№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Смайыл ағайдың шәкірттері

Смайыл ағайдың шәкірттері


Ана тілдің табиғатын терең білмейінше, оны жаныңа жақын қабылдап, жүрегіңнің тереңіне түйіп алмайынша ата жұртыңның, туған ұлтыңның қадіріне жетуің қиын.
Ана тілім – қазақ тілінің маржан-мәйегін көкірегімізге өшпестей орнықтырып, тыныс белгілерін үтір мен нүктеге дейін санамызға шегелеп кеткен, ұстаздық қызметіне шынайы берілген тұлға – Нысанбайұлы Смайыл ағай туралы айрықша айтып, айрықша толғануымыздың жөні бар. Әрбір сөздің жазылу, айтылу емлесін естен шықпайтындай етіп санамызға егіп кеткен еңбегі бізді, шәкірттерін осы күнге дейін ұятқа қалдырмай, дүние мен байлықтың, атақ пен маңсаптың бәсекесінде басып оздырмаса да, қайран қара сөздің аламанында алдыға шығарып тұр.
Ал бұл адамға көп артықшылық қой. Айтар сөзін анық таңбалай алмаудың өзі рухани кемтарлықтың көрінісі. Сауатты жаза білмейтіннің өресі тар, ақыл ойға сараң, сөзі жалаң. Олай болса, ұрпағымыздың адами болмысын биік қалыптастырамыз десек алдымен қатесіз оқып, қатесіз жаза білуге баулуымыз керек-ау. Бізге осындай деңгейде тыңғылықты білім берген Смайл ағайға, шәкірттері сол үшін де шексіз қарыздармыз деуім содан.
Смайыл ағайдың шәкірттері. Олар кімдер? Төменарық совхозына қарасты “Коммунизм” бөлімшесіндегі (қазір Қожамберді ауылы) №162 сегізжылдық мектебінде оқып, ұшып шыққан ұл-қыздардың барлығы 4, 5, 6 кластарда қазақ тілі, әдебиетінен сабақ берген Нысанбаев Смайыл ағайды көңілінің түкпірінде сақтап жүргені анық.
Қазақ тілінің орфографиясы мен орфо­эпия­сының заңдылықтарының жілігін шағып, саналарға ұмытылмастай құйып берген ұста­зымыздың сыр-сипаты әлі де көңілімізде сайрап тұр. Ол кісі өте талапшыл болатын. Жаңа тақырыпты жадымызға тоқып, толық меңгермейінше жаны жай таппай, жаттатудан жалықпады. Ағайдың екінші қыры, қимылы жылдам кісі еді. Асықпай жүрген кезін көрмедік. Үнемі жүгіре басып мектепке келе жатады, жүгіре басып, Жаңақорған мен ауылдың арасына қатынайтын автобусқа мініп бара жатады, кешкісін автобустан түсіп келе жатады. Мұғалімдіктен басқа жауапты жұмысы көп. Өмір бойы сол мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқарды. Табельді де өзі толтырады, мұғалімдерге жалақыны да өзі таратады. Ұқыпты жан осы жұмыстың барлығын тастай етіп тындырып, әрбір педагогтан, тіпті оқушыдан да осындай тиянақтылықты талап ететін.

