Еңбек етсең, қара жер құралақан қалдырмайды
«Алтын күз» мерекесі ел байлығын арттырған берекелі уақыт қой. Сары алтындай сары күз дала диқандарының еңбектері еселенетін, егінге қамба толып, жиын-терімнің аяқталатын шағы.
«Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді» демекші, биыл ауылдағы ағайынның егіні бітік, көңілі тоқ, қалтасы қалың. Ала жаздай дала төсінде жұмыс атқарған шаруаның бейнеті орасан десек қателеспейміз. Осындай биіктікті бағындырып, еңбегі еленген азаматтың бірі – Сәрсенбай Нұрсейіт ағамыз. Машбек ауылындағы «Нұрсейіт» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі «Алтын күз – 2020» салтанатты шарасында «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясы бойынша марапат биігінен көрінді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан алғыс хат алып, үлкен құрметке ие болды. Егіншіліктің қыр-сырын терең меңгерген диқан 32 гектар жерге жоңышқа егіп, әр гектарына 120 центнерден өнім алған.
Жастайынан еңбекке ерте араласып, әкесінің жанында мол тәжірбие жинаған Нұрсейіт Сәрсенбайұлының осы салада еңбек етіп келе жатқанына отыз жылдан асыпты. Ерен еңбексүйгіштігінің арқасында уақытпен санаспай маңдай терін жер – анаға сіңіріп келеді. Бүгінде тәжірибесі мол, ауыл-аймаққа үлгі болып отырған ел ағасы.
– Еңбек етіп, еріншектікке салынбасаң қара жер де құр алақан қалдырмайды. Бала кезден қырмандағы қызу шаруаны көріп өстім. Сондықтан болар, диқаншылыққа ерекше ықыласым ауып, жан қалауыммен ден қойдым.
Денсаулығым жарап тұрса әлі де жалғастыра беремін. Қажырлылық танытсаң қай салада болмасын шыңға шығуға болады. Осы еңбегімізді бағалап облыс әкімі арнайы сый-сыяпаттарын табыстады. Еңбегіміздің еленгеніне біз де бір марқайып қайттық – дейді Нұрсейіт аға.
Нағыз диқан болу үшін темірдей төзім мен тынымсыз еңбек қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен азаматтар қашанда мақтауға лайық. Осылай үзіліссіз 30 жыл еңбек ету кезінде үнемі өсу, табысқа жету, ел құрметіне бөлену дәрежесінде болған Сәрсенбай Нұрсейіттің бұл марапаттан бөлек, мемлекет тарапынан алған наградалары аз емес. Бұл – еткен еңбектің еленгені.
Әсел РЗАЕВА