№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕРДІҢ ЕҢСЕСІН ЕҢБЕК КӨТЕРЕДІ

ЕРДІҢ ЕҢСЕСІН ЕҢБЕК КӨТЕРЕДІ

Байкенже ауылдық округін 18 жыл басқарып, зейнеткерлікке шыққан Жұмаділла Өткелбайды көбі іскер басшы ретінде таниды. Алайда, халықшыл басшы ретінде танымал тұлғаның біз біле бермейтін беймәлім қырлары да көп. Ауыл ішін көркейту-көгалдандыру жұмысына қызмет жасаған шаруа адамы үй ауласына да тың серпін беріп келеді. Егін шаруасына епті, тумысынан табиғатқа құштарлығы бізді тәнті етті. Сондықтан, кезекті жұмыс күнінде уақыт тауып, Байкенже ауылына жол тарттық.
35 жыл басшылық қызметте жүріп, зейнеткерлікке шықса да, кетпені иығынан түспеген іскер азамат ауыл тынысына дем беріп, ертелі-кеш есік алды егістігін еңсеріп, бау-бақшасын бағып-қағуда. Еңбек жолына көз жүгіртсек, тарих пәнінің мұғалімі ретінде білім ошағында қалтықсыз қызмет етіп, ел басқару ісін де  абыройлы атқара білді. Саналы ұрпақ өсіріп, білімді шәкірт тәрбиеледі.
Межелі уақытта ауылға да жеттік. Тынымсыз тірліктің ортасында жүрген шаруа адамына сәлем беріп, аман-саулық сұрасқаннан кейін қайнаған дала жұмысына көз жүгіртіп көрдік.
– Аға, шаруаңыз қалай?
– Шүкір, жерге еткен еңбек жерде қалып жатқан жоқ. Қызметте жүргенде қолымыз қалт етсе, бақшаға бет бұратын едік. Енді міне зейнетке шығып, шағын шаруаны ширата түсуге бел буған жайымыз бар. Бұл шаруаға бала кезімнен құмармын. Ауыл баласы болғаннан кейін дала жұмысына ерте араластық. Егін ектік, тау етегінде жүріп мал да бақтық. Бәрінен бұрын, қай қызметте болсам да тазалық пен табиғатқа аса мән беретін едім. Мұның барлығы өскелең ұрпақ үшін, таза өнімнен нәр алып, табиғи тауарды тұтынсын деген ниет қой біздікі. Әрі, жастарды жалқау әдетінен арылтып, еңбексүйгіштікке баулу.
– Біз бұрын біле бермейтін Жұмаділла Өскенбайұлының іс­кер­­лігінің сыры неде?
– Оның ешқандай сыры жоқ. Ең бастысы, еңбегің адал болса, өнімің өрісті болады. Қазақта «еңбек ердің көркі, ер елдің көркі» деген нақыл бар. Сондықтан, еріншектің күйін емес, елге үлгі болатын ердің ізімен жүрген абзал болады. Мен осыны ұстанамын, – деді.
Есік алдындағы екі гектар жерде алма, шие, өрік, қара өрік, шабдалы мен жүзім және көкөніс өнімдері жайқалып тұр. Уақыты келе бақша өрісін кеңейтіп, жеміс ағаштарын будандастырып, құнарлы өнім алу ойда барын жасырмады бақташы.
– Биыл алма мен шиеден 20 түптен көшет отырғыздым. Жер құнарлы, күтімі жақсы  болғаннан кейін еңбек ептеп ширап келеді. Тіпті, мал азығын да үйден дайындаймыз. Осындай тынымсыз тірлік, қыбыр-қыбыр қарекеттің арқасында елмен есейіп келеміз. Қолғанатым үйдегі апаң мен немерелерім. Жарымның есімі Қалдыгүл Керімбекқызы. Зейнетке шыққанға дейін кітапханашы болып еңбек етті. Енді екеулеп төрт түлікті төлдетіп, төрімізде төселіп жатқан жасыл желекті күтіп-баптап бала-шағаның қызығын көрудеміз, – деді еңбек адамы.
Іскерлігімен қатар, ұрпақ тәрбиесінде де көп көңіл бөлетін кейіпкеріміз 3 ұл, 3 қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Перзенттері де әке жолын жалғап мұғалімдік салада еңбек етіп келеді. Үлкен ұлы ауыл мектебінің директоры болса, қыздары әр өңірде ұстаздық жолдың ізін жалғап жүр. Сапалы білім беру ісінде шәкірт тәрбиелеп келеді.
Қорыта айтқанда, ауылдағы ағайынға үлгі болып жүретін Жұмаділла Өскенбайұлының тағы бір қырына қанық болдық. Бәрінен бұрын жастарға үлгі болатын еңбек адамының еңсесі қашанда биік. Себебі, еңбек ердің еңсесін көтереді.
Әлібек ТЕМІРБЕК.
23 маусым 2018 ж. 1 191 0