Ердің бағланы – еңбегі жанғаны

Ана тілдің қасиетін бойына терең сіңіріп, таным-талғамын өміріне тірек етіп келе жатқан тұлғалар туған тілдің шын жанашыры да бола біледі екен. Қазірде Смайл ағайдың тәлімін алған шәкірттерінің денін лингвистиканың айналасынан табасыз. Сәби күнінен зердесінде тұтанған ұшқынды жалынға айналдырып, тіл тазалығы үшін жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан олардың атын атап, түсін түстеп те бере аламыз. Арғыға тереңдемей, беріректегі шәкірттерінен бастайықшы. Сыншы, әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаев ағамыз "Қызыл алмадан" бастап мүйізі қарағайдай қаншама қаламгердің бет-жүзіне қарамай сөз киесіне қиянат жасағанды сын жебесімен қиып түсіп, қызыл тілдің қадірін көз қарашығындай қорғаумен келеді. Жақсыбай Сарбалаев ағамыз, ол да Смайл ағайдың шәкірті, филология ғылымдарының докторы атанған, Бақытжан Сатершинов ғылым докторы, саясаттанушы, Рахима Кәрімбаева қазірде халықаралық бизнес университетінің аға ғылыми қызметкері, филология факультетінің түлегі, Әбсаттар Құдияров ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген, қазірде осы оқу орнының аға ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Қалдықыз Жола­нова, ол да филология факультетін бітірген. Ағайдың шәкірттері ағайынды Байтелиевалар ше? Күләйхан Байтелиева, Талап мектебі түлектерінің қазақ тілі, әдебиетінен рей­тингісін биіктетті. Гүлбарам Төменарық мектебінің, Ғалиясы №110 мектеп-лицейінің қазақ тілі-әдебиетін ұстап тұр. Тағы бір шәкірті Батырхан Жоланов, Аққұмдағы №221 негізгі мектебінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі, қазақ тілінің маманы, ауылда жүріп-ақ алаштанумен айналысып келе жатқан зерттеуші, аудан мектептері бойынша жаңаша оқыту бағдарламасының жетекшісі. Нысанбаевтың оқытқан шәкірттерінің ең жаман дегені осы жолдардың авторы – қалам ұстаған пірадарыңыздың да сөз өнерінен қаражаяу қалмағанын ескерер болсаңыз, онда Смайл ағайды қалайша еңбегі жанған ұстаз деп бағаламасқа?! Ұстаз үшін еңбегінің жанғанынан асқан бақыт бар ма? Оқытқан түлектері келешек ел кәдесіне жарап, ұстаз еңбегін ақтап жатса оның омырауына жарқыратып тағып жүрер ордені, медалы да сол екен. Смайл ағайдың өзі бізге солай деп айтатын тұғын...

Бауырмалдық болмысы
Қашан қарасаң да тайпалған жорғадай топты бастап қабағы жадыраңқы жүретін, қажуды білмейтін қағылез ағайымызды қайғы-мұңнан ада, төрт жағы тең құбыла көреді екенбіз. Сөйтсек, тіпті де олай емес екен. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ардагер-ұстаз Әбдіхалық Әйтілеуовтың осы кісі туралы естелігінде айтқандарымен танысқанда барып ағайымыздың шерлі кеуделі, қасіретті тағдырын етітірілігімен жеңіп, өзін-өзі шыңға қарай жетелеген жеңімпаз мінез ұстанымына көзіміз жеткен еді.
Әбдіхалық ағаның айтуынша, қаламгер аға Кемел Тоқаев облысқа іссапармен келгенінде: "Жаңақорған ауданында менің бала кезгі досым Нысанбаев Смайл деген азаматпен жолықсам деп ем" деп ауданға арнайылап соғады. Ол кезде аудандық атқару комитетінде қызмет атқаратын Әбдіхалық аға Смайл ағай мен Кемел Тоқаев екеуінің кездесуіне куә болады. Сөйтсе, қос азамат сәби шақтарында Шымкенттегі балалар үйінде бірге тәрбиеленген екен. Бір шаңырақ астында бір тілім нанды бөліп жеген қос арыстың бір анадан туған бауырлардай құшақ айқастырып, көп уақытқа дейін бір-бірінен айрылмай, тарам-тарам сорғалаған көз жастарына қарап, көңілі босамаған жан қалмапты. Бірлі-жарым ағайын бар болса да әке-шешесі жастай өлген жетімегін келешек көзі ашық, адам болып ілініп кетсе екен деген үкілі үмітпен үкіметтің қамқорлығына тапсыруға талаптанған ғой. Жасөскін балалар үйінде онжылдық білім алып, одан әрі Шымкенттегі мұғалімдер даярлайтын техникумға оқуға түсіп, тәмамдаған екен. Еңбек жолын атамекенде мұғалім болып бастауды ұйғарыпты. Соғыс басталып кеткендіктен қолына қару алып, қан майданға аттанған.
Көп қиындықтар шегіп, "қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" дегендей, 1948 жылы ғана туған жер топырағына табаны тиіпті.
Смайл ағай жүрегіндегі жараны тырнағысы келмей ме, соғыс жайлы бізге әңгіме айтқан емес. Балалық шағы туралы да...
Елге аман-сау оралған соң, ауылдағы мектепте мқғалім болып жұмысын бастаған екен. Смайл ағай Төлеген Исаев екеуі алпысыншы жылдардың бедерінде шаруашылық есебінен қойшыларға бөлінген тамның қаржысына “Қандыаралдағы” жетіжылдық мектептің қазығын қадап, одан соң сегізжылдыққа айналуына көп қайрат жұмсапты. Сол кездегі біз оқыған №162 "ВЛКСМ-ның 25 жылдығы" атындағы мектептің осындай тарихы бар.


