№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек ширатады, өмір үйретеді

Еңбек ширатады, өмір үйретеді


ЕРМАҒАНБЕТ ЗЕЙДАЛИЕВ. БҰЛ ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 50-ШІ ЖЫЛДАРЫНАН БЕРІ СЫР ӨҢІРІНЕ ТАНЫМАЛ БОЛҒАН ЕСЕПШІ ЕРДІҢ ЕСІМІ. КЕШЕГІ КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЖАСАҒАН АЗАМАТ ӨЗ САЛАСЫНДА ІСКЕРЛІГІМЕН, АДАЛДЫҒЫМЕН КӨПТІҢ ЕСІНДЕ ҚАЛДЫ. ОСЫНДАЙ АТҚА ЛАЙЫҚ БОЛҒАН ЕҢБЕК АДАМЫ БҮГІНДЕ ҚАЙДА ЖҮР? ОСЫНЫ БІЛМЕККЕ ЕРМАҒАНБЕТ АҚСАҚАЛДЫҢ ШАҢЫРАҒЫНА БАС СҰҒЫП, «СЕНБІЛІК СҰХБАТ» АЛАҢЫНА ШАҚЫРДЫҚ. ТОҚСАНҒА ТАЯҒАН АТАМЫЗ ӘҢГІМЕНІ ЕЛДІҢ БҮГІНІНЕН БАСТАДЫ.
– Еліміз қазір дамудың жолына түсті. Әсіресе, экономикалық өсімнің артуы ел әлеуетін жақсартып келеді. Осыған шүкір айтып отырамын. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда бейбітшілік орнады, көшіміз ілгеріледі. Бұл да тұрақтылық пен тәуелсіздік туын тіктеп жүрген азаматтардың абыройы. Дегенмен, әлі де шаруаны ширата түсу міндеті тұр. Ол үшін жастарымыз қызметіне жауапкершілікпен қарап, өз ісінің озаты болса, – деп бастады сөзін қария.
– Сіз де 60 жылға жуық бір салада еңбек етіпсіз. Есепші болудың қыр-сырын меңгерген білікті маман ретінде айтыңызшы, қызметте абыройлы болудың сыры неде?
– Заманның таршылығы тіршілік тынысына етімізді тез үйретті. Өзім он бес жасымда қолыма қалам алып, құнды құжатпен айналыса бастадым. Ол кезде тәрбие бөлек еді ғой. Ата-анамның «елге адал еңбек етсең еңсең тік жүреді» деген ұлағатын ұмытпадым. Жалпы, анам өте сауатты, көзі ашық кісі болатын. Ескіше жазуды да жетік меңгерген жан еді. Алайда, заманның заңы қыз баласына шектеу қойып, анам қызметке араласа алмады. Ең алғашқы еңбек жолымды Жайылма колхозында табельщик, есеп жүргізуші болып бастадым. Одан кейін, Төменарықта нұсқаушы есепші болдым. «Қазакстанның отыз жылдығы» атындағы колхозында нағыз еңбектің бел ортасына келдім. Жалпы, зейнетке Талап совхозында жүргенде шықтым. Түйіндей айтқанда, өмірден түйгенім адам баласының қызметте өсуі адалдық пен туралықтың арқасында екен.
– Елбасының әр жылдағы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын сараптап көрсек те стратегиялық маңыздылығы белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сіздің пайымыңыз қандай?
– Жолдау жүгіне жауапкершілікпен қарау керек. Себебі, әрбір құжаттың астарында болашаққа бастайтын бастамалар бар. Мәселен, Елбасы Үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында ауылшаруашылық саласы экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген екен. Бұл әсіресе ауылдағы ағайынның шаруасын ширата түсері анық. Осы тұрғыда ауданда көп жұмыс жасалуда. Осындай бастамашыл істердің басында жүрген басшылардың тиянақтылығы, егіншілер мен бағбандардың бейнеті бір төбе. Міне, елдегі ілкімді істердің көші осында.
– Ауылшаруашылық демекші, сіздің де осы салада ізіңіз қалған екен. Соған тоқталсаңыз.
