» » Жыл үздігі: «Дара диқан»

Жыл үздігі: «Дара диқан»

Биыл жаңақорғандық диқандар күзгі бидайдан мол өнім алды. Мұғалім мен дәрігер секілді дала диқандарының еңбегі бір-бір төбе. Биыл жылдың үздігі деп ауылшаруашылығы бөлімі Жаңарықтағы «Дәуіржан» шаруа қожалығын ұсынды. Зерделедік, сараладық, иә, шаруашылық төрағасыАбдрахман Сапарбаевтың еңбегі ерен. Ол «Алтын күз – 2019» мерекесінде «Үздік бидай өсіруші» номинациясымен марапатталғаны есімізде. Биыл да Жер Анаға тер төгіп, бидай, жоңышқа мен күріштен жоғары өнім ала алды. Гектары аз болғанымен, өнімі жақсы.
Қамбаныжоғарғы сортты «Стекловидная-24» астығына толтырып, сапалы өнімге сұраныс түсіп, Түркістан, Алматы қаласының ірі кәсіпкерлеріне пұлдаған кейіпкеріміз биыл күріштен гектарына 70 центнерге жуық өнім алған. Жоңышқаның гектарынан 40 центнер, бидайдан да 40 центнерден астам астық ала алды. Айта кететіні, кейіпкеріміз Жаңарық ауылында 1983 жылдан бастап бас мұрап (гидротехник) қызметін қоса атқарып келеді. Егін даласында қырық жылдан астам еңбек атқарған ол 2017 жылы «Дәуіржан» шаруа қожалығын құрады. «Еңбек еленуімен мәнді» дегендей, кейіпкеріміз жауапкершілік жүгін түсініп, дала жұмысында егіндік сапасын арттыруға еңбектеніп келеді.
02 қаңтар 2022 ж. 455 0