90 жылдық қалай тойланады?
Аудан басшылығының жан-жақты қолдауымен Жаңақорған ауданының 90 жылдығымен орайластырылған ақын мерейтойын биік деңгейде өткізуге бар тетіктер қарастырылып жатыр. Осы жұмыстарға қоса шараның бас сценарисі Зульфия Шалабаеваның айтуынша кезінде «Қызыл отаудың» бүкіл іс-тәжірибелері таратылып, үш рет республикалық байқауда жеңімпаз атағын алған Дала жұлдыздарының сарқыттары қатарымызда жүр. Біз осы Жаңақорған ауданының өткен тарихы мен Манап ағаның жүріп өткен шежірелі жолдарына рухани жаңғыру аясында шынайы жан бітіріп, кеше мен бүгін арасындағы сабақтастықты бекемдеуге бел будық. Кешегі күндері мәдениет саласы майталмандары ұлттық саз аспаптары – домбырасын, сырнайы мен қобызын арқаланып, жыршы – сүлейлердің қызыл тілден төгілген сұлу сөз термелерін, жыр-дастан, толғауларын елге жеткізуде алдына жан салмаған ғой. Осы үрдісті ұлықтап, осы күні ауылдарда көшпелі өнер кешенін Манап салған ізбенен қазақы қалыпта ел – жер аралатып, дәл баяғыша кең даланы әнге бөлеп, термемен тербеп, ұлттық төлтумаларымызды табиғи түрде тамашалатуға талап қылған ой-армандары болыпты. Бірақ бұл ұсынысты әрбір ауылдың басшылығы, зиялы қауым өкілдері терең түсінік, жанашыр пейілмен қабылдаса құба-құп. Сонда ұмытылып бара жатқан жыршы-сүлейлеріміздің есімдерімен қайта қауышқандай болар едік, – дейді.
Ия, өткенді ұлықтау, сайып келгенде, өзімізді танып, болашаққа бай қазыналарымызбен қадам басу үшін қажет.