– Иә, мен аудандағы барлық совхозда есепші болдым. Тынымсыз тірліктің жемісі шығар, еңбегім еш кеткен емес. Тіпті, зейнет жасына шықсамда он бес жылға жуық ауылшаруашылық бөлімінде ерен еңбектің үлгісін көрсеттім. Жалпы, ауылдағы ағайынның негізгі еңбек көзі егін мен мал шаруашылығы. Бүгін де солай. Сол тылда уақытпен санаспай тер төккен дала диқандарының ерен еңбегі ауыл әлеуетін көтеруде үлкен күш берді. Төрт түлікті түлетіп, қырманның басында жүрген еңбеккерлердің есімі ұмыт қалса да, еңбектері өшпес мұра болып қала береді. Мен қызмет еткен ауылшаруашылық саласындағы бетбұрыстар төрт-түлік санының артуымен, егіннің ырысты болуымен есте қалды.
– Енді өзіңіздің өмір жолыңызға ойыссақ. Балалық шағыңыздың қайнары соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Өмірдің тауқыметін ерте сезінген боларсыз.
– 1929 жылы Жайылмада туып, сонда өстім. Жеті жылдық мектепті те сонда бітірдім. Соғыстың ұшқыны басталғанда мектеп оқушысы едік. Сондықтан, жұмысқа ерте араласу керек болды. Бала кездегі арманым алдымен жоғары білім алу болды. Одан кейін қызметтің мәртебесін сезіну болатын. Әрине, оқу оқимын деген арманға қол соза алмасам да қызметімнің биігіне шықтым деп есептеймін.
– Сіз етене еңбек еткен жандардың есінде «сары шал» деген атпен есте қалған екенсіз. Ол қандай мағына береді?
– Иә (күліп). Мен өте тынымсыз, талапшыл, әрі әрбір ісіме ұқыпты болдым. Тіптен, жоғарыдан тексеруге келген тексерушілер (ревизорлар) құжатыма жоғары баға беріп кететін. Қарап отырсам, өмір үйретеді, еңбек ширатады екен. Мені сары шал дегендері ұжымдастардың мені келеке еткендері емес. Қайта еңбегіме берген басшылықтың биік бағасы болатын.
– Мария апамыздың да қызметі есепші болған көрінеді...
– Қазалыдағы техникумды бітіргеннен кейін, ол да есепші мамандығы бойынша қызмет етті. Зейнет жасына шыққанша екеуміз де бір саланың нанын жедік, жүгін көтердік. Шүкір қазір үш қызымыз бар. Барлығы да үлгілі ұстаз ретінде білім ордасында шәкірт тәрбиелеп жүрген жандар.
– Өткен күн өнегесімен есте қалады. Биыл Жаңақорғанға 90 жыл. Ауданның өткені мен бүгінін саралап бере аласыз ба?
– Шыны керек, біз өмір сүрген уақыт қиын-қыстау кезең, таршылық пен жоқшылықтан өтіп, тіршіліктің қам-қарекетін түзету болды. Қазаны қайнаған ел арасында жүріп нағыз еңбекпен шыңдалдық. Жалпы, айтқанда келер ұрпақ үшін қызмет етуді көздедік.
Ал, қазір шүкір бәрі бар. Аудан барлық салада дамып келеді. Бәсекелестік ортаға бейімделіп келе жатқан Жаңақорғанның бүгіні берік, келешегі кемел. Оны көрмесем де естіп жүрмін. Сондықтан, ел еңсесі биік кезде уақыт үдесінен шыға білсек болғаны.
– Ағалық ақылмандығыңыз болсын, жастарға қандай кеңес айтасыз?
– Ең бастысы адал болу. Өтірік айтып, ұрлық жасамау керек. Екіншіден, сертіңде тұра білу де тектілікті білдіреді. Сондықтан, аманатқа қиянат жасамау да адамгершіліктің шыңы деп түсінген жөн. Мен осы ұсытанымдарымның арқасында басымды ешкімнің алдында төмен ұстаған емеспін. Немере-шөберелеріме де айтарым осы, қарағым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әлібек ТЕМІРБЕК.
27 қаңтар 2018 ж. 2 119 0