Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Озат күрішші Оразәлі

Озат күрішші Оразәлі

   Қырманның басы қызып, дала диқандарының ала жаздай еткен еңбектері еселенетін уақыт келді. Шыны керек, биыл жауын-шашын шаруаларды қуанта қоймады. Десе де, аяқ судың аздығына қарамастан жаңақорғандық диқандар әрбір егістен мол өнім алуға тырысты. Күріш пен бидай, бақша өнімдері жылдағыдан жоғарыламаса кемімеді. Мұның барлығы аграрлы саланың сапасы артып, ел әлеуетінің тұрақталып келе жатқанын аңғартады. 
«Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға бала­сындай иеді» демекші, биыл Сыр жағалауына қоныстанған ауыл­дағы ағайынның егіні бітік. Алты ай бойы дала төсінде тер төккен азаматтардың бейнеті мол. Осындай мех­натты шаруаның шырайын кір­гізіп, күріштен өнім алуда рекорд орнатқан Оразәлі Тұрсынбаев «Алтын дән-2018» мерекелік шарасында мара­пат биігінен көрінді. Ол биыл 80 гектарға дән сеуіп, 75 центнерден жоғары өнім ала алды. Сондықтан, диқан қауымның еңбегін саралап, мерейін асыратын күзгі тойда мінбердің алтын тұғырынан көрінген күріш озатын дәріптеп, озық тәжірибесімен ой бөлістік.
Жастайынан еңбекке ерте араласқан Оразәлі Есаманұлы шаруашылықта жүріп шың­далды. Есейе келе аз-кем гек­тарлы жерге дән сеуіп, мол тәжірибе жи
най бастайды. Қажырлы талпыныс, ерен еңбек­сүйгіштігінің арқасында биыл үздік атанды. Бүгінде төрт түлігін түгендеп, бақша өні­міне басымдық беріп жүрген оның келер жылға жоспары көп.
– Ең алдымен жоспарым жылдағы өнімнің шығымын ша­рықтату. Өзім осы Қожакентте туылып, қаршадайымнан қыр­мандағы қызу шаруаны көріп өстім. Сондықтан болар, егін ісіне табиғатымнан жақын келе­мін. «Көсегең жермен көгереді» демекші, 15 жылдан астам ар­памен алысып, күріш­пен көгеріп келемін. Осы жыл ішін­де түсінгенім, күрішпен тілдесе білсең ғана табысқа жетесің. Яғни, бабын тапса жер ана несібесін аямайды. Әрбір күріш­ші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді, – деді Оразәлі.
Қожакент ауылының батыс жағындағы тың жерлерді игеру ісі ілгерілеп, егіс көлемі жыл сайын артып келеді. «Егін ексең тыңға ек, одан өнер өнім көп» демекші, жоңышқа мен жүгері егілген алқаптарға күріш дәнін тастауды ауылдықтар қолға алғалы қашан. Осы дәстүрді жолға қойған «Нұрбол-И» биыл 80 гектарды игеруде жақ­сы нәтиже көрсетті. Жылда 40-50 гектардан өнім алатын қожалық күрішшісі биыл рекордтық көрсеткіш көрсетіп, ауданға үлгі болды.
Диқандықтың ауыр да болса, абыройлы жолына бір­жолата түскен Оразәлі Есаманұлы «Ақ маржан» сортын егеді. Ал­дағы уақытта жаңа элиталық тұқымдарды өсіруді тәжірибе ретінде қол­данып көрмек ойын­да жоқ емес. Себебі, жаңашыл бастама бәсекеге қабылеттілікті арт­тырып қана қоймай, әрбір гек­тардан алынатын өнімнің көлемін еселейтіні анық.
– «Күріш суымен ырыс» дегендей биыл су тапшы бол­ды. Алайда төраға Ізатулла Үсеновтың ұтымды ұйым­дас­тыруымен су маманы Болат Искаковтың арқасында күрішке суды уақытылы жеткізіп отыр­дық. Тағы қуантарлығы мем­лекет қажетті минералды тыңайтқыштар мен судың 50 пайызын төлеп берді. Бұл да үлкен көмек болғаны рас.
– Өнімнің сапасына қан­дай баға бересіз?
– Жасыратыны жоқ, сапа жақсы. Оның айқын көрінісі ретінде айтар болсақ, диір­менге түскен дайын тауарды алыс-жақыннан келген тұтыну­шылар тонналап тиеп кетеді. Көбіне елдің батыс аймағынан сұраныс өте жоғары, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, берекелі шаңырақтың тұтқа­сын ұстап отырған отағасы түйір нанның нәпақасы маңдай термен келетінін бала санасына сіңдіріп келеді. Әке арманы да осы, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу.
Нағыз диқан болу үшін тынымсыз ыждаһат керек болса, ал күрішші болуда одан екі есе ынта керек дейді қожакенттік күрішші. Иә, әрбір дән диқаншы үшін тер тамшысы болып көрінетіні рас. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

27 қазан 2018 ж. 1 353 0