Ары биік ақын.
Адекеңмен аудандық газетте бірге қызметтес болдым. Одан кейін райком партияда. Қызметтен бөлек Адекеңмен мені етене жақын еткен шығармашылық. Бір-бірімізді түсінетін ақындық. Өлеңнін-құдіреті ол ұстаздық етті, мен лайықты шәкірті болдым, сенімін ақтадым деп ойлаймын.
Адекеңнін 80 жылдық мерей тойы қарсаңында өзі көре алмай кеткен оның творчествасының кейбір қырын сөз етпекпін.
Шындығына келсек Адекең балалар ақыны. Ал бала тілін табу, оның қиялына ілесіп, ойынан шығу қиынның қиыны. Алғаусыз көңілдегі періште бала-бала болып сөйлеу,оның қыңыр мінезі мен оғаш қылығын жеріне жеткізе білу, төңіректегі тылсым дүниелерге құштарлығын, білгісі келетін қызығушылығын дөп басып айту да Адырбекке тән. Айналамыздағы қоршаған дүниелердің бірі емес, баршасыныңда баланың ойның түсінік-түйсігіне сай жеткізе алатындығында. Яғни бала болып ренжітеді, күлдіреді, ойландырады, қызықтырады, қуантады, жаманнан жиркентіп, жақсыға талпындырады. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін Адекеңнің балаларға арналған бірді-екілі өлеңіне жүгінейік мысалы
Оятпа, қораз сен бізді
Өзімде сездім, таң атты.
Сенсіз ақ білем мезгілді
Үйреніп алдым сағатты,-деп бір шумақ өлеңмен-ақ бала түйсігіне жақын, әдемі ой айтады.
Апам алса қайшыны,
Отырамын күлімдеп.
Әжем алса қайшыны.
Қоя берем дірілдеп
Апам алса қайшыны
Көйлек піше бастайды.
Әжем алса қайшыны,
Шашымды қырқып тастайды.
Қайшы аталатын бұл өлеңнен ауыл тіршілігіндегі тұрмысты, әр үйдегі кездесе беретін жағдайларды жазбай танисың. Баланың ішкі ойын, толқынысын керемет келтіреді.
Жалпы Адырбек өлеңдері балалардың ой- санасын дөп басып жатады. Әсіресе баланың қылықтарына, дұние танымына, өмірдегі құбылыс, тіршіліктерге қызығушылығы мен білуге талпынысына сай бала түсінігіне жеңіл, әрі ойлы шумақтартөгеді. Міне балалар ақынының да құдіреттілігі осында жатыр.
Адырбек балаларға арналған қысқа қайырымдармен ғана шектелмейді. Оның бұл тақырыптағы «Айға сапар»,«Қырдағы айқас», «Түнгі күзет», «Боранды түнде», «Жоғалған қыз»,атты балаларға арналған фантастикалық поэмаларының өзі бір төбе. Бұл шығармаларында ақын балаларды тылсым құпиялардың сырына үңілдірсе, өскен ортамыздағы келеңсіздіктермен айқастың, әділдіктің салтанат құратынына, бала батырдың ерлік істерін өлең жолдарымен төгілдіре жеткізеді.
Ақын ағамыз бұлармен шектелген емес. Тарих тереңіне үңіліп, тарихи тұлғалар жайлы да қалам тартқан. Әсіресе кешегі өткен Манап пен Бексұлтан мұраларын жинап, кітап етіп шығарудағы еңбегі ұшан-теңіз. Сондай-ақ «Сауран», «Сығанақ», «Көккесене», жайлы тарихи зерттеу еңбектері мен бірге «Желкілдек батыр», «Хорасан-ата», жөнінде жазған тарихи поэмаларының орны ерекше. Аты өшіп ұмытыла бастаған тарихи тұлғалардың ерлігі мен елдігін қайта тірілтіп бүгінгі ұрпаққа жеткізе білгенін, ерлікпен пара-пар демеске амалың жоқ. Ауданның жетпіс, сексен жылдық тарихи жөнінде жазған еңбегінің өзі аудан тарихына қосылған баға жетпес еңбек деп білеміз.
Адырбектің тағы бір ерекшілігі ән мәтініне сөз жазу. Бұл орайда, өмірден жастай кеткен, бүкіл қазаққа белгілі сазгер, әрі әнші Бексұлтан Байкенжеевпен шығармашылық байланысты болуы. Тамаша әндердің авторы Бексұлтанның 200-ге тарта әнінің басым көпшілігінің сөзін осы Адекең жазған. Яғни, ақынның сазгермен тығыз байланыста болғанын, оның үстіне ән әуеніне лайық, жүрекке жылы, әрі көңіл кілтін дәл басатын өміршең өлеңнін нағыз шебері екенін білеміз. Сондықтан болар «Құда болып жүрейік», «Ақ баян», «Ардагерлер әні» «Гүлденген Жаңақорған», «Сағынып жүрші» , «Ақгүлім» тағы да басқа көптеген әндерінің бүкіл Қазақстанды аралап, той-думанның тұздығы болып жүргені.
Ауылда туып, ауылда қалған ары биік ақынды елі қадірлеп, халқы сүйіп, үнемі еске алып, өлмес дүниелерінен қуат талып, ұрпақ тәрбиесінде пайдалана беретініне ешқандай күмән жоқ. Ақынның жыры да, аты да өлмек емес. Адекеңдей жібек мінезді, кереметтей адами қасиеттің иесі, досқа адал, ақ жүректі ағаны еске ала отырып, сөзімді өлеңменаяқтағанды жөн көрдім
Жалған өмір жалғандығын жасады
Дем таусылса кім өлімнен қашады.
Сен өткенмен өмір силап өлеңің.
Әр кеудеге шапағатын шашады.
Файзулла Сахиев.
ақын-журналист
Ауданның «Құрметті азаматы».