Ұстазы бардың ұстамы бар
– Смайл ағайдың бір қасиеті – оқушыға сұрақ қойып, орнынан тұрғызса жауабын айтқанша асықтырмай, ойын жинақтауына баса назар аударатын, – дейді шәкірті, бүгінде өзі де тәлімді ұстаз Батырхан Жоланов. Одан әрі баланың қабілетін тани білетін тәлімгердің талапты шәкіртіне сенім арта сөйлеп: "Үш-ақ оқығанда жаттап алатын ең, неге назар салмадың?" деп сабаққа ынта-ықыласын бұруға мейлінше мүдделі мейір шапағаттан кенде болмаған кеңшілігін, байыптылығын еске алды.
ХХ ғасырдың 20-жылдарының түлегі – Смайл Нысанбаев ағай егер тірі болғанда биыл 98 жасқа толар еді. Қырық жыл ағарту саласында еңбек атқарған жан зейнетке шықса да ұстаздықтан қол үзбеді. Қарапайым қасиетті қадір тұтқан қайсар тұлғаны қариялықтың қармағы қаба қоюы қиын, ал өзі өмірге ынтық жалын жүрегімен әлі қанша жақсылықтарға жол ашар еді. Тағдыр кейде тым қатал, қос ұлының бірі – Нұрланынан қас-қағымда көз жазып қалуы жүрегіне жазылмас жара салды. Көзінің қарашығындай құлынының қазасынан соң қаужырап құр рухы жүрді. Көп өтпей өзі де бақи дүниеге аттанып кете барды.
Смайл ағай мен оның жары Ұлшагүл апамыздың тәрбиелеп-жетілдірген 6 ұл-қыздан өрген немерелер бүгінде халық қызметінің түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.
Өз перзенттерінен ағайдың жолын қуған қызы – Райханы қазірде Шиелідегі мектепте ұстаздық етеді. Күнтуғаны көлік жүргізуші болып жұмыс атқарған еді, қазір зейнетте, ол кісінің ұлдары – Ержан бүгінде жеке кәсіпкер болса, Бақытжаны – аудан әкімдігінде қызмет көлігін жүргізеді.

***
Қазақ тілі ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов "Тіл құралы" оқулығында әрбір әріптің таңбалануымен қоса дыбысталуы, буын үндестігі заңдылықтары туралы ережелерді жүйелеп беруінің түбінде сауатты жазудың ортақ үлгісін қалыптастырудың қатаң қағидалары жатыр. Осыны негізге алған кешегі мұғалімдеріміздің ақ тер, көк тер боп, дыбыстарды жіктеп-жіліктеп, жуан-жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік деп жаттатып, ілгерінді ықпал, кейінді ықпалға бағынатын сингармонизм заңдылықтарын ежіктеп, түсіндіріп жатар еңбегінің бәрі бекер, бүгінгінің пайымынша бас қатыруға тұрмайтын бая-шая бірдеме екен. Мына жаңаша оқыту бағдарламасы дегеніңіз балаға мұның барлығын жіктеп-жіліктеп оқытудың қажеті жоқ, тілдік бағдар алса жеткілікті дегенді алға тартады. Біздің ойымыз айтады, қазақ тілі ғылым болудан қалса, тілдік заңдылықтары сақталмаса, оны әркім өзінше бұрып, өзінше қолдана берсе тіліміз бұзылмай ма? Тілді бұзудың, тілдің киесін тәрк етудің кесірі басбұзарлықтан да ауыр, кейін түзетуге келмейтін қателігіміз болса қайтеміз?
Алаш ардақтылары алғаш тұғырын бекітіп, сүрлеуін салып кеткен ана тілінің сыр-сипатын санамызға ұялатып, тіл ұстартқан аяулы ұстазым туралы естелік жазып отырып, неге екенін, қазақ тілінің бүгінгі осындай жай-күйі – "жаңалығы" өкініш боп көңілімнен бір кетпей қойды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
13 қараша 2018 ж. 1 353 0