№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тоғыз баланы жалғыз өзі есейтіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана

Тоғыз баланы жалғыз өзі есейтіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана

   Кешегі тоқырау жылдарында тәлімді ұрпақ өсіріп қана қоймай, оларды ел игілігі жолында еңбек етуге тәрбиелеп, ата дәстүрді құрметтеуге үйреткен аналар еңбегі қашанда елеулі. Тоғыз баланы жалғыз өзі есейтіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан ұрпақ сүйіп отырған Зылиха Қалкенованың өмірі өнеге деуге болады. Кешегі қиын-қыстау уақытта дала төсінде тер төгіп, егіншіліктің қыр-сырын еңсерген ананың арманы елдің тыныштығы, балаларының саулығы.
   Кеңестік кезеңде, яғни соғыс жылдарынан кейін жастар қара жұмысқа ерте араласты. Әсіресе, қазақтың қаракөздері қырманның басында жүріп, күріш жинады, одан диірмен тартты. Егін шаруасына ширай түскен жас буын мал шаруасына да қолқанат бола білді. Сауын сауып, төрт-түліктің түтінін түтетті. Тіпті, құндақта сәбиі бар аналар да қара жұмыстың қақ ортасында ерлермен етене еңбек етті. Қаратау етегіндегі Қырашта туып-өскен Зылиха әжей де қырықтан асқан шағында да күріш егіп, еңбектің көркін қыздырған жан. Осындай қарапайым шаруа адамы болып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген алтын құрсақты анамен дидарласып, көңіл толқынындағы сырларын тыңдап қайтқан едік.
Бүгінде сексен екі жасқа қадам басқан әже қос жанарынан айырылса да, көкірегі ояу, жүзінен жылылық еседі. Өзінің өмірлік ұстанымында отбасы ұғымын артық қойып, әйел бақытын бағалайтын жаны жайсаң ананы батыр десек те жарасады.
– Мен қарапайым шаруа шаңырағында дүниеге келгенмін. Нағашы әжем мен өз апамның алақанында қиындық көрмей есейдім. Бір сөзбен айтқанда, қос кемпірдің қолында еркелеп өстім. Тағдыр толқынымен Жаңарыққа келін болып түстім, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
1937 жылы дүние есігін ашқан Зылиха апа 20 жасында Ахмет Мұсабековпен отау құрып, тоғыз баланы өмірге алып келді. Аналық махаббатын берді, өсірді, жетілдірді. Алайда, отағасы 1988 жылы науқастан көз жұмады. Содан бері қамкөңіл ана тағдыр тауқыметін тартса да, тоғыз перзенті алдындағы аналық парызын адалдықпен өтеді. Шаруаға еті үйренген жан күні бүгінге дейін үй шаруасына араласып кедеді.
– Әлі есімде ең алғаш келін болып түскенде мен үшін өте ауыр кезеңдер басымнан өтті. Еркелеп өскен қыздың еңбекке ерте бой үйретуі оңай шаруа емес еді. Десе де, шаңырақтың берекесін кіргізіп, балалардың қамы үшін жұмысты да қатар атқардық. Күйеуім мектепте химия пәнінің мұғалімі болды, мен сол білім ошағының еден жуушы қызметінде болдым, – деп өткенін еске алды.
Иә, 22 жыл мектепте еден жуушы болған апа қабатында күріш егіпті. Жұмыстың бәрі қолымен атқарылатын уақыт. Атызды су шайып кеткенде қолмен қаптап топырақ таситын диқаншы қауымның еңбегі өлшеусіз. Таңның атысы, күннің батысына дейін егіннің басында жүретін әйелдер қауымына артылар жүк ауыр. Өмірлік жары Ахметке уәде еткендей, ұл-қыздарын жетілдіріп, қиялына қанат бітіріп, бас-басына отау тігуге тірекші, әлі тілекші бола білді. Орайы келгенде анамыздан бүгінгі тәрбие туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
– Ұлдар ер жетіп, қыздар бойжеткен шақта күйеуім көз жұмды. Сол тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қиыншылық бүйірден қысса да, балапандарымды кем қылмай өсіруге тырыстым. Шүкір, бүгінде 30-дан аса немере, 37 шөбере сүйіп отырмын. Ең бастысы, перзентіңнің аман саулығы екен ғой.
Қазір көп осалмыз. Отпен кіріп, күлмен шығатын келін жоқ. Тай үйретіп, тазы қосқан бозбаланы да кездестірмейсің. Баланы бөлмеге қамап, ертелі-кеш ақыл айтқаннан ештеңе өнбейді. Оны тәрбиелейтін өскен ортасы. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеймін десең, алдымен оның ортасын тап, дос болатын серіктерін таңда. Екіншіден, өзіңді тәрбиеле, ұрпағың сонда тәртіпке бағынатын болады, қарағым! – деді алтын құрсақты ана.
Зылиха апа арнаулы мамандығы болмаса да, ұл-қыздарының диплом алып, мұратты жолында еңбек ете беруіне тірекші, әрі себепкер болыпты. Қазір солардың бәрі де өмір көшіне ілесіп, өз отауларының түтіндерін тік өрлеткен ортаның азаматтары. Осылардың жақсысына сүйсініп, жаманына күйініп отыратын анаға қарап «баланың білегі ауырса – ананың жүрегі ауырады» деген тәмсіл ойға оралады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «адамдық негізі – әйел» деп тұжырымды ой қалдырған. Расында да, адамдық та, ардақтылық та, айбындылық пен абыройлылық та ана деп аталатын қасиетті жандардан бастау алады. Ананың ақ сүтімен бала бойына дариды. Бір сөзбен айтқанда, дүниеде қанша мейірім, шапағат болса да перзентіне деген ана махаббатының орны бөлек. Біз мұндай махаббатты тоғыз құрсақ көтерген анадан көрдік.

Әли ТЕМІРБЕК.
24 қараша 2018 ж. 1 867 0