№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу – парыз!

Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу – парыз!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық таным-түсінікті тереңінен қозғап, мыңжылдық шежіремізді жадымызға салып, жаңғырту жолын көрсетіп берді. Осы тұста, ұмытылған тұлғалардың жаңа дерегін жариялап, өскелең ұрпақты түпкі боямасыз, тарихпен сусындату мақсатында ұстаздық түйген пайым-пікірімді айтуды жөн көрдім.
«Біз біріншіден, атақты тарихи тұлға­ларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» – деп айтылған азат жол саналы тұлғаға біраз құндылықты меңзеп көрсеткендей. Сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерді» ту етіп, кіндік қаны тамған жерді мақтан етуді айтты. Адам кіндік қаны тамған жерден күш алып қалыптасады. Ендеше өзінің жаралған топырағына нәр беруге әркім үлес қосқаны абзал. Сонда ел даму жолынан жаңылмайды. Екінші жағынан, қазақтың ертеден келе жатқан қайырымдылық қасиеті, туған жерге деген сарқылмас сезімі одан әрі жаңғыра түседі.
Тарих – көненің көмбесі. Өткен мен бүгіннің өшпес ізі. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Алайда, осынау тарихтың парақтарында елге елеулі еңбек етіп, туған топырақтың дамуы үшін тер төккен тау тұлғалы таланттар жетерлік. Қазақ елінің қай өңірінің болсын, өзіне тән тарихы, өзгешелігі, еңбегі ерен, ардақ тұтар арда азаматтары бар. Дегенмен дүние дидары жылжып, замана көші ілесіп, ұрпақтар сабақтастығы ауысқан сәтте сол жалған дүниеден өтіп кеткен еңбегі ерен, мәдени мұрасы мол тұлғаларымыз да олардың артында қалдырған еңбегі мен шығармашылығы да ұмыт болып бара жатыр. Бәлкім, күннен-күнге жаңаша жаңарып, технологиялар қарыштап, адамның қызығушылығы артып, дамудың даңғыл жолына түссе де, есімі мәңгі ел есінде қалатын атақты тұлғаларымызды өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды құрмет тұтуды жастардың санасына сіңдіріп тәрбиелеу – біздің, ұстаздар қауымының, басты парызы. Сонда ғана елім, жерім дейтін ұлтжанды нағыз патриот азаматтардың қалыптасары сөзсіз.
Жаңақорған топырағынан ұлтқа қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері нәр алғаны белгілі. Әрісін айтпағанның өзінде айтыскер ақын Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Мариям Райшова, Әмір Мәжитов, Қуат Алдабеков, Мүлкәман Қалауов, Бексұлтан Байкенжеев, Нағызхан Жаманбаев, Әбдіқадыр Әбдіқалықов, Әбілтай Сүлейменов, Адырбек Сопбеков, Айдархан Бибасаров, Нұрберген Тастаев және т.б. ұрпағына қалдырған ұлағаты көп.
Алайда осынау тұлғаларды танымастан, өзге қалаларға оқуға аттанып кететін де мектеп түлектері де баршылық. Жаңа заманның жаңашыл педагогы ретінде әрбір білім ордасында «Туған жерді тану» факультатив сабақтары өтуі тиіс деп ойлаймын. Әрбір білім ошағы өздігінен баланы дамыту үшін түрлі бағытта жұмыс жасауы тиіс. Оның ішінде, патриоттық тәрбиенің, отаншылдық рухтың, білімнің өскелең ұрпақты дамытудағы үлесі орасан.
Бір сөзбен айтқанда, туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу – парыз. Қасиетін ұғу – парыз, күзетінде тұру – парыз. Мен де осынау сәулелі сөзге ерекше серпіліс беріп, өзіндік үн қосып келемін. Өзім ұстаздық қызмет ететін Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Өзін-өзі тану» факулаьтатив сабақтарын «Туған жерді тануға» арнап, оның ішінде, туған топырақтан шыққан заңғар тұлғалы еңбегі ерен руханияты құнды зиялыларымыздың мәдени мұрасымен шәкірттерді сусындатуға барынша ден қоюдамын. Соның нәтижесінде, колледж шәкірттерінің жерлес ақын-жазушыларға, сазгерлерге, олардың шығармашылығына деген көзқарасы ерекше.
ХХІ ғасыр – білім мен біліктілікті, толиранттылық пен талапшылдықты, үштілділік пен технологияны меңгерген шәкірттің заманы. Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фараби айтқандай, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Өмірлік кәсібімнің бағдары еткен осынау салиқалы сөздер педагогтық қызметіме жарқын жол сілтеп келеді. Сапалы біліммен қатар саналы тәрбиені жастардың бойына сіңіру керек. Бұл – менің ғана емес, жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылған Жаңақорған аграрлы-техникалық колледж ұжымының да басты бағдарының бірі болып отыр.

Гүлжауһар АХМЕТОВА,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы
30 маусым 2020 ж. 1 462 0