Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Үміт шырақшысы


Бүгінде кәнігі журналист атансам да артыма көз салып, өткенге жиі саяхаттаймын. Әсіресе, сөз өнеріне ықыласымды аударып, сүйіспеншілігімді оята білген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тәлім берген аяулы ұстазым – Бағлан Әбдіманапқызының орны бөлек.


Ол кезде біз үшін бәрі тосын, бәрі жаңалық. Бала көңіл үлкен өмірдің есігін ашқандай толқып жүргенде, сынып жетекшіміз бізге ұстаз ғана емес, сырлас дос болып кездесті. Сол кездегі ұстаз бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Нәзік жүріс-тұрысы, көркем сөйлеу мәнері, ұстамды мінезі, ерекше сұлулығы… Сол сәттен бастап біз ұстазға қарап бой түзедік, сөзінен үлгі алдық, жүрегінен мейірім іздедік.
Кім білсін, бәлкім Бағлан апайға да ұстаздық жолы оңай басталмаған шығар. Өйткені, жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас маманға бірден сынып сеніп тапсырылды. Жаңа орта, жаңа ұжым, сан түрлі мінезі бар оқушылар, бәріне төтеп беру үшін тек білім емес, үлкен жүрек қажет болатын. Сол жүректің иесі – біздің ұстазымыз еді.
Ол әдебиет сабағында Абайдың қара сөздерінен үзінді оқып, «Адам болам десеңіз» деп басталатын ғақлиясын мәнермен жеткізіп, ойымызға ой қосатын. Ал қазақ тіліндегі күрделі ережелерді санамызға мысалдармен құятын. Сабақта қатаң талап қойғанымен жылы жүзінен шуақ кеткен емес.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген еді. ұстаз жүрегінің соғысын біз күнде сезетінбіз. Оқушы жүрегі өте нәзік қой. Мұғалімнің бойынан білімді, мәдениетті, сыпайылықты, талғамды үйрендік. Бағлан апайдың киім киісі, сөйлеген сөзі, тіпті әрбір қимылы біз үшін үлгі болды. Келешек арманымызды ұстаздың болмысы мен жанарынан көргендей болатын едік.
Қазір ойланып отырсам, журналистикаға деген қызығу­шылықтың бастауында да осы ұстазымның әсері жатқандай. Өйткені әдебиетке деген сүйіспеншілікті оятқан, сөздің құдіретін ұқтырған Бағлан апайым еді. Егер мен қолыма қалам алып, түрлі тақырыпта тербесем, оның ұшқыны сол бір жастық жалынға толы ұстаздың сыныбында тұтанғаны анық.
Одан бері нешеме уақыт зымырап, талай жылды артқа тастап, біз де есейдік. Әрқайсымыз өз жолымызды таптық. Бірақ ұстазымыз әлі де сол ағарту саласында, бізге дәріс берген М.Қаратаев атындағы №51 орта мектепте еңбек етіп жүр. Қанша жыл өтсе де, бойындағы жастық жігерін жоғалтпай, оқушының жүрегіне жол таба білген ұстазымыз тәжірибелі мұғалімге, ұжымына сыйлы маманға айналды.
Бағлан апайдың осындай тәлімі оның қаншама шәкіртінің жүрегінде жылы естелік болып сақталып тұр. Олардың ішінде бірі дәрігер, бірі инженер, енді бірі мұғалім. Мен сияқты қалам ұстап жүргендердің шабытында апайдың үкілеген үміті жатыр. Ұлы Абайдың кемел адамға тән көрген «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деген анықтамасы бар. Осы үш қасиетті мен ұстазымның бойынан анық көрдім.
Расымен, мұғалімнің өмірі – нағыз мектеп. Ол тек тақтаға жазылған әріп пен ілімді үйретпейді, ол адам болуды үйретеді. Кейде қаталдық танытып, кейде мейірімге бөлеуінің бәрі де шәкірттің болашағын ойлаудан туады.
Бүгінде Бағлан Жолдасбекова шәкірттерінің сүйікті ұстазы, ұжымында тәжірибелі де беделді ұстаз. Бірақ біздің жүрегімізде ол – жастықтың символы, мейірімнің шамшырағы. Ұстаздың қадірін кейде уақыт өткен соң ғана терең түсінесің. Бүгін журналист атанып сөз ұстасам да, ойымды бейнелесем де, оның іргетасы сол бір қарапайым мектеп партасында қаланған. Сондықтан біз болашаққа жол сілтеген мейірбан ұстаздың шәкірті болғанымызды әрқашан мақтан тұтамыз. Өйткені өмірдің қай саласында жүрсек те, бізді алға жетелеген, армандарға қанат бітірген жан – ұлағатты ұстаз. Ол – ең ұлы адам.

Айсұлу Алданазар
26 қазан 2025 ж. 207 0