» » Алаяқтық құрықталмай тұр

Алаяқтық құрықталмай тұр


Бүгінгі қоғамда алаяқтық көріністері – көзге көрінбей-ақ зар қақсатып кетер қауіптілігімен алдыңғы орынға шықты. Жыл басынан бері бір Алматы қаласының өзінде 9 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 9 млрд теңгеге жеткен. Өз өңірімізде де жағдай мәз емес. 2025 жылдың 2 айында алаяқтық қылмысы бойынша 213 дерек тіркеліп, ол жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 45,9 пайызын құраған. Яғни тіркелген қылмыстың тең жарымы алаяқтық дерегі деуге болады. Оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстарының 77 дерегі анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 21 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған. Міне, алаяқтардың әрекеті осылай қоғамды жайлап барады. Оның алдын алудың тәсілдерін меңгеріп үлгеремін дегенше жаңа түрі пайда болып, ізіне ілестірмей келеді.


Полиция департаментінің мәліметінше, ала­яқ­тық қылмыстар соңғы кездері Шиелі мен Жаңақорған ауданында жиі орын алуда екен. Апта басында аудан әкімдігінде «Интернет-алаяқтық қылмыстарының және кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен бұзақылық­тың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар» тақырыбында жиын өтті. Құқық қорғау саласының өкілдері мен мектеп мұғалімдері, түрлі сала басшылары қатысқан маңызды жиналыста нақты ақпараттарға қанықтық. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов төрағалық етті. Алдымен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция пол­ковнигі Серік Тоқтыбаев хабарлама жасады. Ол бірінші кезекте облыс көлеміндегі келеңсіздіктерге тоқталды.
– Интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді. Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында. Бұл дегеніміз қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез-келген уақытта интернет алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін, – деген ол өңірімізде жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлерін жіктеп берді.
Бірінші, алаяқ «Казпошта» қызметкері ретінде өзін таныстырып, жолдама немесе хат келгенін айтып, «1414» нөмірінен келген «СМС» кодты сұрайды. Оны айтқан жағдайда жеке деректерге қол жеткізіп, несие рәсімдейді. Екінші, ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, СИМ картаңыздың жарамдылық мерзімінің өткендігін ескертіп, мерзімін ұзарту үшін ұялы телефонға жіберлген кодты сұрап, жеке деректерге қол жеткізеді. Үшінші, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, атыңыздан несие алып жатқанына немесе онлайн-банкті бұзып жатқанына сендіріп, ақшаны арнайы шотқа салуды талап етеді. Төртінші, түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер акцияға инвестиция салудан жылдам түсетін кірісті жарнамалайды. Бесінші, «Whatsapp» әлеуметтік желісі арқылы жақын таныстарыңыздың фотосуреттерін пайдалану арқылы қарызға ақша сұрайды. Алтыншы, «Инстаграм», «Олх» желілері арқылы тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есеп-шотқа аудартып алады, сондай-ақ, «Колеса Кз», «Крыша Кз» желілеріне жалған жарнамалар орналастырып ақша қаражаттарын аудартады. Міне, ел көлемінде осындай алаяқтар азаймай тұрғанын түсіндірді.
Бүгінгі таңда халықтың қаржылық құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында және алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында тиісті іс-шаралар атқарылуда. Көпшілік-қоғамдық орындарда алаяқтардың арбауынан сақтану шараларын насихаттайтын плакаттар жапсырылып, жадынамалар таратылуда. Бір қынжыларлығы, қылмыстық интернет алаяқтарынан зардап шеккен азаматтарда жаңадан пайда болған алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы ақпардың жоқтығы. Алаяқтың құрбанына айналмау үшін нені білу керекпіз, соған қысқаша тоқтала кетейік.
Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек. Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS кодтарды, тіпті егер сізге банк қызметкерлері ретінде таныстырған болса да бермеу қажет. Кез келген ұсыныстарға сын көзбен қараған жөн. Тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлемеуге, белгісіз адамдарға ақша аудармауға, банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеуге тырысыңыз. Егер көрсетілген мәліметтер алаяқтарға белгілі болған жағдайда, оларға алдағы уақытта микрокредиттік қаржы ұйымдарында немесе банктерде олардың атынан несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Интернет алаяқтарға тосқауыл қоюдың бір ғана жолы, бұл бір-бірімізге жанашырлық танытып, қаражатымыздың қауіпсіз сақталуы үшін сақтық шаралары туралы кеңінен насихаттап, ескерту болып табылады.

