№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абай әлемі – жаңғыруға бастайды

Абай әлемі – жаңғыруға бастайды


Осыдан төрт жыл бұрын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне жол түсіп еді. Адам ойы шексіз, шетсіз ғой. Жол үстінде қыр мен сайды оймен аралап, Абайдың болмысын салмақтап барамын. Бір кезде, Конфуцийді тұлға еткен қытайлықтардың өнегесі ойды тұмшалап тұрып алды...
«Абайды оқыған сайын, көкейіне тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің», депті академик Мырзатай Жолдасбеков кемелденген шағында.
Расында, Абай терең, тұңғиық тұлға. Оның әр қырынан әр қилы сәуле шашатын туындылары қазақты озық елге қосылуға үндейді, әрі нақты жол көрсетеді. Адасқын келмесе Абайдың ойына сүйену қажет-ақ. Әй, бірақ, Абайдың ілімін кәдеге жарата алмай жүрміз-ау!
Бүгінде Қытай қарыштап дамып, озып барады. Неге? Себебі, өмір сүрудің философиясын Конфуций ілімімен астастырып алған. Олар тамақтанса да, киім кисе де конфуцийлық ілімге сүйенеді. Сондықтан қай жерге бармасын өмірін шығыстық ғұламаның іліміне негіздеп, нәтижесінде тұрған жерлерін қытайлық қалашықтарға айналдыруда. Сондықтан, көптеген мемлекеттер қытай азаматтарын қабылдаудан бас тартып жатқаны белгілі.
Ұлы далаға жаңа ой, жаңа поэзия әкеліп, тұнық бұлақтың көзін ашқан Абайды неге өмір сүру құндылығына айналдырмаймыз. Өйткені, ақын қазаққа қажетті барлық нәрсені айтып, мол рухани қазына қалдырған ғой. Бұл жайында мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханнан артық айта алмаспыз.
– ...Бірде қазақы тойда тілек алған сөзге шорқақтау бір ағамыз: «той десе қу бас домалайды деп» Абай атам айтпақшы» деп салды. Яғни ұтымды айтылған сөзді қазақ оп-оңай Абайға тели салады. Неге? «Әсем ән мен тәтті күй» деп өнерімізге мақтансақ, «сұлу сүймектік – пайғамбар сүннеті» деп бозбала ақталады. Саяси жиында Абайға сүйенсек, ел бірлігінің ескірмес ережесін де сол кісіден табамыз. Қаралы жиын «өлім барда қорлық жоқ» деп жұбанады. Неге? Әлсіз тұсымызды бетке басқан жау да, дос та Абайдан қозғайды. «Баста миға» талас қылған» зымиян да жымысқы ойына Абайды қару етпек. Неге? Абай мұрасына зер салған, қадіріне бойлаған ұрпақ осындай сансыз сауалдарға жауап іздеумен жанына азық, ойына маржан табады. Қайырылып сөзді ұққанның көкірегіне нұр құяды ол. Данасының бағасын таныған халық кемеңгерін айырықша әспеттейді, атын аялайды, тағы да үңіледі. Үңілген сайын тылсымына тартып, тұңғиықтана түседі, тереңдей береді. Қалың қатпарынан қатпар шығады, тағы да тың қазына табылады! Қазынасынан ой береке тауып, рухың бәһер алады», – деп данышпанның ұлылығын тамсанады белгілі қоғам қайраткері.
Ойға шомылып отырып Шыңғыс тауына жақындағанымды байқамаппыз. Бір уақытта Мұхаңның (Әуезов) «Абай жолындағы» ақынның үйіне қайтып келе жатқаны көз алдыма оралды. Қарқаралыдан қара жал, қара құйрық, сұлу құла «Аймандайға» мініп әжесі мен анасына жетуге асығып келе жатқан данышпандай асығып келеміз.
Жидебайға жақындаған сайын ақынның тыныс алған даласы ерекше әсер ете бастады ма, қолыма «Қара сөздерін» алып терең үңілдім. Ондағы ой Абайдың рухымен сырласпас бұрын, оның тұлғалық болмысы мен бітімін басқа қырынан танып, нені мұрат еткеніне тағы да көз жеткізе түсу.
Әйтеуір, Жидебайға жеттік-ау. Бірден Абай отырған үйге бас сұқтық. Онда ақын қолданған жәдігерлерді ұстап, бір марқайып қалдық. Бүгінде мұражай ретінде келушілерге қызмет етеді екен. Одан шығып ұзақтан аппақ болып менмұндалайтын Шәкәрім мен Абай жатқан зиратқа ат басын бұрып, рухына Құран бағыштадық.
...Бас ақынның басында біраз отырып: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», «Жақсы әйел – ері ұялар іс қылмайды», «Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады», «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады», «Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», – деп бізге қарата айтқан сөздерінің мәні жайлы ойландық.
Не деген ұлық десеңізші? Әлі күнге дейін маңызын жоймаған. Ұлт, мемлекет боламын дегенге айқын бағдар, анық бақыт.
Осы сапардан кейін Абайды қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушы бас ақыны ретінде ғана емес, кемеңгер философ, ұлт қайраткері ретінде танып қайттық.
Жидебайдағы толғаныс қызымның есімін «Зере» деп қоюға дем берді. Енді ұл болса Құнанбай болар. Одан Абайдай кемеңгер дүниеге келер деп үміттенеміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 971 0