Бірлескен шараның маңызы
Кіндік қаны тамған жерді кез-келген адам құрмет тұтады, туған жердің қасиетімен мақтанады. Аудандық кітапхана мен аудандық балалармен мәдени-тәрбие жұмыстар орталығы бірлесе өткізген шарада туған жердің қадір-қасиетін танудың маңызы түсіндірілді.
Шараны ашқан аудандық кітапхананың абонемент бөлімінің меңгерушісі Маржан Әлжанова туған жерді құрметтеу арқылы биік белестерге жетуге болатынын айтты. Ал аудандық балалармен мәдени-тәрбие жұмыстар орталығы туристік өлкетану үйірмесінің жетекшісі Зухра Әлімбекова өлкенің тарихи һәм мәдени орындарын танып, өз-өзінді танудың маңызын сөз етті. Шараға келген оқушылар туған жерге деген ыстық сезімін жырларымен, әнмен жалғады. Қатысушы жастардың сөзінен адам асыл қасиеттерін туған жердің топырағынан алатынын ұққандай болдық.
Әдеби кештің арнайы қонағы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Файзулла Сахиев туған жердің қасиет-қадірін біліп, Отанға адал қызмет жасаудың парқын түсіндірді. Орталықтың бұқаралық бөлім меңгерушісі Тоқболат Жолдыбаев сөз алып, туған жерді тану – тектіліктен екенін айтты.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, күретамыры. Сондықтан кез-келген қазақ баласы ауылын құрмет тұтады, жыраққа кетсе сағынады. Ауылға деген құрметті жастар өлеңмен жеткізді. Шараны кітапханашы Мейрамкүл Жиенбаева «Атамекен – алтын бесік» атты кітап көрмесімен қорытындылады.
Көрмеде жергілікті ақын-жазушылардың туған өлкенің тарихы жайлы жазылған кітаптары, ауданнан шыққан қоғам қайраткерлерін таныстырды. Адырбек Сопыбеков, Дүкенбай Досжан, Бақтыбай Анарбеков, Сара Құсайынова т.б. ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы сөз болып, Жаңақорған шипажайы мен Шалқия кен орнының тарихы таныстырылды.
Кеш соңынан өнер көрсеткен белсенді қатысушылар аудандық балалармен мәдени-тәрбие жұмыстар орталығының директоры Әлімжан Ержановтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Майра ӘБДУӘЛІ