№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » САРА СӨЗДІҢ САРДАРЫ ЕДІ...

САРА СӨЗДІҢ САРДАРЫ ЕДІ...


Ес білгелі қаламгердің туындыларынан сусындап, адамдықтың, адалдықтың парқын тоқыдық. Үлгі алдық. Болмасақ та, ұқсап бақтық. Ұстаз тұттық. Сондықтан ол туралы ой толғау өте ауыр болды. Себебі, елге қадірлі тұлға туралы жазу – қиынның қиыны екен. Көкірегімдегі оған деген ой, пікір, ыстық ықылас, шәкірттік сезім жан-жаққа шашырап кетеді...
2018 жылдың 1-маусымы. Қарбалас жұмыстан саңылау тауып, жазушы, журналист Айдархан Бибасарұлының қал-жағдайын білмекке, қарашаңыраққа бас сұқтым. Облыстық ауруханада ота жасалғанын, жансақтау бөлімінде жатқанын білдім...
2018 жыл 3-маусым сағат 11.57-де ұялы телефоннан қоңырау безілдей жөнелді. Ішім әлдебір жамандықты сезгендей қылп ете қалды. Телефонды асығыс-үсігіс көтердім. Сымсыз байланыстың арғы жағынан «Айдекең, Ай-й-д-е-е-кең бақилық болды» деген дауыс естілді...
Жан дүнием алай-дүлей. Сенерімді-сенбесімді білмеймін. Саналы ғұмырын ұлт руханиятының кемелденуіне, түлеуіне, елдің татулығына арнаған қаламгердің жазатыны көп еді ғой! Өзім жайлы кітап жазып, жазушылық ғұмырыма нүкте қоямын деуші еді.
Сыр жұртының шежіресін тарқатып, тарихын таңдай қақтырып айтушы еді. Бос сөйлегенді ұнатпайтын. Аталы әңгімелер айтып, көненің көзіндей көрінетін. Сонысымен сыйлы болды, сөзі өтімді болды.
Қаламы жүйрік, зердесі биік қаламгер ретінде ғұмырын барынша сапалы, саналы құруға ұмтылды. Түске дейін ардагерлер үйінде замандастарымен сырласып, қалжыңдасып, арқа-жарқа болып, шахматпен ой жарыстыратын. Сосын бесіннің қамына кірісіп, түстеніп, жұмысына кірісетін. Ой қорытып, өткенді еске алып, бүгінге ғибратты сөз жазуға қамданатын. Жеке кітапханасында күн ұзақ та отыратын. Оқығаны мен естігенін жадында берік сақтайтын...
Расында, Айдархан Бибасарұлының шығармашылық шеңбері кең, ауқымды, әр алуан. Қаламгердің еңбектерін оқыған сайын тереңдікті танисыз. Елдің, жердің тарихына қанығасыз. Оның «Дала перзенттері» деген бір кітабын алыңыз. Туындыда бір ғана әулеттің басына түскен нәубетті ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп-зерделеп, нәзік иірімдерін сұңғыла сезіммен терең түйсініп, жүрекпен қабылдауы, шебер суреттеп, шынайы баяндауы арқылы ХХ ғасыр саясатының қазақ сахарасына таңбалаған сойқан зардабын көз алдыңызға әкелгенде тұтас ұлт тарихын танып, таразылағандай боласыз. Мұның бәрі сөздің салмағын байыптап, ойдың қуатына бойлап, елдің тарихын танып-білуге деген құштарлықтан туындағаны ақиқат. «Жылдың соңғы кешінде», «Өмір дәурен», «Бәйтеректің қос бұтағы», «Өнегелі ғұмыр» және т.б. кітаптарында да осындай мазмұндылықты, өнегелікті, өміршеңдікті байқайсыз. Оқыған сайын зердеңіз ашылып, биіктей түсесіз...
Саналы ғұмырында аудан үнжариясының ыстық-суығына арнап, бірнеше буынның қанат қағып, қалыптасуына жағдай жасады. Жазушылық өнердің қыр-сырына қанықтырды. Төл басылымның әрбір нөмірі шыққан сайын қарашаңыраққа бас сұғып, «Сөз өнері – қасиетті өнер. Оның ғибраттық, суреттілік, сыршылдық, өсиеттік қыры өлшеусіз. Сондықтан сөзді дұрыс танып, орынды қолдана білу қажет», дегенді үнемі ескертетін. Бұл – түр келбеті, ішкі болмыс-бітімі биік тұлғаның ұстаздық тәлімі. Мұны біз ұмытамыз ба? Әрине, аманат ретінде арқалап өтеміз...
Қош бол, Ұлттың ұлы байлығы! Бақұл бол, сара сөздің сардары!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
05 маусым 2018 ж. 2 145 0