№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақ бидай - елдің ырысы

Ақ бидай - елдің ырысы


Қырманның басы қызып, дала диқандарының ала жаздай еткен еңбектері еселенетін уақыт келді. Шыны керек, биыл жауын-шашын шаруаларды қуанта қоймады. Десе де, аяқсудың аздығына қарамастан жаңақорғандық диқандар әрбір егістен мол өнім алуға тырысты. Күріш пен бидай, бақша өнімдері жылдағыдан жоғарыламаса кемімеді. Осындай қажырлы қызмет ескерусіз емес, облыстық “Алтын дән-2022” дала еңбеккерлерінің мерекесінде қаратөбелік диқан Нұрболат Ырысдәулетов “Үздік бидай өсіруші” ретінде марапат мінберінен көрінді.

  «Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, биыл Сыр жағалауына қоныстанған ауылдағы ағайынның егіні бітік. Жалпы Сыр өңіріндегі теңіздей толқыған егіс алқаптары көз сүйсіндіріп, көңіл марқайтады. Осынау иен алқаптағы астық молшылығында аудан шаруашылықтарының қосқан үлесі орасан зор. Алғашқылардың көшінде егінге орақ салған Қаратөбе ауылдық округінің «Сұңқар» шаруа қожалығының қыруар шаруасы шаш етектен. Белгілі меценат Құлмұханбет Исаханов басқаратын қожалықта 20-дан аса тұрғын тіршілігін жасайды.

– Бидай да талғампаз өсімдік, кез келген жерге дән тастасаңыз шығуы мүмкін, бірақ мол өнім алу қиын. Бидайдың артықшылықтарының бірі – оның ауа-райына байланысты болмауы, сондықтан бұл дақыл еліміздің көптеген аймақтарында өсіріледі. Ол көбіне ылғалды жерлерді жақсы көреді. Менің күздік бидайды себу тәсілім, сортты таңдамас бұрын немесе күздік бидайды өсіру технологиясын немесе егу уақытын анықтамас бұрын, оған қолайлы орынды табу керек. Биыл алдымен орынды бабына келтіріп алып, дән тастадым. Жемісі келер жылы белгілі болады, – деді Нұрболат Қалдыбайұлы.

Жалпы биыл аудан бойынша 4377 гектар бидай егілді. Ал, Сұңқар шаруа қожалығында 30 гектар жаздық бидайдың дәні тасталды. Егілген өнімнен гектарына 44 центнер өнім алынды.

– Биыл су тапшылығы кәдімгідей сезілді. Оның үстіне дизель отыны бағасы тұрақсызданып, мазаны алды. Көптің реніші болды, бірақ қырман басындағы қыруар қызметтің де бейнеті ауыр. Қамыс орғызып, жерді тазалап, мәпелеп отыру, бидайдың күтіміне ұқыпты қарау да үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бізге аяқ су мен жер мәселесінен кедергі болмаса болды, қалғаны уақыттың көшіндегі шаруа, – деді кейіпкеріміз.

Шын мәнінде биыл диқан қауым үшін су жетіспеушілігі қатты сезілді. Соған қарамастан өнімді ойдағыдай жинай алды. Қамба дәнге толғанымен оны өткізу қиынға соғатынын да кәсіпкерлер айтып, дабыл қағуда. Ауыл мақтанышы, асыл жар, көп балалы әке, диқан Нұрболат ағамыздың қыруар тірліктен қолы босамайтынынын аңдадық. Істің азаматы таңның атысы, күннің батысы егін басында жүреді.

Еңбекқор азамат 2009 жылдан бері егіншілікпен айналысатынын мақтанышпен айтады. 3 ұл,3 қыз тәрбиелеп отырған әкенің еңбегі құрмет төрінде. Асыл жары Жанат екеуі жер-анаға еңбек сіңіріп, нәпақасын айырып отырған қарапайым шаруа иелері. “Алладан кейін алғысымды ата-анама айтамын” дейді биылғы жылдың үздігі. Әкесі Қалдыбай мен анасы Сәрсенкүл балаларының әр жетістігіне балаша қуанып , тілеуін тілеп отырған жандар.

Шынайы еңбектің жемісін жігіт ағасының еңбегі мен болмыс-бітімінен сараладық. Ендеше бидай өсіріп, қамбасын астыққа толтырып жатқан шаруашылық жұмысына сәттілік тілей отырып,бидай өсіруде берекелі табысқа кенелсін дейміз.

Ботагөз БЕКМАХАНОВА
28 қазан 2022 ж. 972 0