Аудандағы ахуал

Келесі кезекте аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мұрат Жақсыбаев баяндама жасады. Ол айрықша екі мәселе: біріншісі – алаяқтық деректері, екіншісі – жастар мен жасөспірімдердің мәселесіне тоқталды. Аудан мектеп оқушылары арасында бұзақылық мәселесі өршіп тұр. Топтық төбелестер мен әлімжеттік жағдайлары, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ойынқұмарлық дертінің тіркелуі ойланарлық жағдай. Бұл тек мектептің ғана емес, ата-ананың басты міндеті. Ішкі істер министрінің бұйрығымен 2025 жыл «Профилактика жылы» болып белгіленген. Осыған орай аудан полиция бөлімі түрлі іс-шаралар мен алдын алу жұмыстарына баса пәрмен беруде.
Құқық қорғау мен білім саласы қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жыл басынан бері 57 іс тіркеліп, жасөспірімдердің ата-аналарына шара көрілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп деген сөз. Айта кететіні, ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес, қорқытып алушылық, бұзақылық пен ұрлық жасаған кез келген 14 жасқа толған балаға қылмыстық жауаптылық қозғалады. Ол үшін алдымен ата-анасы жауап беруі тиіс. Тағы бір айтатынымыз, телефондағы алаяқтардың құрбаны болатындардың жартысына жуығы осы жасөспірімдер екен.
Өткен жылы біздің ауданда бір азамат 13 млн теңгеге алаяқтың алдауына түссе, биыл 9-сынып оқушысы интернет ойындарына кіріп, байқаусызда анасының атынан 1,5 млн теңге несие рәсімделіп кеткен. Қаржыны мезетінде шотына аудартып алған алаяқ ізін суытыпты. Орал қаласында тұратын бүтіндей бір отбасы, яғни интернетті жетік меңгеріп алған әйел келін-баласымен бірлесіп, біраз азаматты тақырға отырғызыпты. Алайда, сот шешімі жұмсақтығынан жазасыз қалған. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, жақында олар тағы ескі әдеттеріне басыпты. Осы тектес қарапайым алдап-арбау түрлерін меңгерген жас та, кәрі де аз болмай тұр. Оның ішінде, «жұмысқа орналастырамын, несие мен мемлекеттен берілетін грантқа қол жеткіземін» деушілер немесе тап-таза сауда саттық ісінде «тайғанақ табандылар» аз емес көрінеді. Олардың үстінен іс қозғалып, жаза көріліп жатса да қатарлары азаяр емес.

P.S. Осыдан бірер күн бұрын жеке «Whatsapp» аккаунтыма алаяқтар еніп, телефонымды құрылғыдан шығарып, желідегі сөйлескен барлық таныс-тамырларыма және арнайы чаттағы тіркелушілерге менің атымнан қарызға 150 мың теңге сұрап, хабарлама жолдаған. Қазірде көпшіліктің көзі ашық қой, бірден өзіммен байланысқа шығып, алаяқтың құрығына ілінбеді. Бір емес, үш бірдей компьютер арқылы кіріп, оңай олжаға кенелгісі келгендердің араны тым тереңде екен, әйтпесе аздау көлемде ақша сұраса да күдіктенбей аударып жіберетіндер табылар ма еді? Тағы бір айта кетерлігі, көпке күмән келтірген тұсы, ақшаны қайда жіберетінін сұрағандарға «каспий голд» емес, банк картасы көрсетіліпті. Ол картаны біздің ауданда ешкім қолдана бермейді. Міне, осының өзімен өздері әшкере болып, қармағына ешкім де іліне қоймаған.
Иә, қазір кез келген адамның Whatsapp аккаунтын бұзып, жеке дерегін пайдалану қиын емес. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі мессенджеріңізді қорғау жайлы бірнеше кеңестер ұсынады. Алдымен, алаяқтар аккаунтыңызды қалай бұзады? Бір жолғы код арқылы бұза алады. Бұл жағдайда алаяқтар сізге авторизациялау коды бар SMS жібереді. Әрі қарай таныс бір кісіден сізге «қателесіп кетіп қалыпты, қайта жіберші» деп хабарлама келуі мүмкін. Әрине, әлеуметтік желіде бір аккаунтқа кеткен код екінші аккаунтқа келмейді. Әрбір аккаунт үшін дербес код, сондықтан өзара бір-біріне кетуі мүмкін емес. Ешқандай кодты таныстарыңызға жібермеу керек.
Әлем елдері алаяқтармен күресіп әлек. Тек олар мемлекетке жұмыс жасайтын арнайы хакерлерді дай­ындайды. Олар тек банк немесе құқық қорғау саласына ғана емес, барлық жерде жұмыс жасауға қабілетті. Еуропалық алаяқтардың бір артықшылығы, көптілді еркін меңгерген, сол арқылы олар тек бір елден ғана емес, бірнеше елден ақша оп-оңай жымқыра алады.
Қысқаша айтқанда, бүгінгі заманда тек өз-өзіңе берік болуың керек. Қалғанын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, сіз де алаяқтардың құрбаны болып, қарызы көп қоғамда одан сайын қарызданып қалмаңыз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 наурыз 2025 ж. 532 0