе, қызметкерлердің жылы шырайлы жүздері әрбір адамның дертіне дауа болары даусыз. Олардың қызметіне дән ризамын. Келесі жылы тағы да келемін, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Роза Теңізбаева.
Ал, Маңғыстау облысынан осымен бесінші рет келген Медет Алмасов былай дейді: «Бұл шипажайға Ақтау қаласынан келдім. Мұнда емделушілерге барлық жағдай жасалғандығы қуантады. Менің көп жылдан бері буыным сырқырап ауыратын. Бірнеше жылдан бері осында келіп ем алып тұрамын. Бұрынғымен салыстырғанда қазір денсаулығым жақсара түсті. Әсіресе, еркін жүріп-тұратын болдым. Шипажайдағы бал­шықтың қасиеті керемет...».
    Емделушілер сөзінің жаны бар. Шипажай заманауи талап-міндеттерге толық жауап бере алады. Әсіресе, Ресей, Германия, Жапо­ния және т.б. елдерден алып келген медициналық құрылғылар емделушілердің сапалы ем алуына мүмкіндік береді.
   – Балшықпен емделу ағзаға өте пайдалы. Осы әдісті қолдану арқылы науқастың қан айналымын реттеуге болады. Сондай -ақ, ем алушының тыныс алуын жақсартуға септігін тигізеді. Балшықтың химиялық құрамы, яғни микроэлементтер, иондар, гормонтәрізді элементтері тері арқылы сіңіп, қан айналымы арқылы ағзаға тарайды. Нәтижесінде, метоболизмді кү­шейтіп, терінің экскреторлық функциясын арттырады. Ағзаның табиғи тазаруы жүзеге асады. Шипажай заманауи құрал – жабдықтармен жасақталған. Соның арқасында түрлі медициналық тексерулерді жүргізе аламыз. Яғни, ФЭГДС, ЭКГ, қан және несеп талдауы, қандағы қант мөлшерін анықтау, спермограмма және гинекологиялық жұғынды тексерулер жүргізіледі. Заман талабына сай фито­бочкада емдеу, пантогемотогенді ванна, емдік душтар, су асты массажы, балмен орау, кислородты коктейль, тұзды шахта, мавит, яровит, колонгидромат, массаждың барлық түрлері және инемен емдеу жолға қойылған. Арнайы мамандар урологиялық және гинекологиялық егулер жүргізеді. Ормед аппаратымен мөлшерлі салмақпен омыртқа созу емі жүргізіледі және емдік физкультура кабинеттері жұмыс жасайды, – дейді директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғабит Үйсінбаев.
   Иә, медициналық туризмді дамыту кө­зіне айналған шипайжай аумағынан 1984 жылы минералды су анықталып, оның құрамы медициналық тұрғыда зерт­те­леді. Нәтижесінде, судың құрамында микроэлементтердің көптеп кездесетіні дәлелденді. Нақтырақ айтқанда, ­ су құрамында сульфат, хлорид иондары, кал­ций, натрий, бром, фтор, йод микро­элементтері бар. Олардың жиынтығы адам ағзасы үшін аса маңызды. Ол асқазан, ішек, өт жолдары жұмыстарының қалпына келтіруге көмектеседі. Ал, бұл судың артықшылығын адам денсаулығына ұтымды пайдалану үшін шипажайдың асқазан-ішек жолдарын жуу бөлімін жапондық «Pentax PG-29N» аппаратымен жабдықталды. Сонымен қатар, заман талабына сай УДЗ құрылғысы, өт олдарын жуу аппараты, лабаратория жұмыс жасайды екен.

    Р.S.: Дерек көздерінде, Қазақстанда балшықпен емдеу XIII ғасырдан белгілі деседі. Десе де, ресми тұрғыда Теріскен көлінің батпағы мен суын ем ретінде пайдаланып жатқанымызға 100 жыл толды. Осы аралықта талай науқас дертіне шипа тауып, Жаңақорғанның атын жер-жаһанға әйгіледі. Мұның бәрі Жаратушының Жаңақорғанға сыйлаған қасиетті бат­пағын шипажай қызметкерлері ұтымды пайдаланып, халық игілігіне икемдеуінің арқасы деуге болады...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
27 қараша 2018 ж. 2 757 0