Көпқырлы тұлға



Дана халқымыз «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деп бекер айтпаған. Уақыт өткен сайын тұлғалардың шынайы болмысы айқындалып, олардың ел алдындағы еңбегі бұрынғыдан да асқақтай беретіні бар. Сондай тағылымды ғұмыр иесінің бірі – Аманбай Өтебаев.
Бірден басын ашып алған жөн, ұстаздарға арналған естелік кітапта ақын, сазгер туралы неге жазылды деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Алайда оның өмір жолына үңілсеңіз, бір ғана мамандықтың шеңберіне сыймайтын кең тынысты тұлғаны көресіз. Ол – ұстаз да, мәдениет қайраткері де, сазгер де, ақын да, бапкер де болған жан-жақты азамат. Осындай сан қырлылық оның табиғатынан дарыған қабілет пен табанды еңбектің тоғысқан тұсынан бастау алады.
Адам көргенін айтады, білгенін жазады. Біз көрген Аманбай аға – көпшіл, қарапайым, кез келген адамға ілтипатпен қарайтын...
Төменарық клуб үйіне барған сайын біз оның кабинетіне соғып, сәлем беруді әдетке айналдырдық.
Сондай сәттерде ол:
– Кел, кел, бала! Қандай шаруамен жүрсің? – деп кең пейілмен қарсы алып, әңгімеге тартып отыратын.
Бала болсақ та, сөзімізді бөлмей тыңдап, бар ықыласымен ақыл-кеңесін беретін. Бүгін ойласам, ауылда алғаш көрген нағыз зиялы тұлғамыз осы Аманбай аға екен-ау!
Оның мәдени-ағартушылық еңбегі тек Төменарық ауылымен шектелмейді. Жаңақорған ауданының рухани өміріне де елеулі үлес қосты.
Еңбек жолын Сунақата ауылдық клубынан бастаған ол ауыл мәдениетін жандандыру ісіне белсене араласты. Кейін Төменарық ауылдық клубында қызмет етіп, 70 жылдардан бастап автоклуб меңгерушісі ретінде елді мекендерді аралап, мәдени шаралардың дамуына серпін берді. Бұл оның ұйымдастырушылық қабілетінің айқын көрінген кезеңі еді.
Бұл бағытқа бет бұруына ықпал еткен азаматтың бірі – Бексұлтан Байкенжеев. Оның қолдауымен ауылда өнер үйірмелері кеңейіп, кейін музыка мектебінің қалыптасуына жол ашылды. Бұл істің барлығында А.Өтебаевтың еңбегі айрықша еді.
Алайда оның болмысы тек мәдениет саласымен шектелмейді. Сонымен бірге орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, талай шәкірттің спортқа деген қызығушылығын оятты. Оның бапкерлік еңбегінің нәтижесінде спортта биік белеске жеткен шәкірттер де аз емес.
Әкем үнемі Аманбай ағаның алғашқы бапкері ретінде есіне алып, оның әдіс-тәсілді үйретуі мен спортшыларды жігерлендіре білетін қасиетін айтушы еді.
Расында, ол ауылда спорт мектебін ұйымдастырып, күрес өнерін дамытуға күш салды. Түрлі ұлт өкілдерінің балаларын ортақ мақсатқа ұйыстырып, бір арнаға тоғыстыруы – оның тек бапкер емес, нағыз тәрбиеші екенін дәлелдейді.
«Жаңақорған тынысы» газетінде қызмет еткен жылдары Адырбек Сопбеков, Айдархан Бибасаров сынды қарымды қаламгерлермен етене жақын араластық. Олар Төменарықтың өнер кеңістігіндегі Аманбайдың еңбегін жоғары бағалап, үнемі жылы лебізін білдіретін...
Замандастары оның өнері мен азаматтық болмысын қатар бағалайды. Журналист-жазушы Нұрмахан Елтай оны «бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған, сонымен бірге қарапайым, адал азамат» деп сипаттайды. Бұл баға оның шынайы болмысын дәл ашады.
Шынында, ол – қазақтың сал-серілік дәстүрін жалғаған, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың сирек кездесетін бір үлгісі. Оның өмірі – өнер мен еңбектің, рух пен парасаттың тұтас шежіресі.
Сазгер ретінде 70-жылдардың соңынан бастап шығармашылыққа ден қойды. «Ана жүрегі», «Мен өмірді сен деуші ем», «Гүлнар қыз» сынды әндері тыңдарман жүрегінен орын тапты. 80-жылдары «Түнді де біреу түн дейді» әні кең таралып, халықтың сүйікті туындысының біріне айналды.
Кейін «Анашым – арайым менің», «Сағынам», «Гүлсара» секілді әндері ұлттық музыка қорын байытты. Оның шығармашылығына тән ерекшелік – ән мәтіндерінің басым бөлігін өзі жазып, поэзияға ерекше мән беруі.
Ақындық қыры да өз алдына бір әлем еді. Айтыс додаларында талай мәрте сынға түсіп, Сыр бойының белгілі ақындарымен қатар танылды. Манап Көкенов сияқты тұлғалардың оның өнеріне құрметпен қарауы – үлкен баға.
Аманбай Өтебаевтың өмір жолына көз жүгіртсек, ауыл тіршілігінен бастау алған қарапайым тағдырдың үлкен рухани биікке көтерілгенін көреміз. Ол – білім мен мәдениетті, өнер мен спортты, тәрбие мен еңбекті бір арнаға тоғыстырған сирек тұлғаның бірі. Оның ғұмыры – елге қызмет етудің, табандылық пен таланттың үйлескен үлгісі.
Бүгінде оның ұлы Сағыныш ұлттық өнер әлемінде өзіндік салмағын қалыптастырып, беделі артып келеді. Бұл – Аманбай ағаның жаққан шырағының сөнбегенін, ұрпақ арқылы жалғасып жатқанын аңғартса керек-ті.
14 сәуір 2019 ж. 5 0