№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Озат күрішші

Озат күрішші


33 жылдан бері дала төсінде тер төгіп, күрішпен сырласып, мол өнім жинаудың тетігін білетін Пернебек Құндызбаев биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Иә, гектарынан 86 центнерден өнім жинап, «Алтын күз-2020» шарасында марапат биігінен көрінді.

Қырманның басы қызып, диқан­дардың ала жаздайғы еңбегі еселенетін уақыт келді. Шыны керек, биыл аяқ су аз болады деген ақпарға қарамай шаруалар жерге дәнді жылдағыдан көбірек тастады. Еңбек ақталды.
«Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, биыл Сыр жағалауына қоныстанған ауылдағы ағайынның егіні бітік. Алты ай бойы егіс алқабында тер төккен азаматтардың бейнеті мол. Осындай мехнатты шаруаның шырайын кіргізіп, күріштен өнім алуда рекорд орнатқан Пернебек «Озат күрішші» атанды. Кейіпкерімізге озық тәжірибесімен ой бөлісуді сұрадық.
Жастайынан еңбекке ерте ара­ласқан ол шаруашылықта жүріп шыңдалды. Есейе келе аз-кем гектарлы жерге дән сеуіп, мол тәжірибе жинай бастайды. Қажырлы талпыныс, ерен еңбексүйгіштігінің арқасында биыл үздік атанды.
– Өзім М.Нәлібаев ауылында туылып, қырмандағы қызу тірлікті көріп өстім. 1987 жылы әскерден келіп, анама қолғабыс болу үшін егістікке бет бұрдым. Ол кезде аналарымыз ерлермен етене жүріп, жүкті бірге көтеретін. Көктемде кетпенін күзеп, ала жаздай күрішін күтіп, күзде шашпай-төкпей жинап алатын. Анамның осы ісінен өнеге алдым, сол жылдан бастап еңбекке араластық. Сондықтан болар, егін ісіне табиғатымнан жақын келемін. «Көсегең жермен көгереді» демекші, 30 жылдан астам күрішпен көгеріп келемін. Бабын тапса жер ана несібесін аямайды. Әрбір күрішші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді, – деді Пернебек ағамыз.
«Егін ексең тыңға ек, одан өнер өнім көп» демекші, жоңышқа мен жүгері егілген алқаптарға күріш дәнін тастауды ауылдықтар қолға алғалы қашан. Осы дәстүрді жолға қойған «Бақытжан» шаруа қожалығы биыл 87 гектарды игеруде жақсы нәтиже көрсетті.
Диқандықтың ауыр да болса, абыройлы жолына біржолата бет бұрған Пернебек диқан «Ақ маржан» сортын егеді. Алдағы уақытта жаңа элиталық тұқымдарды өсіруді тәжірибе ретінде қолданып көрмек ойында жоқ емес. Себебі, жаңашыл бастама бәсекеге қабылеттілікті арттырып қана қоймай, әрбір гектардан алынатын өнімнің көлемін еселейтіні анық.
– «Күріш суымен ырыс» дегендей биыл су тапшы болады дегені рас. Алайда төраға Әлібек Машбекұлының ұтымды ұйымдастыруымен суды уақтылы жеткізіп отырдық. Тағы қуантарлығы, мемлекет қажетті минералды тыңайтқыштар мен судың 50 пайызын төлеп берді. Бұл да үлкен көмек болғаны рас.
– Өнімнің сапасына қандай баға бересіз?
– Жасыратыны жоқ, сапа жақсы. Оның айқын көрінісі ретінде айтар болсақ, диірменге түскен дайын тауарды алыс-жақыннан келген тұтынушылар тонналап алып кетеді. Көбіне елдің батыс аймағынан сұраныс өте жоғары, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінде 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, берекелі шаңырақтың тұтқасын ұстап отырған отағасы түйір нанның маңдай термен келетінін бала санасына сіңіріп келеді. Әке арманы да осы, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Қазір ұлдары әке жолын жалғап келеді. Бір ұлы диірменнің шаруасын ширатса, екіншісі ауылдағы жас, әрі білікті механизаторлардың бірі.
Нағыз диқан болу үшін тынымсыз ыждаһат керек болса, ал күрішші болуда одан екі есе ынта керек дейді чемпион күрішші. Иә, әрбір түйір дән диқан үшін төгілген тердің өтеуі болып көрінетіні рас. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық.
27 қазан 2020 ж. 543 0