№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҒАСЫР ҒҰМЫР ҒИБРАТЫ

ҒАСЫР ҒҰМЫР ҒИБРАТЫ


СЫР ӨҢІРІНДЕ ЖАСЫ ЖҮЗДЕН АСҚАН АНАЛАРДЫҢ САНЫ ОН ҮШКЕ ЖЕТІПТІ. ЕКІ ҒАСЫРДЫ КӨРГЕН ӘЗИЗ АНАЛАРДЫҢ БЕСЕУІ ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА ТҰРАДЫ. ҚАЗАҚ ҚАШАНДА ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ХАЛЫҚ ЕМЕС ПЕ? СОНДЫҚТАН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ МӘЖИТ БАЛҚОЖАЕВ ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРДЫ АРНАЙЫ ҚҰТТЫҚТАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ.
Алдымен, Қожакентте тұратын Әсия Каримованың қара шаңырағына бас сұқтық. Ауыл әкімі Асылбек Айтжанов күтіп алып, жол бастады. Біз кіргенде төсекке таңылған ананың көңілі жабырқаулы көрінді. Қазақта «бала – бауыр етің» деген қастерлі сөз бар, жалғыз ұлынан айырылған Әсия әжей есікке елеңдеп отырғанын көрдік. Жүзден асса да ұлын ойлап отыратын кейуананың көңілі дархан даладай кең ғой шіркін! Бізді жатсынбай бауырына басып, сәлемін берді. Мән-жайды түсіндірген Мәжит Байқожаұлы жылы лебізін білдіріп, сый-сияпатын табыстап, ақ батасын алды. Одан әрі, 103 жасқа толған Ақшайы ананың үйіне адымдадық. Шөпшегінің қолынан су ішкен Ақшайы Қоқажанова шұғылалы мерекеде 103 жасқа толыпты. Ашаршылық тауқыметін тартып, қуғын-сүргінге куә болып, соғыс жылдары тылда еңбек еткен ана әлі тың. Қонақтарды қарсы алып, төрге оздырды.
– Қалыңыз қалай, апа? Денсаулығыңыз жақсы ма?
– Шүкір Аллаға. Әзірге денім сау, балам.
– Аналар мерекесі қарсаңында өзіңізді құттықтау үшін келдік. Әрі, партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың сәлемін ала келдік.
– Рахмет айналайын! Ел тыныш, жұрт аман болсын! – деді кейуана. Тоғыз құрсақ көтерген Ақшайы әжей үнемі немере шөберелеріне ақылын айтып, өмірден түйгендерін таразыдан өткізіп отырады. Сөз арасында ауыл әкімі:
– Апа, ұзақ жасаудың сыры неде? – деді.
– Әр іске адалдық, адал ниет болсын. Сонда жүрек таза болады. Жүректің тазалығынан өмірің мәнді, ісің өнімді өріледі. Сосын кешірімді болу маңызды. Ең бастысы, Жаратқанға шүкіршілік ете білейік, қарақтарым! – деген әзиз ана ақ батасын берді.
Қожакенттен шығып, Түгіскенге жол тарттық. Ауыл әкімі Сардармұхамедәлі Садықовпен бірге Төреқыз Абдіхалықованың отбасына бас сұқтық. Екі ғасырдың куәсі болған ана төрге озуды ұсынды. Үйдің іші шұғыла шашып тұрғандай, мейірімділік аурасы сезіледі. Бұл – жүзі жайдары, жүрегі жарқын әжеміздің ақжарқын көңілі болса керек-ті. Көрген-білгенін ұрпағына өнеге етіп отыратын ана бізге батасын беріп, ақ жол тіледі. Одан кейін тау беткейдегі Бесарықты бетке алдық. Елді мекен басшысы Әлібек Абдуллаевпен қос бірдей ғасыр жасаған жанның шаңырағына бастады.
Бұрынғыдан «шұғынық мәңгі солмайды» деген сөз қалған екен. Ғасыр жасаған жандардың жан дүниесі сол гүлдердей берік. Себебі, денсаулықтары сыр берсе де, Әзиз аналардың айтары – кейінгі ұрпақ бейбіт өмір сүрсе дейді. Ғасырдың құрдасы, заманның сырласы болған Тұрғанкүл Қарынбаева оңтүстіктің тумасы. Тағдырдың айдауымен Бесарық топырағына қоныс аударыпты. Зейнет жасына дейін егістік алаңында тер төккен Тұрғанкүл апа бүгінде үш ұл, бір қызынан немере, шөбере, шөпшек көріп отырған бақытты жан.
Ал, Жәміш Есенқұлова қос перзентінен жеті немере, сегіз шөбере және шөпшек сүйген аяулы әже. Ол кісі де кешегі келмеске кеткен тарихтың тоқырауында туып, қиындықтарды бастан кешсе де, мойымаған ана. Айтары, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, ел басқарған басшылардың берекелі болғанын тілеп отыр.

Р.S.: ХХ ғасырдың аласапыранынан аман қалып, аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңын көрген азиз аналардың тілеуі бір. Ол – елдің бүтіндігі, жұрттың амандығы, ұрпағының саулығы. Ана жүректің осы дұға-тілектері бізді желеп-жебеп жүргені анық. Біз ғасыр жасаған ғұмыр ғибратынан осыны ұқтық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
13 наурыз 2018 ж. 1 535 0