№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Бітім-болмысының өзі – ұлағат

Бітім-болмысының өзі – ұлағат


Мектеп – білімнің ғана емес, тәрбие мен адамгершілік бастауы. Ал сол мектептің жүрегі – ұстаз. Ұстаз деген сөздің артында шексіз еңбек, қажыр-қайрат, үлкен жүрек және өмірін балалардың болашағына арнаған ерекше жанкештілік тұрады. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп өсірген, өмірінің 38 жылын ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған аяулы әріптесім – Жұманова Күланда Аббасқызы туралы қалам тербеуді жөн көрдім.


Күланда Аббасқызы – Түгіскен ауылындағы №256 орта мектептің физика және математика пәнінің мұғалімі. Қарапайым ауыл мектебінде білімнің шырағын жағып, ғылымға құштар, ойы ұшқыр, санасы сергек оқушыларды тәрбиелеуге аянбай еңбек еткен жан. Оның ұстаздық жолы – тек сабақ беру емес, шәкірт жүрегіне шырақ жағып, олардың болашағына бағыт-бағдар сілтеу жолы болды. Білім жолындағы 38 жыл – бұл жай ғана сан емес. Бұл – қаншама күндер мен түндерге созылған дайындық, жүздеген дәптерге жазылған пікірлер мен түзетулер, мыңдаған сұрақтарға жауап бе­рілген сәттер. Бұл – сансыз сынып сағаттары, ата-анамен кездесулер, ашық сабақтар, олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарына дайындық. Күләнда апай барлығына үлгеріп, әрбір істі шын ықыласпен, жауапкершілікпен атқарып келді.
Мен Күләнда апаймен талай жыл бір ұжымда қызмет еттім. Ол кісінің сабақ өткізу әдісі, оқушымен тіл табысуы, әріптестерге деген сыйластығы – өз алдына бір мектеп. Әр сабағына тиянақты дайындалып, физиканың күрделі формулаларын, математиканың қатпарлы есептерін балаға түсінікті тілмен жеткізе білетін ерекше шеберлігі бар. Оның арқасында талай шәкірті облыстық, республика­лық деңгейдегі пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болды. Қаншама түлек – бүгінгі күні инженер, мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер ретінде ел игілігіне еңбек етіп жүр. Олар кімнен білім алғанын, кім бағыт бергенін мақтанышпен еске алады.
Күләнда апайдың тағы бір ерекше қасиеті – шәкіртке деген шексіз махаббаты мен мейірімі. Мұғалім мен оқушы арасындағы нәзік байланысты сақтай отырып, әр баланың жүрегіне жол таба біледі. Бұл – кез келген ұстаздың бойынан табыла бермейтін қасиет. Ұстаздық еткен жылдары ішінде ол тек пән мұғалімі ғана емес, сонымен қатар сынып жетекшісі ретінде де көптеген жасөспірімнің азамат болып қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Әрбір ата-ана Күланда апайдың сыныбында баласы оқитынына шүкірлік ететін. Себебі олар баласының нағыз тәрбие мен тәртіп мектебінен өтетінін білетін.
Әріптестік қарым-қатынаста да Күләнда Аббасқызы – үлгі болатын жан. Әріптестерінің қуанышын да, қиындығын да бөлісе алатын, ақылымен дем беріп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын ұлағатты ұстаз. Жас мамандардың қанатын қатайтуға барынша көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Оның айтқан ақылы – үнемі орнықты, байыпты, көңілге қонымды.
Қазіргі таңда білім саласы үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Жаңа бағдарламалар, за­манауи технологиялар, цифрлық жүйе... Осындай үдерістердің ортасында жүріп-ақ Күләнда апай заман талабына сай болуға тырысты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол жаңа әдістемелерді меңгеріп, өз ісіне шығармашылықпен қарап отырды. Бұл – оның кәсіби шеберлігінің тағы бір дәлелі. Мұғалімнің басты марапаты – шәкіртінің жетістігінен көрініс табады. Бұл тұрғыдан алғанда, Күләнда апай нағыз бақытты жан. Өйткені оның алдында отырған әр­бір оқушы – өзіне сенімді, білімді, тәрбиелі азамат ретінде қалыптасып шығады. Бұл – оның қажырлы еңбегінің жемісі.
Ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, бұл – өмір салты. Бұл жолда адаспай, өз ісіне деген адалдықты жоғалтпай, жылдар бойы қажымай еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жұманова Күланда Аббасқызы сол сирек жандардың бірі. Оның өнегелі өмір жолы бізге тек кәсіптік бағыт қана емес, адамгершілік, жауапкершілік, табандылық секілді құндылықтардың да қадірін ұғындырады.
Бүгінгі таңда қоғам ұстаздан тек білім беруді ғана емес, рухани бағдаршам болуды да талап етеді. Күләнда апай – осы екі міндетті де абыроймен қатар алып жүрген нағыз қайраткер ұстаз. Ол – заманның талабына сай икемделе алатын, шәкірттің жан-дүниесін түсіне білетін, әріптесінің қадірін бағалай алатын тұлға. Оның бойындағы ұстазға тән парасаттылық, ұстамдылық, ұқыптылық – жас ұрпаққа білім үйретіп қана қоймай, оларға өмірлік ұстаным дарытқан үлкен мектеп болды. Осы бір өнегелі жол – бізге де, келер буынға да аманат. Сөзбен емес, іспен дәлелденген ұстаздық ғұмыры – нағыз миссияның, нағыз адалдықтың бейнесі.
Ұстаз жолы – қиын, бірақ қадірлі. Сол қадір­лі жолда ешқашан жолынан таймай, білімнің шамшырағын сөндірмей келе жатқан Күланда Аббасқызы сынды ұстаздар – еліміздің рухани тірегі. Ол кісінің еңбегі, адами болмысы, кәсіби біліктілігі – келер ұрпаққа үлгі.

Айгүл Сыздықова

20 мамыр 2025 ж. 155 0