Берік ұстаным – мықты ұстын
Бірде ұстазымыз Алтынбай Мұстапаевтан мынадай сөз естіген едім: «Заман адам үшін не жасай алады? Ал адам заман үшін не жасай алады?» Бұл қарапайым сияқты көрінген сұрақ, шындығында, терең философиялық астарға толы еді. Ол бізге уақыт пен тұлғаның өзара байланысын ойлауға шақырды. Біріншіден, адам өмір сүріп жатқан заманның мүмкіндігін, тосын сынақтарын пайдалана білуі, өз әлеуетін іске асыра алуы маңызды. Екіншіден, адам өз әрекетімен, еңбегімен, ой-пікірімен заманға із қалдыра алады – оны рухани, мәдени немесе қоғамдық тұрғыдан байыта алады.

Ұстазымыз бұл ой арқылы бізге бір ғана білім бермей, өмірлік принцип, жауапкершілік сезімін де үйреткендей.
Бағалай білсек, өмірдің өзі де зымырап өте шығады. Ал адам жадында қалатыны – өмірлік өнеге, өшпес із, ұлағатты үлгі. Осы тұрғыдан алғанда, Алтынбай ағай бізге тек білім беріп қана қойған жоқ, тәлім-тәрбиесімен де өмірімізде өзіндік із қалдырды. Оның өнегелі болмысы туралы әлеуметтік желіде естелік жазба жазғаным бар-ды. Бес жыл бұрын жазған ойтолғауда:
«…Үшінші курс. Жаңа сабақ – биохимия басталған-ды. Профессор дәрісті бастады. Ара-тұра ортаға сұрақтар қояды.
«Ағай, мен айтайыншы!» – деп жауап беруге асықтық.
Профессор:
– Котелизатор дегеніміз не?
– Қышқыл мен темірдің айырмашылығы неде? – деген сұрақтар қоя бастады.
Осы секілді жеңіл-желпі сұраққа түнгі ұйқыдан оятса да жауап бере алатынбыз. Себебі, бізге химиядан берген Алтынбай Мұстапаев ағайдың талапшылдығының арқасында бәрі жадымызда жатталып қалған-ды.
Оқушы кезімізде «Ағай бізді неге қинай береді?» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мәнін түсінбеппіз.
Бірде профессор лекциясын тоқтатып:
– Реакцияның неше түрі бар? – деді.
Сұраққа жауап беріп, әрі есебін де шығардым.
Не керек, әлгі оқытушы «Бізге сабаққа келмей-ақ қойыңыз. Өзге пәннің мұғалімі үшін жеткілікті біліміңіз бар екен. Автомат қойдым! Ұстаздарыңа мың рақмет!» – деп сабақтың дәл ортасында жатақханаға қайтарды.
Сол күннен кейін Алтынбай ағайдың қадірін түсініп, құрметіміз арта түсті.
Бұл жерде біз мақтануды емес, ұстазымызды бағалауды мақсат еттік. Еңбек сол кісінікі, ал біз тек тапсырманы орындадық.
Расында, Алтынбай ағайдың сабақтары әрдайым ерекше қызық өтетін. Сабақтың ырғағы жылдам, назарды үздіксіз талап етеді. Сондықтан әрбір сабаққа ерекше дайындалып келетінбіз. «Төрт» деген баға алсақ, қуанышымыз шексіз еді.
Бір сабақта 24 оқушыға баға қоятын.
Ағай ешкімді бөліп-жармай, әділ бағалайтын. Егер оқушы екіге лайық болса – екіні, үш болса – үшті топырлатып қойып тастайтын. «Бес» алу тым сирек еді. Біз де бірнеше рет беске қол жеткізіп, қуаныштан басымыз көкке жетердей сезімде болдық.
Химия пәні бойынша бөлінген тақырыптар – қышқылдар, металдар және басқа элементтерді өткеннен кейін міндетті түрде реферат жазуды талап ететін. Әдетте, рефераттың тақырыбын өзі беретін. Тақырыппен бірге соған қажетті мәліметтерді де ұсынып, бағыт-бағдар көрсететін.
Алғашында бұл бізге қиын көрінгенімен, бірте-бірте энциклопедия секілді қосымша кітаптарды ақтарып, тапсырманы кеңейтіп жазуды үйрендік. Негізі, реферат – көбінесе жоғары оқу орындарының тапсырмасы ғой. Ал біз оны мектеп қабырғасында жүріп-ақ меңгеріп алдық. Сондықтан институтқа түскен кезде ондай жұмыстар бізге аса қиындық тудырмады.
Жоғары оқу орны демекші, Алтынбай ағай өзін нағыз лектор секілді ұстайтын. Ал лекторлық – үлкен білім мен тәжірибені қажет ететін қасиет. Оның сабағы жай ғана түсіндіру емес, нағыз дәріс тәрізді өтетін. Зейін қойып тыңдаған оқушы үшін ол жай білім ғана емес, ойлануға, ізденуге, білімді терең түсініп, оны өмірде қолдана білуге үйрететін құнды сабақ болатын.
Жан-Жак Руссоның: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Шынында, ұстаздың ең қымбат байлығы – уақыты. Алтынбай ағай сол уақытын аямай, біз білсін, оқысын, өмірден өз орнын тапсын деп сабақтан тыс тапсырмалар беретін.
Біз үшін ең қиын сәт – ағайымыз күн сайын сабақтан кейін шақырып, кезекке қойып, әрқайсымыздан күнде емтихан алуы еді. «Неге?» деген үш сұрағына дұрыс жауап берсек қуанатынбыз.
Сөйтіп, Алтынбай ағайдың сабақтары бізге тек химияны ғана емес, тәртіпті, талапты, ізденісті, білімге деген сүйіспеншілікті үйретті.
Сол сабақтар – өмірлік сабақ болды. Мектептен алған біліміміз бізді өзгелерден ерекшеленуге, өз жолымызды табуға септігін тигізді.
Міне, ұстаздың тағылымы деген – осы!




