№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Әкімшілік әділет – дауларды шешудің ерекше тетігі

Әкімшілік әділет – дауларды шешудің ерекше тетігі

2020 жылдың 29 маусымында еліміздің құқықтық кеңістігінде жаңа құжат, яғни Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік – процестік Кодексі қабылданды. Жаңа заңнаманың ерекшеліктерімін аудан жұртшылығын таныстыру мақсатында Жаңақорған аудандық сотының судьясы И.Ө.Тұңғышбаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.

Исағали Өмірзақұлы, әңгімені  2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне еніп, қолданыла бастайтын Жаңа Кодекстің қолданылу аясынан бастасақ. Кодекс қандай қатынастарды реттейді?
Еліміздің тарихында тұңғыш қабылданып отырған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, осы рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Сонда осыған дейін елімізде әкімшілік рәсімдерді, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін заң болған жоқ па?
Мемлекеттік органдардың әкімшілік рәсімдері, оларды жүргізу тәртібі осыған дейін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңымен, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңымен реттелген болса, жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінде көзделген тәртіппен азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қаралды. Енді ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, жоғарыда аталған екі заңның күші жойылады, ал осыған дейін Азаматтық процестік Кодекспен қаралған жария құқықтық даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын болады.
Осы орайда жария құқықтық дауларға қандай даулар жатады, сол туралы айтып өтсеңіз?
Ондай дауларға, мысалы, жеке, заңды тұлғаның мемлекеттік (әкімшілік) органның шешіміне немесе әрекетіне дау айтуы, атқарушылық өндіріс бойынша өндіріп алушы немесе борышкердің сот орындаушысының әрекетіне дау айтуы, заңды тұлғаның мемлекеттік органды, лауазымды адамды қандай-да  бір әрекет жасауға міндеттеу жайлы, сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы талабынан туындаған т.б. істер. Жария құқықтық дауларда жеке немесе заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылса, жауапкер болып әкімшілік орган немесе лауазымды адам табылады. Тұлға өзіне қатысты әкімшілік органның қабылдаған шешімі немесе әрекеті (әрекетсіздігімен) келіспеген жағдайда сол актіні шығарған, әрекетті жасаған органның орналасқан жері бойынша сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы. Алайда заңда көзделген сотқа дейінгі тәртіпті сақтағаннан кейін ғана сотқа жүгінуге болатынын білуі қажет.
Дауды сотқа дейінгі шешудің қандай тәртібі сақталуы тиіс. Сол жайлы оқырмандарды таныстырсаңыз?
Тұлғасотқа талап қоюмен жүгінбес бұрын өзіне қатысты әкімшілік акт, яғни  шешім қабылдаған органның (лауазымды адамның) жоғарғы тұрған сатысына шағыммен жүгінуі тиіс. Мысалы, тұлғаның тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша мемлекеттік орган оның арызы бойынша талабын қанағаттандырмаған, яғни ол үшін қолайсыз шешім қабылдаса, арыз иесі оның әрекетіне шағымды сол орган арқылы облыстық деңгейдегі органға  бере алады. Ол үшін азаматтар немесе заңды тұлға  жоғарғы тұрған органды іздеп, сол жаққа апарып, шағымды берудің қажеті жоқ. Шағым жергілікті жердегі шешім қабылдаған орган арқылы беріледі. Егер шешім қабылдаған төменгі сатыдағы орган өзінің қатесін жөндегісі келсе, ол шағымды жоғары тұрған органға жолдамай-ақ қарап,  арыз иесі  үшін қолайлы акт шығаруға құқылы. Бұл өз кезегінде азаматтардың уақытын үнемдеп, бұзылған құқықтарын жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп санаймыз.       
Жаңа Кодекс бойынша жария-құқықтық қатынастардан туындайтын   дауларды шешудегі соттың рөлі қандай?
Президент Қ.Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «бұдан былай сот қосымша айғақтарды жинау бастамасын көтеруге құқылы екені, дәлелдемелерді жинау міндеті азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелуі тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысы көтерген осы мәселелер жаңа  Кодексте соттың белсенді рөлі қағидатында көрініс тапқан. Соттың белсенді рөлі сот әкімшілік іске қатысушылардың түсініктері, өтініштерімен, олар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп ғана қоймай, істі шешу үшін маңызды барлық мән-жайды жан-жақты, толық, объективті түрде зерттеуі қажет екенін білдіреді.  Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды. Сондай-ақ сот актілерінің міндеттілігі қағидаты мен соттың бақылауы деген талаптар енгізілді.  Жаңа Кодекс бойынша әкімшілік істер бойынша соттың заңды күшіне енген сот актілері, соттар мен судьялардың істі қарау кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары, басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органы, заңды тұлғалар мен лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады. Сот актілерін, соттың талаптарын орындамау процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз болып табылады. Егер тұлға әкімшілік істі қарау барысында өзінің процестік міндеттерін орындамаса, соттың  сұратқан дәлелдемелерін сот белгілеген мерзімде ұсынбай, істің қаралуының созылуына жол берсе, сот аталған тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкін. Егер, жауапкер соттың шешімін, татуласу рәсімдерін жүргізу нәтижесінде жасалған келсімдерді бекіту туралы ұйғарымды орындамаса, оған 50 АЕК мөлшерінде айқшалай өндіріп алуды қолданады.
Елімізде алғаш қабылданып отырған жаңа заңнаманы қабылдау қандай талаптардан туындады деп ойлайсыз?
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін атап өткен болатын. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымы енгізілді. Қазақстан Республикасының әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексі азаматтардың құқығын қорғаумен қатар мемлекеттік орган мен жеке және заңды  тұлғалар арасындағы туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған. Себебі әкімшілік рәсімдердің міндеттерінің бірі жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу болып табылады. 
Сұқбатыңызға рахмет! Жаңа Кодекс ел игілігіне қызмет етіп,  азаматтарымыздың құқығы мен бостандықтарын  қорғауда нәтижесін береді деген сенім білдіреміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
20 сәуір 2021 ж. 7 892 0