№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қойылым арқауы Һиссамиддин хикметі

Қойылым арқауы Һиссамиддин хикметі


Тарихи қойылымды көрмекке алыс-жақын ауылдардан ат терлете жеткен ағайынның қарасы аз болмады. Ә дегеннен-ақ, көрермендер демін ішке жұтып, залда тыныштық орнады. Жиылған жұртты қоңыр үнімен баурап алған тарихи тұлға кесек-кесек сөздерімен жүректің қылын қозғады. Дүр сілкіндірген драма – қатпарлы тарихтың қойнауына сіңіп, есімі ел аузында берік сақталған тұлға Һиссамиддин Сығанақидің ислам дінінің Сыр өңірінде таралуына сіңірген еңбегі қойылымның желісіне айналған.
Қойылымда Һиссамиддин Сығанақидің Ахмет Яссауи, Бөкей хан мен Хорезм шаһ арасындағы өрбіген оқиға баяндалады. Тарихи драманың режиссері Дінмұхаммед Әбжаппаров ғұламаның аумалы-төкпелі заманда басынан кешкен оқиғасын ашуды мақсат етіпті.
Драмада басты рөлде ойнап, Һиссамиддин Сығанақидің оброзын сомдаған Ролан Бақтыбаев: – «Бұл рөльді сахнаға алып шығу маған өте ауыр болды. Себебі, осы күнге дейін Һиссамиддин Сығанақидің рөлін сомдаған актерлер болған жоқ. Екіншіден, көне заманда қолданыста болған сөздерді жаттап, оны қаз-қалпында санаға сіңіру қиын. Кітаптарды ақтарып, әр сөздің қандай мағына беретінін біліп алмайынша, сөзің шынайы шықпайды. Осы тұрғыда тарихи тұлғаны тану үшін көп ізденуге тура келді, – деді.
Бас актердің сөзіне дем берген Уәли Ибрагимов: «Рас, сценарийде біздің тіл қолданысымызда жоқ, бейтаныс сөздер болды. Дайындық барысында сөздердің мағынасына үңіліп, кейін сол сөздерге тіліміз оңай сынып, тіпті санамызға сіңіп кетті. Өзім ислам дінінің асыл діңгегі іспетті Ахмет Яссауидің оброзын сомдағанда, көп қиындық бола қойған жоқ. Себебі, Яссауидің хикметтері, өмірбаяны, деректі фильмдері оброзды ашуға көп көмек етті», – деді.
Жаңақорған топырағында рухани жаңғырудың аясында түлеген тарихи тұлға Һиссамиддин Сығанақидің азаматтық болмысынан өнеге алып, иманын арттырғаны анық. Сондай көрерменнің бірі – Азамат Асанов. Ол тарихи тұлғаның талғамын таныту арқылы жастарға тәлімді тәрбие беруге болатынын айтты.
Қойылымнан ерекше әсер алған Сырғагүл Болғанбаева: «Керемет. Қойылымға келгеніме ризамын. Көз алдымызда Һиссамиддин Сығанақи тіріліп келгендей әсер сыйлады. Көрермен үшін тарихқа толы тарту болды», – дейді.
Ал, Режиссер Дінмұхаммед Әбжаппаров: – Бұл тарихи драманы Жаңақорған жерінде қоюдағы басты мақсатым – қасиетті топырақта кіндік қаны тамған Һиссамиддин Сығанақидей дара тұлғаның болғанын, оның қандай дәуірді бастан кешкенін, ұлтқа сіңірген еңбегін дәріптегім келді. Бұл – драманың бірінші бөлімі, алдағы уақытта тарихқа толы драманың жалғасын халыққа ұсынамын, – деп жоспарымен бөлісті.

Түйін. Тарих толқынындағы тарихи тұлғалардың ғибратты ғұмыры келешекке сәуле шашатыны ақиқат. Ал, оны кәдеге жарата білу бүгінгінің міндеті. Осы тұрғыдан алғанда жаңақорғандық шығармашылық ұжымның талпынысын жоғары бағалауға болатындай...

Мақпал МАРҚАБАЙ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 552 0