БОЗКІЛЕМ ТӨРІНДЕГІ БӘСЕКЕ
Туған жерге, егеменді елге деген сүйіспеншіліктің барлығы кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Содан болса керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасы бұл бағыттағы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналауы тиіс деген болатын. Осы тұста, ақүйіктік ағайын ауылдың ғана емес, ел мақтанашына айналған балуан Жасұлан Мұхтарбекұлының спорт жолындағы жетістіктерін дәріптеп, төрге оздырды.
Яғни, Бірлік ауылында еркін күрестен ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Бейжің олимпиадасының қатысушысы Жасұлан Мұхтарбекұлының жүлдесіне арналған еркін күрестен 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық біріншілік өткізді. Дүбірлі доданың басы-қасында болып, ұйымдастыруға белсенді атсалысқан спортшының алғашқы жаттықтырушысы, аудандық білім бөлімінің сала әдіскері Қайрат Оралбеков бұл турнир дәстүрлі біріншілікке айналатынын жеткізді. Спорттық шараның шымылдығын түрген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әріпбек Асанов турнирге сәттілік тіледі. Облыстық біріншілікке Қызылорда, Тасбөгет, Шиелі, Жаңақорған, Түгіскен, Шымкент қаласынан жас балуандар қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медаль мен дипломға ие болды. Өз кезегінде сала әдіскері Қайрат Оралбеков «Спорт жұлдыздары» журналы редакциясы шешімімен «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалін Махмут Рахымжанов пен танымал балуан әкесі Мұхтар Адырбекұлына және «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін Жасұлан Мұхтарбекұлына табыстады.